Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

42-бап. Өндірістік және сауда қызметін заңды тұлғалардың капиталына қатысу арқылы және (немесе) әріптестік шарттарымен банктік қаржыландыру

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы кіріс алу немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсатқа қол жеткізу мақсатымен әріптестік туралы шарттың негізінде өндірістік және сауда қызметін қаржыландыруға құқылы.
2. Әріптестік туралы шартта заңды тұлғаны құру туралы талап (заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шарт) көзделуі мүмкін. Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қолданылмайды.
3. Әріптестік туралы шарт көрсетілген шарттың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкестігі туралы исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің оң қорытындысы алынғаннан кейін жасалуы мүмкін. Осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарды бұзу: әріптестік туралы шартты мерзімінен бұрын бұзуға; әріптестік туралы шарт негізінде құрылған заңды тұлғаны таратуға немесе исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің өзіне тиесілі акцияларды, заңды тұлғаның капиталына қатысу үлестерін иеліктен шығаруға; исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының алынған кірісті қайырымдылыққа бағыттауына негіз болады.
4. Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) осы бапта көзделген ерекшеліктері бар бірлескен қызмет туралы шарттың қағидалары қолданылады.
5. Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартта (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартында): бірлескен қызметтің мақсаты; шарттың қолданылу мерзімі немесе олардың туындауына байланысты шарт тоқтатылатын талаптар; бірлескен қызметтен түскен кірісті бөлу тәртібі және кезеңділігі; қатысушының шарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы; бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін жай серіктестіктердің қатысушыларының әрқайсысы енгізген мүліктің тізбесі, түрлері және құны туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген шартта өзгеше көзделмесе, жай серіктестіктерге қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін енгізілген мүліктің құнына пропорционалды түрде айқындалады. Заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартта (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартында) бірлескен қызметтен алынған кіріс бөлігін қайырымдылық мақсаттарға пайдалану туралы талап көзделуі мүмкін.
6. Бірлескен қызметтен түскен кіріс, заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) қатысушылардың жалпы шығыстары мен залалдары, егер көрсетілген шартта өзгеше көзделмесе, ортақ мүліктегі үлеске пропорционалды түрде бөлінеді. Бірлескен қызметтен түскен көрсетілген кіріс күтілетін кіріс ескерілмей, нақты нәтижелер бойынша бөлінуге тиіс. Жай серіктестікке қатысушының кірісі тіркеп-белгіленген ақша сомасы түрінде белгілене алмайды. Жай серіктестіктің ортақ мүлкі жеткіліксіз болған кезде оған қатысушылар заңды тұлғаны құру талабы жоқ әріптестік туралы шартқа (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қатысатын жай серіктестік шартына) байланысты міндеттемелер бойынша ортақ мүліктегі үлестерге пропорционалды түрде жауапты болады.
7. Егер әріптестік туралы шартта және (немесе) осы баптың қағидаларында өзгеше көзделмесе, заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шартқа тиісті ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғаның құрылтай шарты (заңды тұлғаны құру) туралы қағидалар қолданылады.
8. Заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шартта осындай шарт (құрылтай шарты) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтерден басқа, әріптестіктің мақсаттары мен мерзімдері туралы мәліметтер, ұйымның кірісін әрбір қатысушы енгізген үлеске пропорционалды түрде бөлу туралы талап қамтылуға тиіс.
9. Заңды тұлға құрылатын әріптестік туралы шарттың қағидалары әріптестіктің мақсаты көрсетілген заңды тұлғаның өндірістік немесе сауда қызметін қаржыландыру болып табылатын елеулі талап болған жағдайда, заңды тұлғаның акцияларын, капиталына қатысу үлестерін сатып алу оның талаптары болып табылатын әріптестік жағдайларына да қолданылады.