Об утверждении положения государственного учреждения «Отдел строительства, архитектуры и градостроительства Сайрамского района»
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- Об утверждении положения государственного учреждения «Отдел строительства, архитектуры и градостроительства Сайрамского района»
- Атауы (қаз.)
- «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы
- Акт түрі
- Қаулы
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- new
- Нөмірі
- 805
- Қабылданған күні
- 28.08.2026
- Қолданысқа енгізілген күні
- 08.09.2026
- Көрсетілген редакция
- 28.08.2026 229814_839387.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 28.08.2026
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- G26UJ00805A
- ЭКБ идентификаторы
- 229814
- Редакция идентификаторы
- 229814_839387
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 17.09.2026 19:03
0 «Сайрам аудандық құрылыс,
сәулет және қала құрылысы бөлімі»
мемлекеттік мекемесінің ережесін
бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» №590 қаулысына сәйкес, (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №158281 болып тіркелген) Сайрам ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесі осы қауылының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3) осы қаулыны оның ресми жарияланғаннан кейін оны Сайрам ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Сайрам ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
8 Сайрам ауданы әкімінің
2026 жылғы «28» тамыздағы
№805 қаулысының қосымшасы
«Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі»
мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік орган) Сайрам ауданының аумағында құрылыс саласындағы (салаларындағы) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады
2. Мемлекеттік органның ведомстволары жоқ.
3. Мемлекеттік орган өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік орган туралы ереже Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
«Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құқықтық мирасқоры болып табылады.
4. Мемлекеттік орган мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Мемлекеттік орган азаматтық- құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық- құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мемлекеттік орган өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мемлекеттік орган құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері; Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округі, Ақсу ауылы, Жібек жолы көшесі, №95, индекс 160800.
10. Осы Ереже Мемлекеттік органның құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мемлекеттік органның қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәкес, жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыс сметасынан) жүзеге асырылады.
12. Мемлекеттік органның кәсіпкерлік субъектілерімен Мемлекеттік орган өкілеттіліктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Мемлекеттік органға заңдармен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары, функциялары мен өкілеттіліктері
13. Мақсаттары;
1) Құрылыс, сәулет және қала құрылысы қатынастары саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
14. Өкілеттіліктері;
құқықтары:
1) өз құзыреті шегінде ақпараттық – талдау материалдарын дайындауға және оларды облыстық мемлекеттік органдарға және аудан әкімдігіне ұсынуға;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан және басқа ұйымдардан қажетті ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға, мемлекеттік мекеменің құзырына қатысты мәселелерді әзірлеуге, қатысуға тиісті ұсыныстар әзірлеуге;
3) сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың мамандарын, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар;
4) мемлекеттік мекеменің құзырына кіретін құрылыс, сәулет және қала құрылысы қатынастарында азаматтардың құқықтарын сақтау және басқа да мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына ұйымдастырушылық- әдістемелік, ақпараттық және басқа да көмектер көрсетеді;
5) аудандық маңызы бар құрылыс, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қою, объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жөнiнде жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;
6) өзіне жүктелген құқықтар мен міндеттерді уақтылы және сапалы жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы нормаларына сәйкес жауапты болады;
Сайрам ауданының бас сәулетшісіне;
1) белгіленген тәртіппен бекіту үшін қала құрылысы құжаттамасын уақтылы әзірлеуді, түзетуді қамтамасыз ете отырып, аумақтарды орнықты дамыту үшін жағдайлар жасау;
2) жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның, жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік объектілері құқық иеленушілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ете отырып, аумақтарды жоспарлау үшін жағдайлар жасау;
3) аумақтарды неғұрлым ұтымды және тиімді пайдалану бойынша бекітілген қала құрылысы құжаттамасын іске асыру кезінде инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
4) аумаққа бару және көзбен шолып қарау, сондай-ақ цифрлық жүйелер мен цифрлық ресурстардың мәліметтеріне талдау және бағалау жүргізе отырып, аумақтарда құрылыс салу бойынша ұдайы және тұрақты мониторинг жүргізу;
5) құрылысы аяқталмаған объектілердің тізбесін қалыптастыру және жүргізу;
6) мониторинг барысында анықталған рұқсат алмай не заңсыз тұрғызылатын (тұрғызылған) құрылыс объектілері, сол сияқты елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбетін өзгерту, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды және (немесе) ғимарат бөліктерін реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу) туралы, сондай-ақ бұзушылықтар және берілген және (немесе) келісілген бастапқы материалдардан ауытқулар туралы ақпаратты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға шаралар қабылдау үшін уақтылы жіберу;
7) халыққа өздерінің өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі, оның болжамды өзгерістері, белгіленген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы уақтылы хабар беру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қала құрылысы өзгерістерін және қала құрылысы құжаттамасын оларды бекіткенге дейін қарауға қатысуын қамтамасыз ету;
8) тұрақты негізде кезекші топографиялық жоспарға жаңартулар мен өзгерістерді енгізу;
9) рұқсат алмай не заңсыз тұрғызылатын (тұрғызылған) құрылыс объектілерін сүру туралы, сол сияқты елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбетін бекітілген талаптарға сәйкес келтіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін және (немесе) ландшафтарды сақтау туралы сотқа талап қоюларға бастамашылық ету жүктеледі.
міндеттері:
1) аудан аумағындағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру жөнінде аудан әкіміне ұсыныстар енгізеді, мемлекеттік мекемеге қатысты мәселелер бойынша ақпараттық талдау және басқа да материалдар әзірлеуді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік мекеменің қызмет саласына қатысты мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсыныстар береді, оның орындалуын қадағалайды, сондай- ақ жергілікті атқарушы органдар өткізетін шараларға қатысады;
3) аудан деңгейіндегі құрылыс, сәулет және қала құрылысы мәселелеріне қатысты мемлекеттік тапсырыстарды іске асыруға қаржыландыруды жүзеге асырады;
4) мемлекеттік мекеменің құзырына кіретін мәселелер бойынша отырыстар өткізу;
5) ауданда жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысының өзгерiстерi туралы халыққа хабарлап отыру;
6) аудан көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізу;
7) бөлімнің міндеттерімен өкілеттіліктерін іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады;
15. Функциялары;
1) заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген аудан аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын), селолық елдi мекендердiң бас жоспарларын iске асыру жөніндегi қызметтi үйлестiру;
2) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;
3) аудан аумағындағы объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін, сондай-ақ пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) есепке алуды жүргізу;
4) аудандық маңызы бар ғимараттар мен құрылыс жайларды бұзу туралы актілердің есебін жүргізу және тіркеу;
5) аудандық маңызы бар тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауды және олардың күтiп ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргiзудi ұйымдастыру;
6) аудан аумағында қала құрылысын дамыту схемаларын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және өзге де ауылдық елді мекендердің бас жоспарларының жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
7) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (аумақтық даму схемаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жобаларын және іске асыру;
8) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілердің және кешендердің құрылысының жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларын қарау және бекіту;
9) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізу;
10) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау;
11) бұрыннан бар үйлердің үй-жайларын қайта жоспарлау арқылы реконструкциялау туралы шешім қабылдау;
3. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Мемлекеттік органны басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Мемлекеттік органға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Мемлекеттік органның бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Мемлекеттік органның бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Мемлекеттік органның бірінші басшысының өкілеттіліктері
1) Мекеме атынан іс-қимылын жүргізеді, барлық органдарда, жеке және заңды тұлғалар қатынасында оның мүддесін білдіреді;
2) Барлық кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелері алдында келісім-шарт міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
3) Құрылтайшы шешімін жүзеге асырады;
4) Мекеме атынан іс-жүргізу құқығына сенімхат беру, сонымен қатар қайта сену құқығына сенімхаттар беру;
5) Еңбек ақы төлеу жүйесін, қызметтік жалақыларды және дербестік қосымша төлемдер мөлшерін белгілейді, сыйақы мәселелерді шешеді, мадақтау мен тәртәптік айып-шара салулар шараларын қабылдайды, әртүрлі мәмілелерді және басқа да заңдылық актілерді жасау, келісім-шарттарға соның ішінде еңбектік, жұмысқа жалдану келісімдері бойынша мәмілеге тұру;
6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мекеме жұмысшыларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
7) Мекеменің ақшасына билік етеді, мекеме қызметіне тікелей басшылығын жүргізеді және оның нәтижесіне дербес жауапкершілігін алып жүреді
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін дербес жауапты болады.
9) Мемлекеттік орган қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көтермелеу шараларын қолданады және оларға тәртіптік шара көреді.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
21. Мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын лауазымды тұлға бірінші басшы басқарады.
22. Мемлекеттік органның алқалы органдары жоқ.
4. Мемлекеттік органның мүлкі.
23. Мемлекеттік органның заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мемлекеттік органның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік,сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган өздеріне бекітіліп берілген, өздерінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.
24. Мемлекеттік органға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік орган өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату.
26. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мекеменінің ведомствалық қарамағында ұйымдар мен аумақтық органдар және мемлекеттік мекемелер жоқ.