72-бап. Пруденциялық нормативтер мен лимиттер
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Уәкілетті орган банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары, банк конгломераттары үшін олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында белгілейтін экономикалық шектеулер пруденциялық нормативтер мен лимиттер болып табылады.
Уәкілетті орган банктердің міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін пруденциялық нормативтердің құрамына мыналар кіреді:
1) банктің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшерлері;
2) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффиценттері;
3) бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері;
4) өтімділік коэффиценттері;
5) ашық валюталық позиция лимиттері;
6) залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төмен мөлшері;
7) леверидж коэффициенті.
Әмбебап банк лицензиясы бар банк, базалық банк лицензиясы бар банк, ислам банкі үшін пруденциялық нормативтер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Уәкілетті орган банк конгломераттарының міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін пруденциялық нормативтердің құрамына мыналар кіреді:
1) жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері;
2) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффиценттері;
3) бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері.
Банк конгломераттары үшін пруденциялық нормативтер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Уәкілетті орган банктер, банк конгломераттары сақтауға міндетті, халықаралық банк практикасында және (немесе) банктердің, банк конгломераттарының тәуекелін барынша азайту және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын қосымша пруденциялық нормативтер мен лимиттер белгілеуге құқылы.
Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банктерге меншікті капиталдың жеткіліктілігі бойынша қосымша талаптар белгілейді. Банкті жүйелік маңызы бар банкке жатқызу тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шотта орналастырған ақша және (немесе) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алғаннан кейін сатып алатын қаржы құралдары Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтері деп танылады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың шекті мәндері және есептеу әдістемелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Банк, банк конгломераты, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-72/