65-бап. Қаржы омбудсманы
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Қаржы омбудсманы дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі шеңберінде осы Заңның 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда өтініш берушінің жолданымдарын қарайды.
2. Қаржы омбудсманы өтініш берушілердің банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау шарттарын өзгертуге қатысты жолданымдары бойынша тараптардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуіне және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау шарттарын өзгерту жөнінде тараптар келіскен шешімнің қабылдануына жәрдемдеседі.
Қаржы омбудсманы жолданымды қарау нәтижелері бойынша хаттама ресімдейді, оған қаржы омбудсманы, банктік қарыз шартының тараптары қол қояды және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындауды өзгерту шарттары туралы мәліметтерді қамтиды.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өтініш берушінің жолданымын қарау нәтижелері бойынша қаржы омбудсманы банк үшін міндетті болып табылатын шешімді өтініш беруші осындай шешіммен жазбаша келіскен жағдайда қабылдайды немесе «Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-33-бабының 12-тармағында көзделген жағдайларда жолданымды қарауды тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Банк қаржы омбудсманының шешімін ол белгілеген мерзімде орындамаған кезде уәкілетті орган банкке осы Заңның 78-бабына сәйкес қадағалап ден қою шараларын қолданады.
Қаржы омбудсманы қараған даудың (жолданымның) тараптары қаржы омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы омбудсманының шешімін алған күннен кейін үш ай ішінде сотқа жүгінуге құқылы.
Қаржы омбудсманының өтініш берушілердің жолданымдарын қарау тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ қаржы омбудсманының осындай жолданымдар бойынша шешімдер шығаруының салдарлары «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-33-бабында және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
4. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-65/