Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

87-бап. Күшейтілген қадағалау режимі

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Күшейтілген қадағалау режимі деп банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауын болғызбау мақсатында уәкілетті органның шешімі бойынша банкке қолданылатын қадағалаудың ерекше тәртібі түсініледі.
2.  Уәкілетті орган күшейтілген қадағалау режимінің қолданысы кезеңінде осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша:
1) ақпаратты, қаржылық және өзге де есептілікті жеке айқындалған кезеңділікпен, оның ішінде деректер витринасы арқылы алуға;
2) банктің қаржылық және мүліктік жай-күйіне бағалау (талдау) жүргізуге, оның ішінде банкке бару және (немесе) көрсетілетін қызметтері банк қаражатының есебінен төленетін (өтелетін) бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарту арқылы жүргізуге;
3) банктің қолайсыз макроэкономикалық жағдайларға орнықтылығына талдау жүргізуге;
4) банктен банктің ағымдағы қаржылық жағдайына сәйкес қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын қайта қарауды және жаңартуды талап етуге;
5) банктен, банктің ірі қатысушыларынан, банк холдингтерінен банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдауды, оның ішінде банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде банктің және (немесе) банк конгломератының меншікті капиталын ұлғайтуды талап етуге;
6) банктен және (немесе) банк холдингінен капиталына банк және (немесе) банк холдингі қатысатын ұйымдармен, сондай-ақ банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдармен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;
7) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардан олардың үлестес тұлғаларымен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің және (немесе) банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;
8) банктен корпоративтік басқаруды және (немесе) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жақсартуды талап етуге;
9) банктен және (немесе) банк холдингінен банкке күшейтілген қадағалау режимін қолданудың өзге де негіздерін жоюды талап етуге құқылы.
3. Уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарды ескере отырып, осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді жазбаша нұсқама нысанында қолданады.
4. Уәкілетті органның банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс.
5. Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдануға негіз болған себептерді жою үшін қажетті (жеткілікті) шараларды қабылдауға міндетті.
6. Күшейтілген қадағалау режимі оны қолдану негіздері жойылған және банк қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және өзге де пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатылады.
7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады. Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін банктің ірі қатысушылары мен банк холдингтері деп Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы түсініледі.