49-бап. Банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы
байланысты тұлғалар
1. Мыналар банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылады:
1) осы банктің лауазымды адамдары, басшы қызметкерлері, өкілеттіктеріне активтерді иеліктен шығару, кепіл нысанасын өзгерту және (немесе) кепілді тоқтату (борышкердің банк алдында кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерін өтеу немесе банктің кепілді өндіріп алу жағдайларын қоспағанда) туралы шешімдер, уәкілетті орган белгілеген жоғары мөлшерлерде банктік қарыздарды және (немесе) банк кепілдіктерін беру туралы шешімдер қабылдау кіретін директорлар кеңесі комитеттерінің және (немесе) өзге де органдардың басшылары мен тұрақты мүшелері, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) және жақын туыстары;
2) банктің iрi қатысушылары (банк холдингтері), банк холдингінің ірі қатысушылары болып табылатын тұлғалар;
3) банктің iрi қатысушысының (банк холдингінің) лауазымды адамдары, банк холдингінің ірі қатысушысы, сондай-ақ олардың жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
4) осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында аталған тұлғалар дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не үлестік қатысудың өзге де нысандарының он және одан көп пайызын тікелей және (немесе) жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін не лауазымды адамдары болып табылатын ұйым;
5) банктің үлестес тұлғалары;
6) банк конгломератының қатысушылары;
7) уәкілетті орган белгілеген, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланыстылық белгілеріне сәйкес келетін жеке тұлға немесе ұйым.
2. Уәкілетті орган уәжді пайымдауды пайдалану арқылы жеке тұлғаны немесе ұйымды банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жатқызуға құқылы. Бұл жағдайда банк уәкілетті органның қадағалап ден қоюдың тиісті шарасын алған күннен бастап банк осы жеке тұлғаны немесе ұйымды онымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға деп таниды.
3. Банкпен, банк конгломератымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалардың тану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады және оған мыналар кіреді:
1) банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін беру туралы шешімдер қабылдау осы банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының директорлар кеңесі комитеттерінің және (немесе) өзге де органдарының лауазымды адамдарының, басшы қызметкерлерінің, басшылары мен тұрақты мүшелерінің өкілеттігіне кіретін банктік қарыздар мен банк кепілдіктерінің мөлшері асып кеткен кезде, көрсетілген тұлғалар банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылады;
2) жеке тұлғаның немесе ұйымның банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалымен ерекше қатынастармен байланыстылық белгілері;
3) банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылмайтын тұлғалардың тізбесі;
4) банк конгломератымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалардың тізбесі.
4. Банк банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларды есепке алуды жүргізуге міндетті.
Көрсетілген есепке алу мақсаттары үшін:
1) осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған адамдар банкке өздерінің жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген ұйымдар туралы мәліметтерді ұсынады;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар:
өздерінің жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары (жеке тұлғалар болып табылатын банктің ірі қатысушысы, банк холдингінің ірі қатысушысы үшін);
өздерінің лауазымды адамдары (заңды тұлғалар болып табылатын банктің ірі қатысушысы (банк холдингі), банк холдингінің ірі қатысушысы үшін);
осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген ұйымдар туралы мәліметтерді ұсынады.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген мәліметтер банкпен ерекше қатынастар арқылы байланыстылық туындаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде банкке ұсынылуға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларды тану мақсаттары үшін:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында банк деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі түсініледі;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында банк деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі түсініледі;
осы баптың 1-тармағының 5) және 7) тармақшаларында банк деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы түсініледі.
6. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Осы баптың 4-тармағының талабы Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-49/