Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

53-бап. Мөлшерлемелер, комиссиялар мен тарифтер

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Жеке және заңды тұлғалар үшін банктік және өзге де қызметтер (операциялар) көрсеткені үшін сыйақы мөлшерлемелерін, комиссиялар мен тарифтерді банк Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2. Жеке және заңды тұлғалар үшін банктік және өзге де қызметтер (операциялар) көрсеткені үшін мөлшерлемелер, комиссиялар мен тарифтер туралы ақпарат банктің интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс. Көрсетілген ақпаратты банк қолданыстағы мөлшерлемелерге, комиссиялар мен тарифтерге өзгерістер енгізілген күн туралы мәліметтерді, ішкі құжаттың нөмірін және осы өзгерістерді қабылдаған органды көрсете отырып, жаңартылған күйде ұстауға тиіс.
3. Банк банктік қарыз шартында банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға жататын барлық комиссия мен өзге де төлемді, сондай-ақ олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және: банктік қарыз шартын жасасу күніне белгіленген комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің мөлшерін, сондай-ақ оларды есептеу тәртібін ұлғаю жағына қарай өзгертуге; жасалған банктік қарыз шарты шеңберінде комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқылы емес.
4. Банктік қарыз шартында банк сыйақының мынадай: қарыз алушы жеке тұлға үшін – тіркеп-белгіленген немесе құбылмалы; қарыз алушы заңды тұлға үшін тіркеп-белгіленген және (немесе) құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді.
5. Банк анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар бойынша (банкаралық қарыздар мен салымдарды қоспағанда) сыйақы шамалары туралы ақпаратты таратқан (жариялаған) кезде көрсетуге міндетті. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс. Қарыздар мен салымдар бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі. Осы тармақта белгіленген талаптар исламдық банк операцияларына қолданылмайды.
6. Жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты жасалғанға дейін банк жеке тұлғаға таңдау үшін кредит берудің баламалы шарттарын ұсынуға міндетті, оларға сәйкес: сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды және (немесе) өзге де төлемдер алуы көзделмейді; осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды және (немесе) өзге де төлемдерді алу құқығы көзделеді. Жеке тұлға таңдаған кредит беру талаптары банктік қарыз шартында көрсетілуге жатады.
7. Банк жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссияларды, тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқылы емес. Банк қарыз алушы заңды тұлғаның негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, заңды тұлғаның банктік қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссияларды, тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін: бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін; бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін алуға құқылы емес.
8. Банк жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартында банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
9. Банк жеке тұлғамен жасалатын банктік қарыз шартында сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесін осы Заңның 57-бабының 4, 5 және 6-тармақтарында айқындалған тәртіппен жасалған, оны азаю жағына қарай өзгерту немесе азаю жағына қарай уақытша өзгерту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес. Сыйақы мөлшерлемесін азаю жағына қарай уақытша өзгерту деп банктің сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгілі бір мерзімге төмендетуі түсініледі, ол мерзім өткеннен кейін сыйақы мөлшерлемесі уақытша өзгеріске дейін қолданыста болған сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерінен аспайтын мөлшерде белгіленеді. Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартының қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы мөлшерлемесіне өзгеруі мүмкін. Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша оның жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартында айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол көрсетілген шарт жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесінің ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесінің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты және банктік салым шарты бойынша сыйақының құбылмалы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
10. Банк:
1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты анық ақпаратты беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай: банктің алдын ала жазбаша хабарламасынсыз, жиынтығында қарыз алушының капиталындағы дауыс беретін акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан көп пайызын иеленетін қарыз алушы акционерлерінің (қатысушыларының) құрамы өзгерген; кепіл ұстаушы болып табылатын банктің құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру құқығын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған; үшінші тұлғалар қарыз алушының және (немесе) кепіл берушінің мүлкіне, оның ішінде банктің пайдасына кепілге салынған мүлікке талап қойған жағдайларда, банктің банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғамен банктік қарыз шарты жасалған күні белгіленген сыйақы мөлшерлемелерін ұлғаю жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
11. Банк өз клиенттерін өзгерістердің болжамды күніне дейін, бірақ: кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғалардың төлемдері мен аударымдары бойынша – кемінде үш ай; кәсіпкерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырылатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің төлемдері мен аударымдары бойынша – кемінде бір ай бұрын төлемдер мен аударымдар бойынша комиссиялар мен тарифтердің ұлғаюы туралы хабардар етеді.
12. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.