Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

38-бап. Исламдық банк депозиттері

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Талап етуге дейінгі пайызсыз депозит шарты бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиенттің ақшасын қабылданған ақша сомасының пайызы түрінде сыйақы төлеуді немесе төлеуге кепілдік беруді көздемейтін талап еткенге дейінгі банктік салымға қабылдауға және клиенттен тиісті талап түскен жағдайда көрсетілген ақшаны немесе оның бір бөлігін қайтаруға міндеттенеді. Пайызсыз депозит туралы шартқа сыйақы төлеу туралы талаптарды қоспағанда, банктік салым туралы шарттың қағидалары қолданылады.
2. Инвестициялық депозит туралы шарт бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы клиенттің ақшасын номиналды түрде қайтару кепілдігінсіз оны белгілі бір мерзімге қабылдауға, ол бойынша кірісті инвестициялық депозит туралы шартта көзделген тәртіппен, берілген ақшаны пайдалану нәтижелеріне байланысты төлеуге міндеттенеді. Инвестициялық депозит туралы шартқа мыналарға: ақшаны пайдалану және қайтару тәртібіне; тараптардың құқықтары мен міндеттеріне; исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет ететін сенімгерлік басқарушының сыйақысын айқындау және есепке жазу тәртібіне қатысты осы бапта көзделген ерекшеліктенген мүлікті сенімгерлік басқару туралы шарттың қағидалары қолданылады. Инвестициялық депозит туралы шарт жасасу кезінде ағымдағы банктік шот ашылуы мүмкін.
3. Инвестициялық депозит туралы шартта: исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет ететін сенімгерлік басқарушының сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы клиенттің ақшасын басқарғаны үшін сыйақысының мөлшері; ақшаны қайтару мерзімі мен тәртібі; ақшаны пайдаланудан келген залалдар тәуекелі; тараптардың келісімі бойынша өзге де талаптар айқындалуға тиіс.
4. Инвестициялық депозит бойынша ақшаны пайдаланудан түскен кіріс есебінен ғана сыйақы төленуі мүмкін болған жағдайда, инвестициялық депозитке тартылған ақшаны пайдаланудан түскен кірістің бір бөлігі инвестициялық депозит туралы шарт бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сыйақысы болып табылады. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозит шығынды болған кезде (инвестициялық депозит бойынша тартылған ақшаны пайдаланудан кіріс болмаған кезде) инвестициялық депозит туралы шарт бойынша сыйақы алу құқығын жоғалтады.
5. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тартылған ақшаны инвестициялық депозит туралы шартта айқындалған деңгейде кіріс алынуы мүмкін активтерге орналастыруын көздейтін жағдайды қоспағанда, инвестициялық депозит туралы шарттың талаптары инвестициялық депозит бойынша кірістің және (немесе) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сыйақысының кепілдік берілген мөлшерін көздей алмайды.
6. Егер инвестициялық депозит туралы шартта өзгеше көзделмесе, клиент өзінің талап етуі бойынша инвестициялық депозитті мерзімінен бұрын қайтарып алған кезде кіріс алу құқығын жоғалтады.
7. Инвестициялық депозит туралы шартта мыналар: клиенттің ақшаны пайдалану тәсілдерін айқындауы бойынша талаптар; активтердің немесе ақша салу объектілерінің тізбесі; клиенттің ақшасын оны біріктіру құқығынсыз, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын өзге банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өзге клиентінің ақшасынан бөлек пайдалану бойынша талаптар көзделуі мүмкін.
8. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы ақшаны пайдаланудың тәртібі мен нәтижелерін, оның ішінде: ақшаны пайдалану тәсілдеріне; активтердің немесе ақша салу объектілерінің тізбесіне; ақшаны пайдаланудан түскен кірістің немесе залалдардың мөлшеріне; исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сыйақы мөлшеріне қатысты айқындау мақсатында жекелеген инвестициялық депозиттер бойынша ақшаны пайдалану есебін жүргізуге міндетті.
9. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозит бойынша ақшаны пайдалану туралы есепті клиенттің талап етуі бойынша ұсынуға міндетті.
10. Егер инвестициялық депозит туралы шартта өзгеше көзделмесе, инвестициялық депозитке ақша салған клиент исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенттердің инвестициялық депозитте орналастырылған ақшаны салуына байланысты туындайтын міндеттемелері бойынша жауап бермейді, бірақ инвестициялық депозитке салынған ақша сомасы шегінде ақша салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар тәуекелін көтереді.
11. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозиттің ақшасы салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кінәсінен болған жағдайларды қоспағанда, осындай залалдар үшін жауапты болмайды. Егер инвестициялық депозиттің ақшасы салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кінәсінен болса, онда исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиентке осындай залалдардың туындағаны туралы хабар беруге және келтірілген залалдарды клиентке өтеуге міндетті.