54-бап. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау тұрақсыздық айыбымен, кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.
2. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы (кепіл беруші) кепілмен қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен жүгінген кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің кепілдік саясатының талаптары ескеріле отырып, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк қарыз алушы (кепіл беруші) жүгінген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде кепіл туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
3. Егер банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттемелердің сомасы кепілмен қамтамасыз ету құнының он пайызынан аз болса, банк қарыз алушы (кепіл беруші) жүгінген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде банктің кепілдік саясатының талаптарын ескере отырып, кепіл нысанасын жүгіну кезінде бағалаушы айқындаған нарықтық құны көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттеменің сомасын жабатын өзге мүлікке ауыстыру мүмкіндігін қарауға міндетті.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптар банктердің банк кепілдіктері мен банк кепілдемелерін беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.
5. Банк жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының кепілдігін банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету ретінде қабылдаған кезде провизияларды (резервтерді) есептеу үшін осындай кепілдіктің құнын банк кепілдікпен қамтамасыз етілген кредит сомасына тең мөлшерде айқындайды.
6. Осы баптың 5-тармағын қоспағанда, осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-54/