36-бап. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Операциялардың және (немесе) мәмілелердің осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуін айқындау үшін ислам банкінің, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесі болуы міндетті.
Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы операцияларының және (немесе) мәмілелерінің осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуін айқындауды исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де ұқсас орган жүзеге асырады.
2. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес көрсетілген банктің директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша банк акционерлерінің жалпы жиналысы тағайындайтын тәуелсіз орган болып табылады.
3. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктегі, ислам банкіндегі исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.
4. Исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы талаптары туралы қағидаларды, исламдық банк операцияларына қатысты ішкі кредиттік саясат туралы қағидаларды исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) оң қорытындысы болған кезде банктің директорлар кеңесі, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекітуге тиіс.
5. Егер осы Заңда, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының жарғысында және (немесе) ішкі құжаттарында өзгеше көзделмесе, кредиттік комитеттің шешімдері, сондай-ақ исламдық банк операциялары шеңберінде жасалған операциялар және (немесе) мәмілелер исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) жеке бекітуін және (немесе) келісуін талап етпейді.
Бұл ретте исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас орган) кредит комитетінің исламдық банк операцияларына қатысты кез келген шешімін, сондай-ақ исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының жасау сатысындағы немесе жасаған кез келген операцияны және (немесе) мәмілені олардың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуі тұрғысынан өз қалауы бойынша тексеруге құқылы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-36/