Облыстағы бастауыш кәсіптік білім беру жайы мен оқу орындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы
Облыстағы бастауыш кәсіптік білім беру мекемелері “Қазақстан Республикасында бастауыш және кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту шаралары туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 мамырдағы № 721 қаулысының талаптарына сай жұмыстар атқаруда.
Дегенмен де облыс көлеміндегі бастауыш кәсіптік білім беру мекемелерінің жағдайын тексеру барысында комиссия көптеген кемшіліктер мен олқылықтарды анықтады. Көптеген кәсіптік мектептерде кейбір мамандықтар бойынша мемлекеттік стандарттар жоқ. Мысалы, Шиелі ауданындағы № 11 кәсіптік мектепте 3 мамандық бойынша мемлекеттік стандарттар алынбаған. Бұндай кемшіліктер Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы № 6 кәсіптік мектептерде де орын алып отыр.
Кәсіптік мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету өз деңгейінде ұйымдастырылмауда. Күнделікті оқушыға жұмсалатын қаржы 25 теңге мен 39 теңге аралығынан аспайды. Облыс көлеміндегі кәсіптік мектептерде оқулықпен қамту 18-20 пайызды ғана құрайды.
Облыстағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында студенттер мен оқушылардың құқық бұзушылығын болдырмау жұмыстары жеткіліксіз. Ішкі істер органдарымен бірлесе атқарылатын қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды болдырмау жұмыстары өз деңгейінде емес. 2002 жьлдың 9 айы бойынша оқу орындарының мұғалімдері мен студенттері тарапынан 19 қылмыс пен құқық бұзушылықтар тіркелген.
Жастар арасында өз-өзіне қол салу арқылы өмірін қию фактілері (суицид) көбейіп, басым бөлігі Қызылорда қаласы мен Арал ауданында байқалып отыр. Егер 2001 жылы 106 өз өмірін қию фактілері болса, ал 2002 жылдың 9 айында 124 жағдай тіркеліп отыр.
А.С. Макаренко атындағы балалар үйіндегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда біршама кемшіліктер орын алған. Оқушылардың сабақтан кейінгі тәрбие жұмыстары жоспарланбайды. Тәрбиеленушілердің арасында сабақтан бос уақыттарында көше кезіп кету, бейберекет жүру фактілері орын алған. 2002 жыл басынан балалар мектеп-интернатының тәрбиеленушілерінің қатысуымен 23 құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде - 17 қаңғыбастық.
Бастауыш кәсіптік білім беру мекемелері мен оқу орындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жетілдіру мақсатында облыс әкімияты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Облыстағы бастауыш кәсіптік білім беру жайы мен оқу орындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы от 24.12.2002 г. № 380 (Облыстағы бастауыш кәсіптік білім беру жайы мен оқу орындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы)
1. Облыстық білім басқармасының (М.Өтемұратов) облыс көлеміндегі бастауыш кәсіптік білім беру мекемелерін жетілдірудегі атқарып жатқан жұмыстары жеткіліксіз деп есептелсін.
2. Аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдері, облыстық білім беру басқармасы:
1) 2003-2004 оқу жылынан бастап бастауыш кәсіптік білім беру мекемелерінде ауылдық жерлерге қажетті жас мамандар даярлауда, оларды өндірістік машықтандыру мен орналастырудың жауапкершілігін арттыруға бірлесе шаралар белгілесін.
2) әкімият мәжілістерінде кәсіптік мектептер мен жалпы білім беретін мектептерді жетілдіру мен олардың материалдық- техникалық базаларын нығайту барысын жүйелі түрде талқылап отырсын.
3. Облыстық білім басқармасы (М.Өтемұратов), облыстық экономика басқармасы (Б.Шәменова), облыстық еңбек, халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік корғау басқармасы (М.Мәселеева) бастауыш кәсіптік мектептердің қазіргі нарық талабына сай қажетті мамандық түрлеріне даярлау бағытындағы аймақтық бағдарламасын жасап, 3 ай мерзімде облыс әкімиятына ұсынсын.
4. Облыстық білім басқармасы облыстық ішкі істер басқармасымен (Ғ.Досқалиев) бірлесе отырып балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстардың пәрменділігін көтеру тапсырылсын.
5. Қоркыт Ата атындағы университет (Қ.Бисенов), агро- техникалық (Н.Құдайбергенов), гуманитарлық (Ә.Әбдіқалықова), медициналық (Р.Көзденова) колледждерде мұғалімдер мен оқушылар арасындағы орын алған құқық бұзушылықтар мен іс-әрекеттердің алдын алу бағытында, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы тәрбиелік жұмыстарды күшейту тапсырылсын.
6. Облыстық білім басқармасына (М.Өтемұратов) мектептерде оқушылардың творчестволық және рухани дамуына толық мүмкіншіліктерді жасау, балалар мен жасөспірімдердің келеңсіздік көріністеріне жол берілмеуіне шаралар көріп, осы мақсатқа 2003- 2004 оқу жылынан бастап тәжірибелі педагог-психолог мамандарын тарту тапсырылсын.
7. Облыс әкімі аппараты (Ғ.Жарқынбаев) облыстық білім басқармасымен бірлескен арнаулы комиссия құрып, бастауыш кәсіптік мектептердің аттестациядан өткізілуіне бақылауды жүзеге асырсын.
8. Облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институты (И.Л.Ким) бастауыш кәсіптік мектеппен жалпы білім беретін мектеп директорларының жалпыға бірдей құқықтану бағдарламасы бойынша оқу курстарын ұйымдастырсын.
9. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау облыс әкімінің орынбасары Н.Ерімбетовке жүктелсін.