Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

19-бап. Банк қызметін лицензиялау

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Банк лицензиясын уәкілетті орган береді. Банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына банк лицензиясын беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Уәкілетті орган мыналарды: банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсатты; микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсатты берген күннен бастап бір жыл ішінде, бірақ көрсетілген рұқсатта белгіленген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтініш беруші банк лицензиясын алуға арналған өтінішті уәкілетті органға беруге міндетті.
3. Әмбебап банк лицензиясын немесе базалық банк лицензиясын алуға алғаш рет өтініш бергенге дейін өтініш беруші банк қызметін жүзеге асыруды жоспарлы бастауға байланысты барлық ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды, оның ішінде мыналарды орындауға:
1) уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сай келетін үй-жайды, жабдықты және бухгалтерлік есепке алу мен бас бухгалтерлік кітапты жүргізуді автоматтандыру бойынша бағдарламалық қамтылымды дайындауға;
2) банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды бекітуге;
3) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, өтініш берушінің таяу үш жылға арналған даму стратегиясын бекітуге;
4) банк қызметін жүзеге асыруға байланысты, оның ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру үшін қажетті өзге де ішкі құжаттарды бекітуге міндетті.
4. Исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алуға алғаш рет өтініш бергенге дейін өтініш беруші исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жоспарлы басталуына байланысты барлық ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды, оның ішінде мыналарды орындауға:
1) уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сай келетін үй-жайды, жабдықты және бухгалтерлік есепке алу мен бас бухгалтерлік кітапты жүргізуді автоматтандыру бойынша бағдарламалық қамтылымды дайындауға;
2) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ережені бекітуге;
3) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерін тағайындауға;
4) исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды бекітуге;
5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, өтініш берушінің таяу үш жылға арналған даму стратегиясын бекітуге;
6) исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға байланысты, оның ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру үшін қажетті өзге де ішкі құжаттарды бекітуге міндетті.
5. Өтініш беруші бір мезгілде әмбебап банк лицензиясын және исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алуға алғаш рет өтініш бергенге дейін:
1) осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарды орындауға;
2) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуын қамтамасыз етуге;
3) исламдық банк операцияларына жататын активтер мен міндеттемелерді банктің өзге де активтері мен міндеттемелерінен бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Өтініш беруші заңды тұлға әмбебап банк лицензиясын немесе базалық банк лицензиясын алу үшін алғаш рет ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) өтініш беруші осы баптың 3-тармағында көзделген банк қызметін жүзеге асырудың жоспарлы басталуына байланысты талаптардың және ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың орындалғанын растайтын өтініш;
2) өтініш беруші жарғысының нотариат куәландырған көшірмесі;
3) көрсетілген алымды «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлеу жағдайларын қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат;
4) осы Заңның 45-бабында және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сәйкес басшы қызметкерлер лауазымына ұсынылатын адамдарды келісу үшін көзделген құжаттар;
5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, өтініш берушінің таяу үш жылға арналған даму стратегиясының көшірмесі. Өтініш берушінің даму стратегиясына өтініш берушінің ұйымдастырушылық құрылымы, өтініш берушінің өтініш берілетін қаржы жылына арналған бюджеті туралы ақпарат, оның ішінде өтініш берушінің пруденциялық нормативтерді орындағаны туралы болжамды деректер, сондай-ақ, егер өтініш берушінің бас ұйымының банк холдингі мәртебесін иеленуі банк конгломератын құруға алып келсе, өтініш беруші құрамына кіретін банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің болжамды есебі енгізіледі. Егер өтініш қаржы жылы аяқталғанға дейін екі айдан аз уақыт бұрын берілсе, өтініш берушінің даму стратегиясына өтініш берілетін жылдан кейінгі қаржы жылына осы тармақшаның екінші бөлігінде көзделген ақпарат қосымша енгізіледі;
6) қызметкерлерінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсетіле отырып, өтініш берушінің штат кестесі;
7) ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, банктің жарғылық капиталының төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелері;
8) адамның өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжаттардың және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің көшірмелері.
7. Өтініш беруші заңды тұлғаның исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алғаш рет алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 6-тармағында көзделген құжаттар;
2) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ереженің көшірмесі;
3) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдардың осы Заңның 36-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сай келетінін растайтын, олар туралы мәліметтер.
8. Өтініш беруші заңды тұлға бір мезгілде әмбебап банк лицензиясын және исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін алғаш рет ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген құжаттар;
2) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операциялары үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.
9. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына банк лицензиясын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отырған, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген, мәні бойынша ұқсас операциялар түрлеріне банк қызметін жүзеге асыруға арналған қолданыстағы лицензиясы (қолданыстағы рұқсаты) болған кезде береді.
10. Өтініш беруші – Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы әмбебап банк лицензиясын алғаш рет алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 6-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген құжаттар;
2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекіткен филиал туралы ереженің нотариат куәландырған көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің Қазақстан Республикасының аумағында өзінің филиалының қызметін жүзеге асыру процесінде туындайтын міндеттемелер бойынша жауапкершілікті қабылдауы туралы және мұндай міндеттемелерді Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің балансында есепке алу туралы жазбаша міндеттемесі (растауы);
4) рұқсат етілген операциялар түрлерінің тізбесі көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қолданыстағы лицензиясының (қолданыстағы рұқсаттың) көшірмесі. Егер осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсат беру туралы өтініш берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі жүзеге асыруға құқылы операциялар түрлерінің тізбесі өзгерсе не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі жаңа лицензия (жаңа рұқсат) алса, көрсетілген лицензия (рұқсат) ұсынылады.
11. Өтініш беруші – Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін алғаш рет ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 10-тармағында көзделген құжаттар;
2) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы ереженің (нұсқаудың) көшірмесі;
3) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас органның басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдар туралы мәліметтер.
12. Өтініш беруші – Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы бір мезгілде әмбебап банк лицензиясын және исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алғаш рет алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 11-тармағында көзделген құжаттар;
2) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операциялары үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.
13. Жұмыс істеп тұрған банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің жұмыс істеп тұрған филиалы операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін:
1) операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін өтініш берген айдың алдындағы қатарынан үш ай ішінде уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтер мен лимиттердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалуын қамтамасыз етуге;
2) операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асырудың жалпы талаптары туралы қағидаларды бекітуге;
3) осы Заңның 88-бабында көзделген қаржылық орнықтылығын қалпына келтірудің жаңартылған жоспарын бекітуге міндетті.
14. Жұмыс істеп тұрған банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің жұмыс істеп тұрған филиалы операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) оның ішінде өтініш беруші осы баптың 13-тармағында көзделген талаптардың орындалуын растайтын өтініш;
2) осы Заңның 88-бабында көзделген қаржылық орнықтылығын қалпына келтірудің жаңартылған жоспарының көшірмесі;
3) көрсетілген алымды «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлеу жағдайларын қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат;
4) адамның өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжаттардың және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің көшірмелері.
15. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған қосымша лицензия алуға өтініш бергенге дейін жоспарланып отырған исламдық банк операцияларын жүзеге асыруды бастауға байланысты барлық ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды, оның ішінде мыналарды орындауға:
1) осы баптың 13-тармағында белгіленген талаптарды орындауға;
2) банк акционерлерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органының жалпы жиналысының исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия алуға ниеті туралы шешім қабылдауға;
3) осы Заңның 7-бабының 5-тармағында көзделген жарғыға, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы туралы ережеге осы Заңның 14-бабының 4-тармағында көзделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізуге;
4) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ережені бекітуі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерін тағайындауға (өтініш беруші банк үшін);
5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, таяу үш жылға арналған исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясын бекітуге;
6) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуға;
7) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өзге де активтері мен міндеттемелерінен исламдық банк операцияларына жататын активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге тиіс.
16. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға қосымша лицензия алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:
1) осы баптың 14-тармағында көзделген құжаттар;
2) банк акционерлерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органының жалпы жиналысының исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия алу ниеті туралы шешімінің көшірмесі;
3) осы баптың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы туралы жарғының, ереженің нотариат куәландырған көшірмесі;
4) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ереженің көшірмесі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдардың осы Заңның 36-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сай келетінін растайтын, олар туралы мәліметтер (өтініш беруші банк үшін); исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы ереженің (нұсқаудың) көшірмесі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдар не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы мәліметтер (өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы үшін);
5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, таяу үш жылға арналған исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясының көшірмесі;
6) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.
17. Банк лицензиясын беру туралы өтінішті уәкілетті орган өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру шеңберінде ұсынылған банк лицензиясын беру туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Уәкілетті орган банк лицензиясын қайта ресімдеу туралы өтінішті «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның ішінде осы Заңның 21-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда, өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды. Өтініш беруші базалық банк лицензиясын әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеу кезінде бір мезгілде операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу қажет болған кезде өтініш беруші осы баптың 13 және 15-тармақтарында белгіленген талаптарды орындауға міндетті. Көрсетілген жағдайда уәкілетті орган банк лицензиясын қайта ресімдеу туралы өтінішті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді өтініш беруші ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды. Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген өтінішті қарау мерзімін мынадай кез келген жағдайларда тоқтата тұруға құқылы: ұсынылған құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі өтініш беруші және (немесе) оның құрылтайшылары туралы анық емес деректердің анықталуы; ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі; ұсынылған құжаттар мен мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді жүзеге асырудың қажет болуы. Өтініш берушінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге уәкілетті орган берген ескертулерді жою мерзімі он жұмыс күнінен аспайды. Өтініш беруші ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге уәкілетті орган берген ескертулерді жойғаннан кейін және уәкілетті орган көрсетілген құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді аяқтағаннан кейін немесе өтініш беруші осы тармақтың алтыншы бөлігінде белгіленген мерзім ішінде түзетілген (нақтыланған) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаған жағдайда, өтінішті қарау мерзімі қайта басталады.
18. Уәкілетті орган банк лицензиясын беру немесе қайта ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат етілген операциялар түрлерінің атауларын нақтылауға құқылы.
19. Банк лицензиясын бергені үшін мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын алым алынады.
20. Банк лицензиясы шектеусіз мерзімге беріледі. Банк лицензиясы үшінші тұлғаларға берілмеуге тиіс. Банк операцияларының және өзге де операциялардың, исламдық банк операцияларының барлық түрін жүзеге асыру құқығына берілген банк лицензиясында тікелей нұсқау болған кезде ғана оларды жүзеге асыруға болады.
21. Банк лицензиясының көшірмесі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенттері көруі үшін қолжетімді жерде, сондай-ақ олардың интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.
22. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың әрқайсысы үшін рұқсат етілген банк операциялары түрлерінің тізбесін қоса алғанда, олардың құқықтық мәртебесі, қызметін құру, лицензиялау, реттеу және тоқтату тәртібі, оларға банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензиялар беру негіздері және олардың қызметін ықтимал шектеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға лицензиялар беру тәртібі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға банк операцияларын жүргізу үшін қойылатын біліктілік талаптары, сондай-ақ көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі олардың құзыреті шегінде уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
23. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға мыналарға:
1) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаға осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 12) тармақшасында көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға;
2) қызметті қолма-қол шетел валютасымен айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаға осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген банк операциясын жүзеге асыруға арналған лицензияны береді.