Об утверждении Правил проведения аудита качества цифровых объектов
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- Об утверждении Правил проведения аудита качества цифровых объектов
- Атауы (қаз.)
- Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидаларын бекіту туралы
- Акт түрі
- Бұйрық
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- new
- Нөмірі
- 432/НҚ
- Қабылданған күні
- 23.07.2026
- Қолданысқа енгізілген күні
- 10.08.2026
- Көрсетілген редакция
- 23.07.2026 228161_831689.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 23.07.2026
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- V2600039408
- ЭКБ идентификаторы
- 228161
- Редакция идентификаторы
- 228161_831689
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 19.09.2026 03:45
0 Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 100-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) «Ақпараттық жүйелердің аудитін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 263 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17141 болып тіркелген);
2) «Ақпараттық жүйелердің аудитін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 263 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 26 ақпандағы № 102/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38058 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық трансформация саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі жетекшілік ететін вице-министрге жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
0 Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидалары
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2026 жылғы 23 шілдедегі
№ 432/НҚ
бұйрығымен бекітілген
Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 100-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аудитор – осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес арнаулы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар тәуелсіз жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
2) нормативтік-техникалық құжаттама – цифрландыру объектілерін құруға және пайдалануға (пайдалануға), сондай-ақ олардың цифрландыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға қойылатын жалпы міндеттерді, қағидаттар мен талаптарды айқындайтын құжаттар жиынтығы;
3) тапсырыс беруші – цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізуге бастамашылық жасаған цифрлық объектінің меншік иесі және (немесе) иеленушісі;
4) цифрлық объект – цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамаларға ие және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану не билік ету құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның ерекшеленген элементі;
5) цифрлық объектілердің сапасына аудит – цифрлық объектілердің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау мақсатында аудитор жүргізетін іс-шаралар кешені.
3. Цифрлық объектілердің сапасына аудит олардың функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау мақсатында жүргізіледі.
2-тарау. Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу тәртібі
4. Цифрлық объектілерді құру, ендіру және пайдалану кезеңінде тапсырыс берушінің бастамасы бойынша цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізілуі мүмкін.
5. Мемлекеттік заңды тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық объектілерінің сапасына аудит жүргізу кезінде аудиторды таңдау «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Аудитор мен тапсырыс берушінің өзара қарым-қатынастары азаматтық заңнамаға сәйкес жасалған шартпен реттеледі.
7. Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізуді цифрландыру, киберқауіпсіздік немесе сабақтас бағыттар (ақпараттық технологияларды, деректерді басқаруды, бағдарламалауды қоса алғанда) саласында жоғары білімі бар, тәуелсіздікті, объективтілікті қамтамасыз ететін, сондай-ақ цифрлық объектілерді әзірлеу, ендіру, сүйемелдеу, жобалау немесе бағалау саласында кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі бар аудитор жүзеге асырады.
8. Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу мерзімі цифрлық объектілердің функционалдық күрделілігіне, құрылымдық компоненттерінің (ішкі бағдарламаларының) санына, оларды пайдалану жағдайларына (жұмыс орындарын ұйымдастыру, серверлерге қол жеткізу, цифрлық объектілерді сүйемелдеудің өңірлік (аумақтық) орталықтарының болуы), тапсырыс беруші тарапынан цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу мақсаттарына байланысты болады және үш айдан аспауы тиіс.
9. Аудит жүргізу үшін тапсырыс беруші шарт жасалғаннан кейін аудиторға нормативтік-техникалық құжаттаманы және цифрлық объекті мен оның компоненттеріне қолжетімділікті ұсынады.
10. Цифрлық объектінің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау мақсатында аудитор:
1) нормативтік-техникалық құжаттаманы зерделеуді;
2) сараптамалық талдау жүргізуді;
3) цифрлық объектінің компоненттерін аспаптық тексеруді;
4) цифрлық объектілер мен цифрлық архитектураның функционалдылығын бағалауды;
5) аудиторлық қорытындыны дайындауды жүзеге асырады.
11. Нормативтік-техникалық құжаттаманы зерделеу цифрлық объектінің сапасына аудит жүргізу үшін қажетті цифрлық объектінің мақсаты, құрамы, функционалдық сипаттамалары, цифрлық архитектурасы және пайдалану шарттары туралы мәліметтерді алу мақсатында тапсырыс беруші ұсынған құжаттармен танысу арқылы жүргізіледі.
12. Сараптамалық талдау нормативтік-техникалық құжаттаманы зерделеу нәтижелері негізінде жүргізіледі.
Сараптамалық талдау нәтижелері бойынша аудитор функционалдық талаптардың іске асырылуы, цифрлық объектінің цифрлық архитектурасы туралы қорытындыларды қалыптастырады, кемшіліктер мен тәуекелдерді анықтайды, сондай-ақ цифрлық объектіні жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындайды.
13. Цифрлық объект компоненттерін аспаптық зерттеу бағдарламалық, бағдарламалық-аппараттық және техникалық құралдарды пайдалана отырып жүргізіледі.
Аспаптық зерттеу барысында аудитор цифрлық объект компоненттерінің жұмысқа қабілеттілігіне талдау жүргізеді, цифрлық объектінің өнімділігін, үйлесімділігін және іркіліссіздігін бағалайды, цифрлық объект компоненттерін жобалау мен іске асырудағы ақауларды анықтайды, сондай-ақ цифрлық объектінің штаттық жұмыс істеуін бұзуға қабілетті әрекеттерді жүргізбей, бағдарламалық және аппараттық қамтылымның белгілі осалдықтарының бар-жоғына цифрлық объект компоненттерін тексеруді жүзеге асырады.
Бұл ретте осы Қағидалар шеңберінде осалдықтарды анықтау тек цифрлық объектінің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау мақсатында ғана жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген киберқауіпсіздік аудитін жүргізуді алмастырмайды.
14. Цифрлық объектінің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау сараптамалық талдау және аспаптық зерттеу нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.
Цифрлық объектінің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау кезінде функционалдық талаптардың іске асырылу толықтығы, пайдалану ыңғайлылығы, өнімділігі, ауқымдылығы, сүйемелденуі, үйлесімділігі және цифрлық архитектураның цифрлық объектіні құру мақсаттарына сәйкестігі ескеріледі.
Цифрлық объектілер мен цифрлық архитектураның функционалдылығын бағалау нәтижелері бойынша аудитор аудиторлық қорытындыда көрсетілетін қорытындыларды қалыптастырады.
15. Аудитор аудиторлық қорытындыны цифрлық объектінің сапасына аудит жүргізу аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді.
16. Аудиторлық қорытынды қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалады, оның біреуі тапсырыс берушіге беріледі, екіншісі аудиторда қалады.
1 Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу нәтижелері бойынша аудиторлық қорытынды
Цифрлық объектілердің
сапасына аудит жүргізу
қағидаларына
қосымша
Нысан
Цифрлық объектілердің сапасына аудит жүргізу нәтижелері
бойынша аудиторлық қорытынды
_____________________________________________________________________
(цифрлық объектінің атауы)
______________________________________________________________________
(тапсырыс берушінің атауы)
____________________________________________________________ саласында
(аудит жүргізу саласы)
20__ жылғы «___» ________
_____________________________________________________________________
(цифрлық объектілердің сапасына аудитті жүзеге асыратын жеке тұлғаның тегі,
аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және (немесе) заңды тұлғаның атауы)
20_ жылғы «__» _________ шартқа сәйкес цифрлық объектілердің сапасына аудит
жүргізілді, оның барысында оның барысында мынадай қорытындылар жасалды:
1. Сараптамалық талдау нәтижелері:______________________________________
_____________________________________________________________________
2. Аспаптық зерттеу нәтижелері:_________________________________________
_____________________________________________________________________
3. Цифрлық объектінің функционалдығы мен цифрлық архитектурасын бағалау
нәтижелері:___________________________________________________________
_____________________________________________________________________
Цифрлық жүйені сүйемелдеу және дамыту жөніндегі ұсынымдар
____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
20__ жылғы «___» _________
_____________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), қолы)
Мөр орны (бар болған жағдайда)