31-бап. Банктің филиалдары мен өкілдіктерін ашу және жабу
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Әмбебап банк лицензиясы бар банк банктің директорлар кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында да, сонымен қатар оның шегінен тысқары жерде де өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін уәкілетті органның келісімінсіз ашуға құқылы.
Базалық банк лицензиясы бар банк банктің директорлар кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін уәкілетті органның келісімінсіз ашуға құқылы.
Базалық банк лицензиясы бар банктің шет мемлекеттің аумағында филиалдар және (немесе) өкілдіктер ашуына тыйым салынады.
2. Әмбебап банк лицензиясы бар банк уәкілетті орган мен тиісті шет мемлекеттің қаржылық қадағалау органының арасында банктік қадағалау саласында ақпарат алмасу туралы келісім, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандум, қадағалау ақпаратымен алмасу туралы хаттар және (немесе) хат-хабарлар түріндегі келісім болған кезде ғана Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде филиалдар ашуға құқылы.
3. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында қосымша үй-жайларға ие болуға құқылы.
4. Банк филиал, өкілдік, қосымша үй-жай ашылған не жабылған не олардың тұрған жері өзгерген жағдайда, банк олардың ашылғаны немесе жабылғаны не олардың тұрған жерінің өзгергені туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қосымша үй-жайлар ашылған не жабылған не олардың тұрған жері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі олардың ашылғаны не жабылғаны не олардың тұрған жерінің өзгергені туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
5. Әмбебап банк лицензиясы бар банк Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде филиалдар және (немесе) өкілдіктер ашылған жағдайда, шет мемлекетте олар тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды көрсетілген тіркеуді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
6. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының аумағында банк қызметін және (немесе) өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын өз өкілдігін уәкілетті органның келісімін алмастан ашуға құқылы.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының аумағында өз өкілдігінің ашылғаны немесе жабылғаны не оның тұрған жерінің өзгергені туралы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі тиісті шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-31/