Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

61-8-бап. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444

1. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу деп осы бапта көзделген және банктің қаржылық жағдайын сауықтыруға және (немесе) қызметін тоқтатуға бағытталған шараларды қабылдау түсініледі. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша осы бапта көзделген бір немесе бірнеше шараны қолданады.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар:
1) банк операцияларын жүзеге асырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету;
2) қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерінің туындауын және таралуын болғызбау;
3) мемлекеттік бюджеттің төлемге қабілетсіз банкті реттеуге арналған шығыстарын барынша азайту;
4) депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
3. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген кезектілігіне сәйкес төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларының құқықтарын және мүдделерін сақтау;
2) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген бір кезегінде тұрған депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін тең сақтау;
3) төлемге қабілетсіз банкті мәжбүрлеп тарату кезіндегі жағдайлармен салыстырғанда оған төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдануға байланысты төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторлары жағдайының нашарлауына жол бермеу;
4) осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шығыны ең аз шараны таңдау.
4. Уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған жағдайда, төлемге қабілетсіз банкке мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін қолданады:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
2) төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығын немесе бір бөлігін басқа банкке (басқа банктерге) беру;
3) тұрақтандыру банкін құру және төлемге қабілетсіз банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін осы тұрақтандыру банкіне беру;
4) төлемге қабілетсіз банкті кейіннен мәжбүрлеп тарата отырып, барлық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айыру. Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызылған жағдайда уәкілетті орган кейіннен төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтата отырып, оны барлық банк операцияларын және өзге операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырады.
5. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесі үшін жүйелік тәуекелдер әкелетін банк төлемге қабілетсіз банк болып табылған;
2) төлемге қабілетсіз банкке мемлекеттік қолдау ұсыну осы баптың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды тиімді қолдануға мүмкіндік берген жағдайда жүзеге асырылады.
6. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) төлемге қабілетсіз банктің меншікті капиталы;
2) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау арқылы төлемге қабілетсіз банктің төлемге қабілетсіз банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып табылатын кредиторлар алдындағы міндеттемелері есебінен залалдар жабылғаннан кейін жүзеге асырылады.
6-1. Мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне әкелетін төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ осындай банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы туралы мәселелерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің қарауына алдын ала шығарады.
7. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолданудың алдында банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа да ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайы бағалануға (талдануға) тиіс.
8. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың келісімін алмастан, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қабылдайды. Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларын, борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады, сондай-ақ оны уәкілетті орган және төлемге қабілетсіз банк өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды. Ескерту. 61-8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.