64-бап. Банктің жолданымдарды қарауы
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Банк уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың банк қызметін жүзеге асыруға байланысты жолданымдарын қарайды.
2. Банктің жолданымдарды қарау мерзімі олар банкке келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажет болған кезде оны қарау мерзімі тағы он бес жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін, бұл туралы өтініш берушіге мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
Осы тармақта көзделген мерзімдер осы Заңның 61-бабының 2-тармағына сәйкес қарыз алушы жеке тұлғаның өтінішін қарау жағдайларына қолданылмайды.
3. Жолданымды қарау нәтижелері бойынша банк өтініш берушіге оның жолданымының мәні бойынша жауап (шешім) жіберуге міндетті.
4. Мынадай:
1) жолданымда жауап жіберілуге тиіс мекенжай көрсетілмеген;
2) жолданымда өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі немесе толық атауы және бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген;
3) жолданымда былапыт не қорлайтын сөздер болған, банктің мүлкіне қатер төндіру, банк қызметкерінің және (немесе) оның отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне қатер төндіру жазылған;
4) жолданым мәтінін оқу мүмкін болмаған;
5) жолданымды уәкілетті емес адам берген жағдайларда, банк өтініш берушінің жолданымын қараусыз қалдыруға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда банк өтініш берушінің жолданымын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жолданымды қараусыз қалдыру себептерін көрсете отырып, өтініш берушіге жауап жібереді.
5. Жеке тұлға болып табылатын өтініш беруші өзіне ұсынылған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қызметтерге қатысты банкке жүгінгеннен кейін мынадай:
банк өтініш берушінің мүліктік талабын қанағаттандырудан бас тартқан немесе өтініш беруші осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімде банктен жауап алмаған;
осы Заңның 61-бабының 7-тармағына сәйкес жағдайларда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі шеңберінде қаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.
6. Банк уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалардың келіп түскен өтініштері бойынша есептілікті ұсынады, оның тізбесі, нысандары, ұсынылу мерзімі мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
7. Осы бапта белгіленген талаптар банктің банктік көрсетілетін қызметтер алуға арналған жолданымдарды қарауына қолданылмайды.
8. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-64/