Об утверждении Правил предоставления доступа к вычислительным ресурсам оператором национальной платформы искусственного интеллекта
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- Об утверждении Правил предоставления доступа к вычислительным ресурсам оператором национальной платформы искусственного интеллекта
- Атауы (қаз.)
- Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидаларын бекіту туралы
- Акт түрі
- Бұйрық
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- exe
- Нөмірі
- 517/НҚ
- Қабылданған күні
- 27.08.2026
- Қолданысқа енгізілген күні
- 15.09.2026
- Көрсетілген редакция
- 27.08.2026 I229466_0.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 27.08.2026
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- V2600039746
- ЭКБ идентификаторы
- 229466
- Редакция идентификаторы
- I229466_0
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 17.09.2026 18:58
0 Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидаларын бекіту туралы
«Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, 26-бабының 1) тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
8 Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидалары
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2026 жылғы 27 тамыздағы
№ 517/НҚ бұйрығымен
бекітілген
Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарын бөлу Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, 26-бабының 1) тармағына сәйкес әзірленді және жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «Астана Хаб» дербес кластерлік қоры (бұдан әрі – «Астана Хаб») – Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
2) ғылыми ұйым –қызметінің негізгі түрлері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды іске асыру, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылатын заңды тұлға;
3) жасанды интеллект саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жасанды интеллект саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – дерекнамаларды жинауға, өңдеуге, сақтау мен таратуға және жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған технологиялық платформа;
5) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы (бұдан әрі – оператор) – жасанды интеллектінің ұлттық платформасын дамыту мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;
6) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны;
7) өтініш беруші – жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарында орналастырылған есептеу ресурстарын ұсынуға өтінім берген ақпараттандыру субъектісі;
8) жасанды интеллекттің ұлттық платформасының есептеу ресурстары – жасанды интеллекттің ұлттық платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған есептеу ресурстарының жиынтығы;
9) есептеу ресурстарын тұтынудың есептік бірлігі (токен) – есептеу ресурстарын тұтынуды есепке алу үшін пайдаланылатын, жасанды интеллект сервистеріндегі деректерді өңдеу көлемінің есептік бірлігі. Токен төлем құралы және қаржылық актив болып табылмайды.
3. Жасанды интеллекттің ұлттық платформасының есептеу ресурстарына қол жеткізуді жасанды интеллекттің ұлттық платформасының операторы платформалық бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, оқыту, тәжірибелік пайдалану мақсатында жүзеге асырады.
2-тарау. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру тәртібі
4. Оператордың есептеу ресурстарына қолжетімділік мақсаты үлкен көлемдегі деректерді өңдеу және талдау, әлеуметтік-экономикалық процестерді модельдеу және болжау, жасанды интеллект саласындағы отандық шешімдерді әзірлеу, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы мамандандырылған ғылыми міндеттерді орындау үшін жүзеге асырылады.
5. Оператордың есептеу ресурстарына қолжетімділік беру мынадай Қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) ашықтық – бөлінген есептеу ресурстары, олардың көлемі және өтініш берушілер туралы есептерді тоқсан сайын уәкілетті органға жіберу арқылы рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету;
2) икемділік – өтініш берушілер арасында ресурстарды ағымдағы басымдықтар мен қажеттіліктерге қарай динамикалық қайта бөлу мүмкіндігі;
3) прагматикалық – бөлінген есептеу ресурстарын пайдалану тиімділігін мониторингтеу нәтижелерін ескеру және одан әрі бөлуді түзету.
6. Есептеу ресурстарына басым тәртіппен қолжетімділік алатын тұлғалар санаттарына мыналар жатады:
1) мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары;
2) ғылыми ұйымдар және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары;
3) «Астана Хаб» қатысушылары;
4) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін басқа тұлғалар.
7. Оператордың есептеу ресурстарына қолжетімділік беру мынадай мақсаттарға бағытталған іс-әрекеттер үшін жол берілмейді:
1) ядролық, химиялық, биологиялық қаруды, сондай-ақ оларды жеткізу құралдарын, оның ішінде баллистикалық зымырандар мен қос мақсаттағы немесе ұқсас сипаттағы қару-жарақ жүйелерін әзірлеу, өндіру, сынау, пайдалану немесе қолдау;
2) халықаралық кепілдіктермен қамтылмаған ядролық отын циклына байланысты қызметті, оның ішінде ядролық жарылғыш құрылғыларды жасау немесе сынау мақсатында жүргізу немесе қолдау;
3) адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға әкелуі мүмкін болса, интернет пен мобильді байланысты (оның ішінде дауыс, мәтіндік және медиа-хабарламалар, деректер) қоса алғанда, жасырын бақылау, мониторинг, мақсатты бақылау немесе телекоммуникациялық трафикті ұстап алуды жүзеге асыру;
4) криптоталдау функцияларын орындауға, киберқауіпсіздік жүйелерін бұзуға, әлсіретуге немесе айналып өтуге арналған бағдарламалық қамтылым мен жабдықты әзірлеу, пайдалану немесе техникалық қолдау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасын және халықаралық міндеттемелерін бұзатын, сондай-ақ оператормен келіспей жүзеге асырылатын кез-келген қызметті жүзеге асыру.
8. Есептеу ресурстары оператормен осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген санаттарға жатқызылған өтініш берушілерге бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.
9. Оператордың есептеу ресурстары ғылымды дамытуды ынталандыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі мемлекеттік шаралар шеңберінде немесе өз қаражаты есебінен осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген санаттарға жатқызылған өтініш берушілерге беріледі.
10. Оператордың есептеу ресурстары «Астана Хаб» бюджетінде көзделген қаражат, бағдарламалар бюджеті есебінен немесе өтініш берушінің өз қаражаты есебінен осы Қағидалардың 6-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген санаттарға жатқызылған өтініш берушілерге беріледі.
11. Оператордың есептеу ресурстарына қолжетімділік алу үшін өтініш беруші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша операторға өтінім береді және оған техникалық құжаттаманы (болған жағдайда) және өтініш берушінің құрылтай құжаттарын қоса ұсынады.
12. Оператордың есептеу ресурстарын пайдалануға тек өтінімде көрсетілген мақсаттарда ғана жол беріледі.
13. Оператор өтінімді осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтінім нысанында көрсетілген мәліметтердің толықтығы, есептеу ресурстарын ұсынудың техникалық мүмкіндігінің болуы және осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген негіздердің болмауы тұрғысынан қарайды.
Өтінім осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге өтінімді одан әрі қараудан бас тартылғаны туралы бас тарту себептерін көрсете отырып хабарлайды.
Өтінім осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген жағдайда, оператор оны осы Қағидалардың 14,15,16,17-тармақтарына сәйкес одан әрі қарайды.
14. Есептеу ресурстарына қолжетімділікті бюджет қаражаты есебінен беру туралы өтінім берілген жағдайда оператор өтінімді қарау және шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жібереді. Уәкілетті орган өтінім келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде есептеу ресурстарына қолжетімділікті қаржыландыру туралы не оны қаржыландырудан бас тарту туралы, бас тарту себептерін көрсете отырып, шешім қабылдайды.
15. Есептеу ресурстарына қолжетімділікті «Астана Хаб» қаражаты есебінен беру туралы өтінім берілген жағдайда оператор өтінімді қарау және шешім қабылдау үшін «Астана Хаб»-қа жібереді. «Астана Хаб» он бес жұмыс күні ішінде есептеу ресурстарына қолжетімділікті қаржыландыру туралы не оны қаржыландырудан бас тарту туралы, бас тарту себептерін көрсете отырып, шешім қабылдайды. Есептеу ресурстарына қолжетімділікті «Астана Хаб» қаражаты есебінен ұсынуға өтінім берілген жағдайда, оператор шешім қабылдау үшін өтінімді «Астана Хабқа» жібереді. «Астана Хаб» өтінім келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қолжетімділікті ұсыну туралы не бас тарту себептерін көрсете отырып, оны ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
16. Есептеу ресурстарына қолжетімділікті ғылымды дамытуды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандыру бойынша мемлекеттік шаралар шеңберінде бөлінетін қаражат есебінен ұсынуға өтінім берілген жағдайда, оператор шешім қабылдау үшін өтінімді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға жібереді. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган өтінім келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қолжетімділікті ұсыну туралы не бас тарту себептерін көрсете отырып, оны ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
17. Есептеу ресурстарына қолжетімділікті өтініш берушінің өз қаражаты есебінен ұсынуға өтінім берілген жағдайда, оператор 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қолжетімділікті ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешімді дербес қабылдайды.
18. Осы Қағидалардың 14, 15, 16 және 17-тармақтарында көзделген оң шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оператор өтініш берушіге есептеу ресурстарына қолжетімділікті ұсынады.
19. Жасанды интеллект сервистері арқылы есептеу ресурстарына қолжетімділік ұсынылған кезде, есептеу ресурстарын пайдалану есептеу ресурстарын тұтынудың есептік бірліктерінде (токендерде) есепке алынады.
20. Оператор есептеу ресурстарын пайдалануды есепке алуды және олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында олардың қолжетімділігін тұрақты негізде бақылауды жүзеге асырады.
21. Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес оператор тоқсан сайын уәкілетті органға ұсынылған есептеу ресурстары, олардың көлемдері және өтініш берушілер туралы мәліметтерді ұсынады, ал өз қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыратын ұйымдарға көрсетілген ақпарат олардың сұрауы бойынша ұсынылады.
22. Оператордың есептеу ресурстары мақсаты бойынша пайдаланылмағаны анықталған жағдайда оператор есептеу ресурстарына қолжетімділікті тоқтатады.
54 Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділікті беруге өтінім нысаны
Жасанды интеллектінің ұлттық
платформасы операторының
есептеу ресурстарына қолжетімділік
беру қағидаларына
қосымша
Нысан
Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділікті беруге өтінім нысаны
1. Өтініш берушінің атауы:
☐ Заңды тұлға
(тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) / ұйымның атауын көрсету)
2. Жеке сәйкестендіру нөмірі / Бизнес-сәйкестендіру нөмірі:
(өтініш берушінің мәртебесіне сәйкес көрсетіледі)
3. Өтінім берушінің санаты:
☐ мемлекеттік орган
☐ мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымы
☐ «Астана Хаб» дербес кластерлік қорының қатысушылары
☐ ғылыми ұйым немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы
☐ басқа ___________________________
4. Қаржыландыру көзі:
☐ бюджет қаражаты
☐ «Астана Хаб» дербес кластерлік қорының қаражаты
☐ ғылымды дамыту және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік шаралар шеңберіндегі қаражат
☐ меншікті қаражат
5. Өтінім берушінің жауапты тұлғасының байланыс деректері:
Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда): ______________________
Лауазымы: ________________________
Телефоны: _________________________
Электрондық поштасы: _______________
6. Жобаның атауы: _____________________________________
7. Жобаның қысқаша сипаттамасы (мақсаттары, міндеттері, күтілетін нәтижелері):
_____________________________________
8. Сұралатын ресурстар:
GPU саны: _________
Жедел жады көлемі (RAM): _______ ГБ
Сақтау орнының көлемі: _______ ГБ
Басқа параметрлер: ___________________________
9. Есептеу ресурстарын пайдаланудың болжамды мерзімі:
Басталуы: «___» __________ 20___ ж.
Аяқталуы: «___» __________ 20___ ж.
10. Қосымша материалдар (бар болған жағдайда):
_____________________________________