73-бап. Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының міндетті түрде сақтауы үшін белгілейтін макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің құрамына мыналар кіреді:
1) контрциклдік капитал буфері;
2) секторлық контрциклдік капитал буфері;
3) қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті;
4) қарыз алушының кірісіне борыш коэффициенті.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары сақтауға міндетті, халықаралық банк практикасында пайдаланылатын қосымша макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді белгілеуге құқылы.
Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Уәкілетті орган банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерді, банктің ірі қатысушыларын, банк холдингтерін, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарын және (немесе) олардың лауазымды адамдарын банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қабылдайды.
3. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-73/