Об утверждении Правил хранения изъятой продукции
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- Об утверждении Правил хранения изъятой продукции
- Атауы (қаз.)
- Алып қойылған өнімді сақтау қағидаларын бекіту туралы
- Акт түрі
- Бұйрық
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- new
- Нөмірі
- 349-НҚ
- Қабылданған күні
- 21.05.2021
- Көрсетілген редакция
- 21.05.2021 156165_527213.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 21.05.2021
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- V2100022835
- ЭКБ идентификаторы
- 156165
- Редакция идентификаторы
- 156165_527213
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 01.08.2026 08:04
0 Алып қойылған өнімді сақтау қағидаларын бекіту туралы
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1 1. Қоса беріліп отырған Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары бекітілсін.
2 2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4 4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
0 Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары
Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрінің
2021 жылғы 21 мамырдағы
№ 349-НҚ бұйрығымен
бекітілген
Алып қойылған өнімді сақтау
қағидалары
1 1-тарау. Жалпы ережелер
1 1. Осы Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және алып қойылған өнімді сақтау тәртібін айқындайды.
2
2. Осы Қағидалар әлеуметтік қауіпті салдардың басталуының алдын алу мақсатында техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу барысында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні зертханалық сынақтардың нәтижелерімен дәлелденген алып қойылған өнімге қолданылады.
3 3. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі шығарған өнімді алып қою туралы қаулы алып қойылған өнімді сақтауға орналастыруға негіз болып табылады.
2 2-тарау. Алып қойылған өнімді сақтау тәртібі
4 4. Алып қойылған өнім Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қадағалау субъектісімен жасалған сақтау шарты негізінде қадағалау субъектісінде немесе үшінші тұлғада (бұдан әрі – үшінші тұлға) сақтауға орналастырылады.
5 5. Алып қойылған өнім қаулы күшіне енген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сақтауға орналастырылады.
6
6. Қадағалау субъектісі алып қойылған өнімге қол жеткізуді болдырмайтын жағдайларды қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамының қатысуымен алып қойылған өнімді немесе алып қойылған өнім сақталатын үй-жайды (үй-жайды) пломбалауды, не желімдеуді, не оларға ескерту жазуларымен мөр басуды қамтамасыз етеді.
Пломбалау, желімдеу, мөр басу алып қойылған өнімнің атауы, саны (бірлік (дана), салмағы (килограмм), көлемі (куб) немесе басқа өлшемдер), құны, партия нөмірі, дайындалған күні, сақтау орны, сақтауға жауапты адамды көрсете отырып, еркін нысандағы актімен ресімделеді. Акт қазақ және орыс тілдерінде түпнұсқа екі данада жасалады, оған техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы және қадағалау субъектісі қол қояды. Бір дана қадағалау субъектісінде, екіншісі - техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамында сақталады.
Егер алып қойылған өнімді сақтауды үшінші тұлға жүзеге асырса, акт үш данада жасалады, оған техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы, қадағалау субъектісі, үшінші тұлға қол қояды. Бір дана қадағалау субъектісінде, екіншісі - техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамында, үшіншісі – үшінші тұлғада сақталады.
7
7. Алып қойылған өнімді сақтауды жүзеге асыратын қадағалау субъектісі немесе үшінші тұлға алып қойылған өнімді алып қойылған өнімге арналған стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына және өнімге арналған таңбалауда немесе тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген сақтау шарттарына сәйкес сақтауды қамтамасыз етеді.
8 8. Алып қойылған өнімді сақтау үшін осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке үй-жай (бөлме, қойма, аумақ), аймақ немесе учаске қарастырылады.
Егер алып қойылған өнім бір үй-жайда өзге өніммен бірге сақталса, онда қадағалау субъектісі немесе үшінші тұлға алып қойылған өнімнің өзге өніммен жанасуын болдырмайтын аймақта сақталуын қамтамасыз етеді.