Мазмұнға өту Құжат мәтініне өту

Об утверждении Правил оказания государственной финансовой поддержки для достижения целевых показателей теплоэнергетики

Қаулы · № 148 · қабылданған 04.03.2026
Заңдық күші: Күшіне енбеген · 20.09.2026 жағдай бойынша
https://adilet.kz/laws/doc-222832/on/2026-09-20/
Басып шығарылды 2026-09-20 · adilet.kz
Об утверждении Правил оказания государственной финансовой поддержки для достижения целевых показателей теплоэнергетики Күшіне енбеген 04.03.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

Об утверждении Правил оказания государственной финансовой поддержки для достижения целевых показателей теплоэнергетики

Күшіне енбеген Қаулы № 148 20.09.2026 жағдай бойынша
Деректемелер және дереккөз
Толық атауы
Об утверждении Правил оказания государственной финансовой поддержки для достижения целевых показателей теплоэнергетики
Атауы (қаз.)
Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларын бекіту туралы
Акт түрі
Қаулы
Заңдық күші
Күшіне енбеген
Тізілімдегі мәртебе коды
new
Нөмірі
148
Қабылданған күні
04.03.2026
Қолданысқа енгізілген күні
01.01.2027
Көрсетілген редакция
04.03.2026 222832_818517.kaz
Соңғы өзгеріс
04.03.2026
Мәтін тілі
қазақша
НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
P2600000148
ЭКБ идентификаторы
222832
Редакция идентификаторы
222832_818517
Бастапқы дереккөз
ЭКБ zan.gov.kz (API)
Деректер жаңартылды
26.08.2026 02:18
Акт күшіне енбеген. Қабылданған, бірақ әлі қолданысқа енгізілмеген. Қолданысқа енгізілу күні — 01.01.2027.
20.09.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 04.03.2026. Бұл — корпустағы соңғы редакция.

0 Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларын бекіту туралы

«Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

1 Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу
үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленген және жылу энергетикасы саласындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бюджеттік сұраным – Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес ұсынылатын құжаттар жиынтығы;

2) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы – Заңға сәйкес әзірленетін және бекітілетін, тиісті аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті ұсынуға перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасын дамыту жөніндегі әрекеттер кешенін сипаттайтын және негіздейтін құжат;

3) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері – ұзақ мерзімді (стратегиялық) перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәндері;

4) жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жылу энергетикасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

5) бюджеттік бағдарламаның әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – уәкілетті орган.

Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына және Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

3. Мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету мынадай тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:

1) Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес бюджеттік трансферттер, кредиттер және субсидиялар бөлу;

2) Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес заңды тұлғаларға және квазимемлекеттік сектор субъектісіне мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік беру түрінде.

4. Күтпеген мән-жайлар туындап, жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкес бекітілген жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштерін бекіткен уәкілетті органға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету туралы мәселені қарау үшін жүгінеді.
Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмайтын күтпеген мән-жайларға мыналар жатады:

1) еңсерілмейтін күштің және төтенше жағдайлардың жылумен жабдықтауды дамыту схемасында көзделген іс-шаралардың орындалуына келеңсіз әсерін тигізген әрекеті;

2) жылумен жабдықтауды дамыту схемасында көзделген іс-шаралар мен жобаларды іске асыру шығындардың алдын ала болжанбаған ұлғаюы.

5. Мемлекеттік қаржылық қолдау Заңның 20-бабының 5-тармағының талаптарына сәйкес жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне барынша жедел қол жеткізу мақсатында іске асырылады.

Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу жылу энергетикасы саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Олар жылу энергетикалық инфрақұрылымның тозуы, авария жағдайы және жылу желілері мен қондырғыларындағы жылу энергиясының шығындары сияқты жағымсыз көрсеткіштердің төмендеуіне ұзақ мерзімді әсер ететіндіктен, осы арқылы жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік сұранымдары осы Қағидаларға сәйкес қарастырылады.

6. Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік сұранымдары Заңның 9-бабының 1) тармақшасына сәйкес бекітілген жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында көзделген жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге әсер ету дәрежесін ескере отырып градацияланады.

7. Мемлекеттік қаржылық қолдау бюджет қаражатын жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында көзделген іс-шараларды орындау үшін жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.

2-тарау. Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету тәртібі

8. Жергілікті атқарушы орган әкімшіге жылумен жабдықтауды дамыту схемасында көзделген іс-шараларды қаржыландыруға бюджеттік сұраным жібермес бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 28 маусымдағы № 59 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру, инвестициялық ұсынысты, техникалық-экономикалық және қаржылық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамалар жүргізу, бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау, мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялық жобалардың бекітілген (нақтыланған) параметрлерін түзету, іріктеу, іске асырылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларына (бұдан әрі – Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру бұйрығы) сәйкес көрсетілген іс-шаралардың жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкестігі туралы уәкілетті органның салалық қорытындысын алады.

9. Мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету туралы жолданымға (оның ішінде күтпеген жағдайлар туындаған кезде) мынадай құжаттар қоса беріледі:

1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 185 бұйрығымен бекітілген Бюджеттік сұранымды жасау, ұсыну, қарау қағидаларын бекіту туралы қағидаларына сәйкес жасалған бюджеттік сұраным;

2) бекітілген жылумен жабдықтауды дамыту схемасының көшірмесі не оның өзектілендірілген бөлігі;

3) қолма-қол ақшаның бақылау шотындағы қаражаттың бар-жоғы және қалдығы туралы ақпарат;

4) қаржылық қолдаудың қажетті көлеміне жасалған негіздемесі бар есеп-қисап;

5) алдын ала болжанбаған мән-жайлар орын алып, жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкін болмай қалғанын растайтын құжаттар.

Жылумен жабдықтауды дамыту схемасында көзделген жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды орындау үшін жергілікті атқарушы органның бақылау шотында жеткілікті көлемде қолма-қол ақша болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органның жолданымы өз қаржылық ресурстарының шектеулілігін және ұсынылып отырған іс-шаралардың жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал ету дәрежесін ескере отырып қаралады.
Жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаның бақылау шотында жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды іске асыруға жеткілікті көлемде қаражат болған кезде бюджеттік сұраным жалпы тәртіппен қаралады.

10. Жергілікті атқарушы орган мемлекеттік қаржылық қолдау алу үшін әкімшіге ұсынылатын құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын және өзектілігін қамтамасыз етеді.

11. Әкімші жолданым мен оған қоса берілген құжаттарды алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

Енгізілген құжаттар осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда әкімші жолданымды қалыптастырып, Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру қағидаларының 215-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

12. Егер ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімші олар түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде себептері көрсетілген дәлелді бас тартуды жергілікті атқарушы органға жібереді.

13. Жергілікті атқарушы орган дәлелді бас тартуды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ескертулерді жояды және Әкімшіге қайта жүгінеді.

14. Әкімші қайта ұсынылған құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қайта қарайды.

Қайта ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ құжаттарды толық ұсынылмағаны және (немесе) ұсынылған құжаттардың дұрыс толтырылмағаны туралы хабардар етілген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде әкімшінің ескертулері жойылған құжаттар топтамасын жергілікті атқарушы органдардың ұсынбауы мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетуден бас тартуға негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес әкімші жергілікті атқарушы органға өтінімді қараудан бас тарту туралы алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге (тыңдау) мүмкіндік береді, бұл туралы жергілікті атқарушы орган шешім қабылданғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күн бұрын хабардар етіледі.
_____________________________________