61-4-бап. Бас банк пен еншілес банк арасында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
Ескерту. 61-4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Еншілес банктен бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде бір мезгілде беру және бас банктен еншілес банкке күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде бір мезгілде беру жөніндегі операция бір шарттың шеңберінде уәкілетті органмен келісу бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың мақсаттары үшін еншілес банк деп осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген, бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде беретін және бас банктен күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде қабылдайтын еншілес банк түсініледі.
3. Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бас немесе еншілес банктің жеке және заңды тұлғалармен жасасқан шарттарына жаңа кредиторды, кепіл ұстаушыны көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің және өзге де тұлғалардың басқаға беруге келісімі талап етілмейді. Бұл ретте, жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін елеулі маңызы жоқ деп танылады.
4. Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (тапсыру актісі қоса беріле отырып) сатып алушы банк берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен, бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредитор туралы мәліметтерді құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне енгізу мақсатында уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) береді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке иелік етуге қатысты өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
5. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасалған күннен бастап осы Заңның 30-бабында көзделген банк операциялары мен өзге де операциялар және қызмет түрлері бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және онда құқықтары (талаптары) берілген банктің барлық құқықтары мен міндеттері болады.
6. Акциялар немесе заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері түрінде еншілес банктің активтерін бас банкке беру, осы баптың 1-тармағында көрсетілген келісімнен басқа, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, уәкілетті органнның қосымша рұқсаттарын, келісімдерін немесе хабарламаларын бас банктің алуын талап етпейді.
7. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операция жүзеге асырылғаннан кейін банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензия еншілес банктің уәкілетті органға лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ерікті түрдегі өтінішіне байланысты өз қолданысын тоқтатады.
8. Банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға:
өз атауында "банк" деген сөзді сақтап қалуға құқылы;
осы бапта көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілген, бас банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асыруға құқылы;
өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша кредитордың (банктің, қарыз берушінің) құқықтары мен міндеттерін сақтап қалады;
жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды және осы баптың 9-тармағында көзделген тәртіппен банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы.
9. Лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейінгі өтпелі кезеңде бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға уәкілетті органның лицензиясынсыз банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:
1) бас банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруына, оның ішінде депозиторлардың бас банкке берілген банк шоттары бойынша еншілес банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып жүзеге асыруына байланысты аударым операциялары;
2) бас банктің корреспонденттік шотын ашу және жүргізу;
3) депозиттерді қабылдау, ұлттық басқарушы холдингтің, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банк шоттарын ашу және жүргізу;
4) осы баптың 8-тармағына сәйкес банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзіне берілген және өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша қарыз операциялары.
10. Осы баптың 1, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері осы бапта көзделген операцияны бұрын жүзеге асырған еншілес банктен активтерді және міндеттемелерді бір мезгілде бас банкке беру жөніндегі операцияларға қолданылады.
Ескерту. 7-1-тарау 61-4-баппен толықтырылды - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-61-4/