Мазмұнға өту Құжат мәтініне өту

О Регламенте Курултая Республики Казахстан

Қаулы · № 30-I КРК · қабылданған 10.09.2026
Заңдық күші: Қолданыста · 20.09.2026 жағдай бойынша
https://adilet.kz/laws/doc-230022/on/2026-09-20/
Басып шығарылды 2026-09-20 · adilet.kz
О Регламенте Курултая Республики Казахстан Қолданыста 10.09.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

О Регламенте Курултая Республики Казахстан

Қолданыста Қаулы № 30-I КРК 20.09.2026 жағдай бойынша
Деректемелер және дереккөз
Толық атауы
О Регламенте Курултая Республики Казахстан
Атауы (қаз.)
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламенті туралы
Акт түрі
Қаулы
Заңдық күші
Қолданыста
Тізілімдегі мәртебе коды
exe
Нөмірі
30-I КРК
Қабылданған күні
10.09.2026
Қолданысқа енгізілген күні
10.09.2026
Көрсетілген редакция
10.09.2026 I230022_0.kaz
Соңғы өзгеріс
10.09.2026
Мәтін тілі
қазақша
ЭКБ идентификаторы
230022
Редакция идентификаторы
I230022_0
Бастапқы дереккөз
ЭКБ zan.gov.kz (API)
Деректер жаңартылды
17.09.2026 03:31
20.09.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 10.09.2026. Бұл — корпустағы соңғы редакция.

0 Қазақстан Республикасы Құрылтайының

Регламенті туралы
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламенті осы Қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

2. Осы Қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап:

1) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентінің;

2) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 1996 жылғы 8 ақпандағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламентінің;

3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң 1996 жылғы 20 мамырдағы Қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Парламентiнің Регламентiнің күші жойылды деп танылсын.

3. Осы Қаулы қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

1 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ РЕГЛАМЕНТІ

Қазақстан Республикасы Құрылтайының
2026 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 30-I ҚРҚ Қаулысына
қосымша
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ
РЕГЛАМЕНТІ

1-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ НЕГІЗДЕРІ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. Осы Регламент:

1) Қазақстан Республикасының Құрылтайы (бұдан әрі – Құрылтай) қызметінің ұйымдастырылуын;

2) Құрылтайдың үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарын қалыптастыру тәртібін және олардың қызметінің ұйымдастырылуын;

3) Құрылтайдағы депутаттық бірлестіктерді, оның ішінде саяси партиялар фракцияларын, сондай-ақ көпшілік пен оппозицияны құру тәртібін және олардың қызметінің ұйымдастырылуын;

4) Құрылтай отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібін;

5) тыңдаулар мен үкімет сағаттарын өткізу тәртібін;

6) заң шығару бастамасы құқығын іске асыру тәртібін;

7) Құрылтайдағы заң шығару процесінің қағидаларын және Құрылтайдың жұмыс органдарында заң жобаларын талқылау тәртібін;

8) Құрылтайдың депутаттары мен лауазымды адамдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін;

9) Құрылтайдың, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін белгілейді.

2. Құрылтай Регламенті, Құрылтай Регламентіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Құрылтай отырысында Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және Құрылтай қаулысымен бекітіледі.

3. Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсаты көзделіп, Құрылтай Регламенті сақталмай өткізілетін Құрылтай депутаттарының кез келген жиналысы заңсыз болып саналады. Мұндай жиналыс қабылдаған актiлер жарамсыз болады.

4. Құрылтай өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, сондай-ақ осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.

5. Құрылтай «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

6. Кезекті шақырылған Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.

Құрылтайдың өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

7. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі кезекті шақырылған Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі бойынша айқындалады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

8. Құрылтай өз қызметін Құрылтай сессияларында, оның органдары мен депутаттарының жұмысы арқылы іске асырады.

Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және (немесе) бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, үкімет сағаттары дүйсенбі күндері өткізіледі.
Көрсетілген күндердегі Құрылтай отырыстары Регламенттің осы тармағының талаптарына орай шақырылған болып есептеледі.
Құрылтай отырыстары арасындағы кезеңде депутаттар өз өкілеттіктерін оның жұмыс органдарында жүзеге асырады.
Өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасау үшін депутаттарға Қазақстан Республикасының өңірлері мен елді мекендеріне сапарға шығу үшін күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Сапарға шығу Құрылтай Бюросының шешімі бойынша, бірақ сессия ішінде кемінде екі рет жүзеге асырылады.
Құрылтайдың, Құрылтай Төрағасының не Құрылтай Бюросының шешімі бойынша отырыстарды, тыңдауларды және үкімет сағаттарын өткізудің өзге күні белгіленуі мүмкін.
Құрылтай отырысын өткізу күні туралы ақпаратты Құрылтай Аппараты депутаттардың назарына күні бұрын жеткізеді.

9. Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Құрылтай жұмысы мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

Уәкілеттік берілген адам қол қойған, осы Регламентте көзделген құжаттар қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық құжат нысанында, оның ішінде цифрлық объектілер арқылы енгізіледі, жіберіледі немесе ұсынылады. Қағаз жеткізгіштегі құжаттарға уәкілеттік берілген адамның өзі қол қояды.
Электрондық құжат оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады және ол өзінің сипатын өзгертпестен, өзі құрылған цифрлық жүйеден тыс айналымда болу және сақталу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
Қолжетімділігі шектеулі ақпарат қамтылған құжаттармен жұмыс істеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Құрылтай Аппараты Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдары отырыстарының, тыңдаулардың, үкімет сағаттарының аудармасын, сондай-ақ Құрылтай актілері мен олардың жобаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етеді.

10. Құрылтайдың тұрақты орналасқан жері: Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы.

2-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЗАҢ ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІ

2-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ СЕССИЯСЫ

11. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.

Жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы осы Регламенттің 3-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Құрылтайдың кезекті сессиялары жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өткізіледі.
Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заң жобаларына түзетулер дайындау, сайлаушылармен өзара қарым-қатынас жасау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асырады, сондай-ақ Құрылтайдың, оның Бюросының және жұмыс органдарының лауазымды адамдарының өзге де тапсырмаларын орындайды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып саналмайтын күндер жұмыс күндері деп түсініледі.

12. Құрылтай сессиясы Құрылтай отырысында ашылады және жабылады.

Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады, ал ол болмаған кезде Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы ашады.
Құрылтай сессиясы ашылған және жабылған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

13. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сессиясында Қазақстан халқына Жолдау жасау туралы шешім қабылдаған жағдайда, Жолдауды жария ету осы мәселені Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізбестен жүзеге асырылады.

Жолдау талқыланбайды және ол бойынша сұрақ қойылмайды.

14. Құрылтайдың кезекті сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкін.

15. Құрылтай сессиясының ашылатын күні, уақыты мен орны туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады.

3-тарау. ЖАҢАДАН ШАҚЫРЫЛҒАН ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ БІРІНШІ СЕССИЯСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

16. Жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады және ол Құрылтай отырысында ашылады.

Құрылтайдың бірінші сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады.

17. Құрылтайдың Төрағасы сайланғанға дейiн жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етеді.

18. Жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші отырысында төрағалық етушінің ұсынысы бойынша Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізілетін мынадай мәселелер қаралады:

1) Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше тәртіпті көздемесе, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының ант беруі туралы;

2) Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасын сайлау туралы;

3) Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының орынбасарларын сайлау туралы;

4) Қазақстан Республикасы Құрылтайы тұрақты комитеттерінің саны мен атаулары туралы;

5) Қазақстан Республикасы Құрылтайы тұрақты комитеттерінің төрағаларын сайлау туралы;

6) Қазақстан Республикасы Құрылтайы тұрақты комитеттерінің мүшелерін сайлау туралы.

19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғаруы туралы ақпаратты Құрылтай Төрағасы жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші отырысында осы мәселені Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізбестен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тиісті өтінішінің мәтінін жария ету арқылы депутаттардың назарына жеткізеді.

20. Егер жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күні Қазақстан Республикасының Президенті Премьер-Министрді лауазымға тағайындауға Құрылтайдың келісімін алу үшін жазбаша ұсыну енгізсе, осы мәселе Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізіліп, әдетте, Құрылтай Төрағасы сайланғаннан кейін қаралады.

21. Жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші отырысының күн тәртібіндегі мәселелер осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады.

22. Жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуын дайындау мен өткізуді ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де жағынан Құрылтай Аппараты қамтамасыз етеді.

4-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ОТЫРЫСТАРЫН ӨТКІЗУ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ

23. Құрылтай отырыстарын Құрылтай Төрағасы шақырады.

24. Құрылтай отырыстары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін, сағат 13:00-ден 14:30-ға дейінгі үзіліспен өткізіледі.

Құрылтай немесе оның Бюросы отырысты өткізудің өзге уақыты туралы шешім қабылдай алады.
Құрылтай Төрағасының тапсырмаларын орындау жағдайларын қоспағанда, Құрылтай отырыстарын өткізу уақытында оның тұрақты комитеттерінің, комиссияларының, жұмыс топтарының, саяси партиялар фракцияларының және депутаттық топтардың отырыстарын, сондай-ақ тыңдауларды, үкімет сағаттарын және сайлаушылармен жұмыс жөніндегі іс-шараларды өткізуге жол берілмейді.

25. Құрылтай отырысы Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі (кемінде тоқсан жеті депутат) қатысқан жағдайда заңды болады.

Отырыстың заңдылығын айқындау үшін отырыс басталар алдында, сондай-ақ әрбір үзілістен кейін депутаттар аты-жөні бойынша тіркеледі. Дауыс беру алдында депутаттарды аты-жөні бойынша қосымша тіркеу өткізілуі мүмкін. Рәсімдік мәселелер бойынша дауыс беру алдында аты-жөні бойынша қосымша тіркеу өткізілмейді.

26. Құрылтай отырыстары ашық түрде өтеді.

27. Құрылтай жабық отырыстарды, егер оған қатысып отырған депутаттар санының көпшілігі қолдап дауыс берсе, Құрылтай Төрағасының, Құрылтай Бюросының не Құрылтай депутатының ұсынысы бойынша өткізуге құқылы.

Жабық отырыстар өткізу және қолжетімділігі шектеулі ақпаратты, соның ішінде таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты немесе мемлекеттік құпияларды қамтитын мәселелерді талқылау құпиялылық режимі қамтамасыз етіліп және отырыстарға кіргізу шектеле отырып жүзеге асырылады.

28. Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Құрылтайдың кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

29. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды адамдарының отырысқа қатысу қажеттiлігi туралы Құрылтай шешiмi қабылданса, олар Құрылтай отырысына келуге және өздерінің құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiк беруге мiндеттi.

Құрылтайдың Қазақстан Республикасының Президентіне және Вице-Президентіне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға құқығы жоқ.

30. Құрылтайда ашық отырыстардың трансляциясы қамтамасыз етіледі.

Ашық отырыстар Құрылтайдың интернет-ресурсында онлайн режимде де трансляциялануы мүмкін.

31. Құрылтай отырыстары стенограммаға түсiрiледi және олардың бейнежазбасы жүргізіледі.

Ашық отырыстардың стенограммалары Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырылады.

32. Құрылтай отырысы барысында ақпараттық қамтамасыз ету үшін –автоматтандырылған жүйе, ал отырыстарды жүргізу процесін ұйымдастыру үшін тіркеудің және дауыстарды санаудың электрондық жүйесі пайдаланылады.

33. Құрылтай отырысына шақырылған адамдар құрамын талқыланатын тақырыпқа қарай Құрылтай отырысы күн тәртібінің тиісті мәселелері бойынша бас (жауапты) комитет болып табылатын комитеттер қалыптастырады.

Шақырылған адамдардың Құрылтай қызметіне араласуға құқығы жоқ, олар оның жұмысын мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын білдірмеуге, белгіленген тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің нұсқауларын орындауға міндетті.
Құрылтай Аппараты шақырылған адамдарға Құрылтай отырысының өткізілетін күні, уақыты, орны және қаралатын мәселелер туралы күні бұрын хабарлайды.
Шақырылған адамдарды Құрылтайдың отырыс залына кiргiзу тәртібін Құрылтай Аппаратының Басшысы айқындайды.
Құрылтай Аппаратының мемлекеттік қызметшілері Құрылтай отырыстарына Құрылтай Аппаратының Басшысы айқындайтын тәртіппен қатысады.

34. Құрылтай отырыстарында Құрылтай Төрағасы, ал ол орнында болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін емес жағдайда Құрылтай Төрағасы орынбасарларының біреуі олардың арасында міндеттерді бөлуге сәйкес төрағалық етеді.

35. Құрылтай отырысында төрағалық етуші:

1) отырысты ашады, жүргізеді және жабады;

2) үзіліс жариялайды;

3) тіркеудің және дауыстарды санаудың электрондық жүйесінің деректеріне сәйкес, депутаттарға кезектілік ретімен сөз береді;

4) рәсімдік мәселелер бойынша депутаттарға кезектен тыс сөз береді;

5) дауыс беру рәсімінің басталғанын хабарлайды және оның нәтижелерін жария етеді;

6) отырысты өткізудің осы Регламентте белгіленген шарттары мен тәртібін қамтамасыз етеді.

Төрағалық етуші мынадай жағдайларда:

1) сөз сөйлеу үшін белгіленген уақыт өткенде;

2) талқыланып отырған тақырыптан ауытқу орын алғанда;

3) сөйлеуші осы Регламенттің ережелерін бұзса, өз сөзінде депутаттардың, шақырылғандардың және өзге де адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін дөрекi, қорлайтын сөздерді пайдаланса, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге және күш қолдану әрекеттеріне шақырса, оны сөз сөйлеуден айырады.

Төрағалық етушінің депутаттардың сөйлеген сөздеріне комментарий жасауға және баға беруге құқығы жоқ.

36. Осы Регламентте өзгеше белгіленбесе, Құрылтай отырысының күн тәртібін және талқыланатын мәселелерді қарау тәртібін Құрылтай Бюросы енгізеді және олар Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы бекітіледі.

Күн тәртібі мен мәселелерді қарау тәртібі бойынша депутаттардың ұсыныстары мен ескертулері әрбір ұсыныс бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

37. Құрылтай отырыстарында сөз сөйлеу ұзақтығы:

1) баяндама үшін – егер осы Регламентте өзгеше белгіленбесе, он бес минутқа дейін;

2) қосымша баяндама үшін – он минутқа дейін;

3) жарыссөзде сөз сөйлеу үшін (екі реттен көп емес) – жеті минутқа дейін және қайтадан сөз сөйлеу үшін – бес минутқа дейін;

4) сұрақ қою үшін (екі реттен көп емес) – екі минутқа дейін;

5) сұраққа жауап беру үшін – бес минутқа дейін;

6) рәсімдік мәселе бойынша сөз сөйлеу үшін – екі минутқа дейін белгіленеді.

Белгіленген уақыттан асып кеткен кезде сөйлеушінің микрофоны автоматты түрде өшіріледі. Қажет болған жағдайда төрағалық етуші қосымша уақыт бере алады, бірақ ол екі минуттан аспауға тиіс.
Осы Регламентте өзгеше белгіленбесе, Құрылтай отырысының күн тәртібіндегі бір мәселе бойынша сұрақ қою және оған жауап беру уақытының жалпы ұзақтығы бір сағаттан, ал жарыссөздер үшін бір жарым сағаттан аспауға тиіс.
Жарыссөздер аяқталғаннан кейін баяндамашы мен қосымша баяндамашының әрқайсысы ұзақтығы он минутқа дейінгі қорытынды сөз сөйлеуге құқығы бар.
Құрылтай қатысып отырған депутаттар санының көпшілік дауысымен әрбір сөз сөйлеу үшін де, сұрақтар мен оларға жауаптардың, сондай-ақ жарыссөздердің жалпы ұзақтығы үшін де өзге уақыт белгілей алады.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Вице-Президентіне олардың өтініші бойынша кез келген уақытта сөз беріледі.
Құрылтай Төрағасының, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өтінішімен күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөйлеу үшін кезектен тыс сөз беріледі.
Құрылтай отырысында төрағалық етушінің рұқсатынсыз ешкімнің сөз сөйлеуге құқығы жоқ.

38. Жарыссөз барысында төрағалық етуші талқыланатын мәселе бойынша пікірлердің әртүрлі болуын анықтайды.

Жарыссөз белгіленген уақыт өткеннен кейін не қатысып отырған депутаттар санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданатын Құрылтай шешімі бойынша тоқтатылады.
Жарыссөзді тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін төрағалық етуші депутаттарды сөз сөйлеуге жазылған және сөз сөйлеген адамдардың саны туралы хабардар етеді, сөз сөйлеуге жазылғандар ішінен кімнің сөз беруді талап етіп отырғанын анықтайды және қатысып отырған депутаттардың көпшілігі келіссе, оларға сөз береді.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың талап етуі бойынша олардың атынан сөз сөйлеу үшін міндетті түрде сөз беріледі.
Жарыссөздің тоқтатылуына байланысты сөз сөйлей алмаған депутаттар өз сөздерінің қол қойылған мәтіндерін жазбаша түрде Құрылтай отырысының стенограммасына қосуға құқылы.

5-тарау. ДАУЫС БЕРУ ЖӘНЕ ШЕШIМДЕР ҚАБЫЛДАУ ТӘРТIБI

39. Құрылтайдың және оның органдарының шешімдері дауыс беру арқылы қабылданады.

Дауыс беру ашық немесе жасырын түрде өткізілуі мүмкін.
Ашық дауыс беру тіркеудің және дауыстарды санаудың электрондық жүйесін пайдалану не қол көтеру арқылы жүргізіледі.
Жасырын дауыс беру бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүргізіледі.
Дауыс беруді өткізу үшін кворум болмаған жағдайда Құрылтай Аппараты кворумды қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етуші дауыс беруді басқа уақытқа ауыстырады не Құрылтайдың немесе оның органдарының келесі отырысына қалдырады.
Өткізілген дауыс беру рәсімінде немесе техникасында қателер анықталған жағдайда Құрылтайдың немесе оның органдарының шешімімен қайта дауыс беру өткізіледі.
Дауыс беру нәтижелері және әрбір мәселе бойынша қабылданған шешімдер тиісті отырыстың стенограммасына енгізіледі.

40. Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген Құрылтайдың жалпы саны бір жүз қырық бес депутатының осы Регламентте көзделген дауыс саны:

1) Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысы – депутаттардың кемінде жетпіс үш дауысын;

2) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысы – депутаттардың кемінде тоқсан жеті дауысын;

3) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысы – депутаттардың кемінде бір жүз тоғыз дауысын;

4) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің дауысы – депутаттардың кемінде қырық тоғыз дауысын;

5) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің дауысы – депутаттардың кемінде жиырма тоғыз дауысын құрайды.

Депутаттардың осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген қажетті саны тиісті шешімге дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

41. Құрылтайдың рәсiмдiк мәселе жөнiндегi шешiмi отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшiлiк дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Құрылтай отырысының стенограммасына түсiрiледi.

Рәсiмдiк мәселелерге:

1) отырыстың үзiлiсi туралы;

2) мәселелердi қарау кезектiлiгi туралы;

3) жарыссөздi тоқтату не жалғастыру туралы;

4) сұрақ қою және оған жауап беру уақытын тоқтату немесе ұзарту туралы;

5) сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту туралы;

6) дауыс беруді өткізу тәсiлi туралы;

7) аты-жөні бойынша қосымша тіркеу және дауыстарды қайта санау туралы;

8) қайта дауыс берудi өткiзуге қайтып оралу туралы;

9) депутаттық сауалдарды жария ету тәртібі туралы мәселелер жатады.

42. Дауыс беру басталар алдында төрағалық етушi дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын жария етеді, олардың тұжырымдамаларын нақтылайды, авторлардың қайсысы өз ұсыныстарын алып тастайтынын анықтайды, шешiмдi қандай көпшiлiк дауыспен қабылдауға болатынын еске салады.

Қаралып жатқан мәселе бойынша бiрнеше ұсыныс енгiзiлген жағдайда төрағалық етушi енгiзiлген барлық ұсынысты келiп түсу ретiмен дауысқа салады.
Төрағалық етушi дауыс берудiң басталғаны туралы хабарлағаннан кейiн ешкiмнің дауыс берудi бұзуға құқығы жоқ.
Төрағалық етушi дауыс беру аяқталғаннан кейiн оның нәтижелерiн және қабылданған шешiмдi жариялайды.

43. Дауыс беру кезiнде депутат әрбір мәселе бойынша бiр дауысқа ие болады, ол «жақтап» немесе «қарсы» дауыс береді не «қалыс қалады».

Дауыс беру кезiнде болмаған депутаттың кейiннен дауыс беруге құқығы жоқ.

44. Бюллетеньдердi пайдалану арқылы жасырын дауыс беруді өткiзген кезде Құрылтай депутаттардың арасынан Санақ комиссиясын сайлайды. Кандидатуралары сайланбалы органдардың құрамына немесе лауазымды адамдар қызметiне ұсынылған депутаттар Санақ комиссиясына кiрмейдi. Санақ комиссиясының сайланғаны туралы Құрылтай қаулы қабылдайды.
Санақ комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Санақ комиссиясының шешiмi оның мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешушi болады.
Дауыс беруге арналған қажеттi ақпараты бар бюллетеньдер Санақ комиссиясының бақылауымен ол белгiлеген нысан бойынша және белгiлi бiр мөлшерде әзiрленедi.
Құрылтай кандидаттарды жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қосу туралы қаулы қабылдайды.
Дауыс беру күнін, уақыты мен орнын, оны өткiзу тәртiбiн Санақ комиссиясы белгiлеп, оның төрағасы жариялайды.
Әрбір депутатқа Санақ комиссиясының төрағасы қол қойған бiр бюллетень берiледi. Бюллетеньдердiң жалпы саны Құрылтай депутаттарының тiзiмдiк құрамының санынан аспауға тиiс.
Бюллетеньдер Құрылтай депутаттарына депутаттық куәліктерін көрсеткеннен кейін беріледі.
Депутат бюллетеньдi жасырын дауыс беруге арналған кабинада бюллетеньдегi өзi жақтап дауыс беретiн кандидаттың тегiнiң оң жағына белгi қою, ал шешiмнiң жобасы бойынша бюллетеньде – ұсынылатын шешiмдер нұсқаларының бiрiнiң оң жағындағы «жақтаймын» не «қарсымын» деген сөздердiң бiреуiн белгiлеу арқылы толтырады.
Мүгедектігі бар депутат үшін Санақ комиссиясы дауыс беру құпиясын сақтауға мүмкіндік беретін қолжетімді форматты және (немесе) ассистив құралдарды қолдана отырып, бюллетеньді өз бетінше толтыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бюллетеньге депутаттың ерік білдіруін нақты айқындауға мүмкіндік беретін тәсілмен белгі қойылады.
Белгiленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлаған кезде – бiр лауазымға бiр кандидатурадан артық белгiленген бюллетеньдер де жарамсыз деп саналады. Бюллетеньге қосымша жазылған кандидатуралардың тегі дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды. Бiреуден көп шешiм жобасы белгiленген бюллетеньдер де жарамсыз деп саналады.
Толтырылмаған бюллетеньдер және барлық кандидаттың тегі белгiленбеген бюллетеньдер жарамды деп танылады, алайда дауыстарды санаған кезде есепке алынбайды.
Санақ комиссиясы дауыс беруге арналған жәшiктi дауыс беру аяқталғаннан кейiн ашады. Жәшiктi дауыс беру аяқталғанға дейiн ашуға тыйым салынады.
Дауыс беруге арналған жәшiктi ашар алдында Санақ комиссиясы пайдаланылмаған барлық бюллетеньдi санайды және жояды.
Дауыс беруге арналған жәшiктi ашу Санақ комиссиясы мүшелерiнiң барлығының қатысуымен жүзеге асырылады. Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелерi туралы хаттама жасайды, оған Санақ комиссиясының барлық мүшесi қол қояды. Құрылтай Санақ комиссиясының баяндамасы бойынша Санақ комиссиясының жасырын дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамасын депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен ашық дауыс беру арқылы бекiтедi.
Өткiзiлген дауыс беру рәсiмiнде немесе техникасында қателер анықталған жағдайда Құрылтайдың шешiмiмен қайта дауыс беру өткiзiледi.
Жасырын дауыс беру кезiнде болмаған депутаттың кейiннен дауыс беруге құқығы жоқ.

6-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ АКТІЛЕРІ. ЗАҢ ШЫҒАРУ БАСТАМАСЫ ҚҰҚЫҒЫН ІСКЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ

45. Құрылтай Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдарды, оның ішінде конституциялық заңдарды қабылдайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Конституциялық заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, заңдар Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
Құрылтайдың заңды, оның ішінде конституциялық заңды қабылдау туралы шешімі тиісті қаулымен ресімделеді.

46. Заңдар, оның ішінде конституциялық заңдар Қазақстан Республикасының Президенті оларға қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

47. Егер заңның өзінде немесе оны қолданысқа енгізу туралы заңда «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзге мерзім көрсетілмесе, заңдар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

48. Құрылтай өз құзыретіндегі өзге мәселелер бойынша қаулы шығарады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулылары оның депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

49. Құрылтай қаулылары, егер қаулының өзінде өзге мерзім көрсетілмесе, қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

50. Осы Регламентте көзделмеген заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.

51. Құрылтайдың заңнамалық сипаты жоқ өтініштері, декларациялары мен мәлімдемелері осы Регламентте белгіленген тәртіппен қабылданады.

52. Заң шығаруға бастама жасау құқығы заң жобасының мәтінін қағаз жеткізгіште және электрондық құжат нысанында, оның ішінде цифрлық объектілер арқылы қазақ және орыс тілдерінде қажетті материалдармен бірге заң шығаруға бастама жасау құқығы субъектісінің Құрылтайға ресми түрде енгізуі арқылы іске асырылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес заң шығаруға бастама жасау құқығы:

1) заң жобасын арнаулы жолдау арқылы енгізетін Қазақстан Республикасының Президентіне;

2) заң жобасын ұсыну арқылы енгізетін Құрылтай депутаттарына;

3) заң жобасын қаулы арқылы енгізетін Үкіметке;

4) заң жобасын шешім арқылы енгізетін Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі.

53. Құрылтай депутаттары немесе Қазақстан Халық Кеңесі бастамашы болатын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 6-тармағына сәйкес Үкіметтің оң қорытындысын талап ететін заң жобаларын депутаттар немесе Қазақстан Халық Кеңесі олар Құрылтайға ресми енгізілгенге дейін Үкімет қорытындысын алуға жібереді.

54. Құрылтайға ұсынылатын заң жобасы бойынша материалдар мыналарды:

1) заң жобасының мәтінін;

2) заң шығаруға бастама жасау құқығы субъектісінің заң жобасын Құрылтайға енгізу туралы шешімін;

3) «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, оның ішінде республикалық бюджет туралы немесе республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қосымшаларды – Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген материалдарды қамтуға тиіс.
Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобасы бойынша материалдарда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі не халықаралық шарттың депозитарийі оны жасасу тілдерінде ресми куәландырған халықаралық шарттың көшірмесі де, егер қазақ және орыс тілдері халықаралық шартты жасасу тілдері болмаса, халықаралық шартты жасасуға жауапты орталық мемлекеттік орган ресми куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріне теңтүпнұсқалы аудармалары, ғылыми сараптама қорытындысы да қамтылуға тиіс;

4) Құрылтай депутаттары немесе Қазақстан Халық Кеңесі бастамашы болған, мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысын қамтуға тиіс. Құрылтайға Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
Заңдарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заң жобасына – енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, заңның құрылымдық бөліктерінің қолданыстағы және ұсынылатын редакцияларының салыстырма кестесі қоса беріледі.

55. Қазақстан Республикасы Президентінің немесе халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобасын қоспағанда, Құрылтайға келіп түскен заң жобасы мен қажетті материалдар Құрылтай Аппаратында олардың толықтығы, ресімдеуге қойылатын белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ заң жобасы мен оның ажырамас бөліктерінің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалығы тұрғысынан алдын ала тексерілуге тиіс.
Егер заң жобасы мен қажетті материалдар «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және осы Регламентте белгіленген талаптарға сай келсе, Құрылтай Аппараты бес жұмыс күні ішінде заң жобасын тіркейді және оны Құрылтай Төрағасына ұсынады.
Заң жобасы немесе қажетті материалдар «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және осы Регламентте белгіленген талаптарға сай келмеген жағдайда, Құрылтай Аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде заң жобасын заң шығаруға бастама жасау құқығы субъектісіне не әзірлеуші органға ескертулерді жою үшін тіркемей қайтарады.
Қазақстан Республикасы Президентінің немесе халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобасы тіркеледі және Құрылтай Төрағасына дереу беріледі.
Сол бір мәселе бойынша заң жобалары балама заң жобалары болып саналады және осы Регламентте белгіленген тәртіппен қаралады.

56. Заң жобаларын Құрылтайдың қарау кезектілігі мен мерзімдерін –Құрылтай Бюросы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

57. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға арнаулы жолдау арқылы заң жобаларын қарау басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары екі ай ішінде бірінші кезекте қабылдануға тиіс дегенді білдіреді.

58. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобаларын Құрылтай дереу қарайды.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.

7-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДА ЗАҢ ШЫҒАРУ ПРОЦЕСІ ҚАҒИДАЛАРЫ

59. Құрылтай Төрағасы заң жобасын Құрылтай Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына және заң жобасын одан әрі қарау тәртібі туралы Құрылтай Бюросы шешімінің жобасын әзірлеу үшін тиісті комитетке жібереді.

60. Құрылтай Бюросы өз қаулысымен заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін бас комитетті, сондай-ақ Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару мерзімін белгілейді. Осы Регламентте өзгеше белгіленбесе, көрсетілген мерзім, Құрылтай сессиялары арасындағы уақытты есепке алмағанда, күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің арнаулы жолдауы арқылы қарау басымдығын айқындаған заң жобасын Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару мерзімі күнтізбелік жиырма күннен аспайды.
Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобасын Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару мерзімі бес жұмыс күнінен аспайды.
Республикалық бюджет туралы немесе республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару мерзімі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген мерзімдер ескеріле отырып айқындалады.

61. Заң жобасын Құрылтайдың қарауына шығару мерзімін өзгерту бас комитеттің Құрылтай Төрағасының атына өтініші негізінде Құрылтай Бюросының шешімімен жүзеге асырылады.

Мерзімді ұзарту рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті өзінің арнаулы жолдауы арқылы қарау басымдығын айқындаған заң жобаларына және халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында енгізілген заң жобаларына қатысты қолданылмайды.

62. Заң жобасының мәтіні бастамашысы ұсынған редакцияда қажетті материалдармен бірге Құрылтайдың автоматтандырылған жүйесінде және интернет-ресурсында орналастырылады.

63. Заң жобасы бойынша бас комитет болып саналмайтын Құрылтайдың тұрақты комитеттері бас комитет құратын жұмыс тобының құрамына кіретін комитетке мүше депутаттарды айқындайды, сондай-ақ бас комитетке жазбаша қорытынды ұсынады.

64. Осы Регламентте өзгеше көзделмесе, тұрақты комитеттер мен Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің қорытындыларын ұсыну мерзімін бас комитет осы Регламентке сәйкес белгіленген, Құрылтай сессиялары арасындағы уақытты есепке алмай есептелетін, бірақ бірінші және екінші оқылым үшін күнтізбелік жиырма күннен кем болмайтын, сондай-ақ үшінші (түпкілікті) оқылым үшін күнтізбелік жеті күннен кем болмайтын мерзім шегінде айқындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің арнаулы жолдауы арқылы басымдығын айқындаған заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің қорытындылар ұсыну мерзімі күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығаруға бастама жасау тәртібімен енгізілген заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің қорытынды ұсыну мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.

65. Бас комитет болып саналмайтын тұрақты комитеттің қорытындысында:

1) Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығарылатын заң жобасы бойынша – жобаның негізгі ережелері бойынша ескертулер мен ұсыныстар, оларды енгізу негіздемесі (олар болған кезде);

2) Құрылтайдың екінші және үшінші оқылымдарда қарауына шығарылатын заң жобасы бойынша – заң жобасына енгізілетін, белгіленген үлгідегі салыстырма кесте түріндегі түзетулер редакциясы, оларды енгізу негіздемесі (олар болған кезде) қамтылады.

Комитеттің заң жобасына қорытынды мен түзетулерді бірден ұсынуға құқығы бар.

66. Құрылтай депутаттары мен саяси партиялар фракцияларының заң жобасына өз түзетулерін тікелей жұмыс тобына немесе бас комитетке белгіленген үлгідегі салыстырма кесте түрінде жазбаша беруге құқығы бар.

Заң жобасына түзетулер Құрылтайдың екінші оқылымда қарауына шығарылғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей осы Регламентте белгіленген тәртіппен жұмыс тобына немесе бас комитетке ұсынылады.

67. Тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарында заң жобасын талқылау ашық түрде жүргізіледі.

Тұрақты комитеттің немесе жұмыс тобының заң жобасын талқылау бойынша отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы ақпарат Құрылтай депутаттары мен мүдделі адамдардың назарына күні бұрын жеткізіледі.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ қажет болған кезде қаралатын мәселелер құзыретіне қатысты болатын мемлекеттік органдардың өзге де басшы лауазымды адамдарының Құрылтайдың, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

68. Бас комитеттің заң жобасының негізгі ережелерін, ол қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарды талқылау мақсатында Құрылтай депутаттарына оның таныстырылымын өткізуге құқығы бар.

Таныстырылымға Құрылтай депутаттары, заң жобасын әзірлеуші органның және тиісті жобаны келісуді жүзеге асырған өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және қажет болған кезде жобаны әзірлеуге немесе келісуге қатысқан ұйымдардың өкілдері шақырылады.
Бас комитеттің заң жобасының таныстырылымына мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де коммерциялық емес ұйымдардың лауазымды адамдарын, кәсіпкерлік субъектілерін, ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды шақыруға құқығы бар.
Таныстырылым бейнеконференцбайланыс режимінде, сондай-ақ қатысу тәртібімен немесе аралас форматта өткізілуі мүмкін.

69. Жұмыс топтары мен тұрақты комитеттердің отырыстарында республикалық бюджет туралы, республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын талқылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген талаптар ескеріле отырып жүргізіледі.

70. Бас комитеттің заң жобасы бойынша қорытынды дайындау үшін жұмыс тобын құруға құқығы бар.

Бас комитеттің жұмысқа заң жобасының бастамашыларын, депутаттарды, әзірлеуші органның және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өкiлдерін, ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, Құрылтай Аппаратының қызметкерлерін тартуға құқығы бар.
Жұмыс тобының жетекшісі болып бас комитетке мүше депутаттар арасынан Құрылтай депутаты айқындалады.

71. Жұмыс тобының отырыстары оның құрамына кіретін депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде заңды болады.

Жұмыс тобының отырыстарына оның құрамына кірмейтін Құрылтай депутатының дауыс беру құқығынсыз қатысуға құқығы бар.
Жұмыс тобы жетекшісінің шешімі бойынша отырыстарға өзге де шақырылған адамдар қатысуы мүмкін.

72. Бас комитеттің (жұмыс тобының) заң жобасын талқылауға жобаның ғылыми құқықтық және (немесе) өзге де сараптамасын жүргізген ғылыми құқықтық және (немесе) өзге де сарапшыны бұрын берген қорытындысын түсіндіру үшін тартуға құқығы бар.

Ғылыми құқықтық және (немесе) өзге де сарапшының қатысуы бейнеконференцбайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін.

73. Осы Регламентте өзгеше көзделмесе, жұмыс тобы заң жобасын талқылау барысында:

1) заң жобасын Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару үшін заң жобасының негізгі ережелері бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын жинақтайды;

2) заң жобасын Құрылтайдың екінші және үшінші оқылымдарда қарауына шығару үшін тұрақты комитеттердің, депутаттардың, саяси партиялар фракцияларының және Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің түзетулерін (олар болған кезде) белгіленген үлгідегі салыстырма кестеге жинақтайды.

74. Жұмыс тобының отырыстарында шешімдер отырысқа қатысып отырған жұмыс тобына мүше депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Дауыс беру кезінде депутат бір дауысқа ие болады, ол «жақтап» немесе «қарсы» дауыс береді не «қалыс қалады».
Дауыс беру кезінде болмаған депутаттың кейінірек дауыс беруге құқығы жоқ.
Дауыс беру кезiнде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда жұмыс тобының жетекшісі шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

75. Заң жобасын талқылау қорытындысы бойынша бас комитет:

1) заң жобасын Құрылтайдың бірінші оқылымда қарауына шығару үшін – қорытынды, сондай-ақ Құрылтай мен оның Бюросы шешімдерінің тиісті жобаларын;

2) заң жобасын Құрылтайдың екінші оқылымда қарауына шығару үшін – қорытынды, салыстырма кесте (түзетулер болған кезде), комитет қабылдаған түзетулерді ескере отырып заң жобасының мәтінін, сондай-ақ Құрылтай мен оның Бюросы шешімдерінің тиісті жобаларын;

3) заң жобасын Құрылтайдың үшінші оқылымда қарауына шығару үшін – қорытынды, жиынтық салыстырма кесте (түзетулер болған кезде), заң жобасының түпкілікті мәтінін, сондай-ақ Құрылтай мен оның Бюросының тиісті шешімдерінің жобаларын әзірлейді.

Екінші және (немесе) үшінші оқылымға шығарылатын салыстырма кесте мен заң жобасының мәтіні олардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалығы ескеріле отырып дайындалуға тиіс.
Қорытындыда басқа тұрақты комитеттердiң заң жобасы бойынша ұстанымы, сондай-ақ заң жобасын бiрiншi және екiншi оқылымдарда мақұлдау, заңды қабылдау немесе заң жобасын қабылдамау туралы бас комитеттiң ұсынысы көрсетiледi.
Бас комитеттің қорытындысын, қорытынды салыстырма кестені бас комитет автоматтандырылған жүйеде және Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырады.

76. Салыстырма кесте, әдетте, заң жобасының екінші және үшінші оқылымдарына дайындалады.

Салыстырма кестеде мыналар қамтылуға тиіс:

1) заңның құрылымдық бөлігінің және түзету ұсынылатын заң жобасының мәтіні;

2) ұсынылып отырған түзетудің редакциясы;

3) түзету енгізудің негіздемесі;

4) түзетудің авторы туралы деректер;

5) бас комитеттің түзетуді қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімі;

6) түзету қабылданбаған жағдайда бас комитеттің негіздемесі.

Түзету авторының жұмыс тобында немесе бас комитетте заң жобасын талқылау барысында оның редакциясын нақтылауға құқығы бар.
Салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді олардың авторлары ғана қолын қою арқылы растай отырып алып тастауы мүмкін. Жұмыс тобының немесе бас комитеттің отырысын өткізу барысында автордың өз түзетуін стенограммада жазылған ауызша алып тастауы өз қолын қою арқылы алып тастаумен теңестіріледі. Түзетуді алып тастау жұмыс тобының немесе бас комитеттің таяудағы отырысында жұмыс тобы мүшелерінің назарына жеткізіледі.

77. Үкiметтің Қазақстан Республикасының Президентi мен Премьер-Министрдiң заңдарға дереу өзгерiстер енгiзудi талап ететiн тапсырмаларын орындау үшiн ғана Құрылтайдағы заң жобаларына түзетулері бар ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.

Бұл ұсыныстар Құрылтай Төрағасының атына Премьер-Министрдің қолы қойылып жіберіледі.
Құрылтай Төрағасы келіп түскен ұсыныстарды Құрылтай Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына және екінші оқылымда қаралмаған заң жобасы шеңберінде талқылау үшін тиісті комитеттерге жібереді.
Комитет келіп түскен ұсыныстарды қарайды және оның талқылау қорытындысы бойынша оларды салыстырма кестеге түзетулер түрінде енгізуге құқығы бар.

78. Құрылтай Аппаратының тиiстi құрылымдық бөлiмшелерiнiң түзетулерi заң жобасының нормаларына байланысты болуға тиiс және оның мазмұнын тұжырымдамалық түрде өзгерте алмайды.

79. Құрылтай отырысында қарауға дайындалған заң жобасын, оған материалдарды бас комитет Құрылтай Бюросына оның отырысына дейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей Құрылтайдың қарауына енгізу үшін жібереді.

80. Құрылтай Бюросы бас комитеттің қорытындысын ескере отырып, заң жобасын Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізеді.

Заң жобасы ол бойынша Құрылтайдың барлық тұрақты комитеттерінің қорытындылары болған кезде ғана Құрылтай отырысында қаралуы мүмкін.
Бас комитет материалдарын толық көлемде ұсынбаған заң жобасы Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізілмейді.
Отырыстың күн тәртібі және Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерге қатысты материалдар Құрылтайдың автоматтандырылған жүйесінде және интернет-ресурсында күні бұрын, бірақ Құрылтай отырысына дейін екі жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылады.

81. Заң жобаларын Құрылтай отырыстарында қарау, екі оқылымда қаралатын халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобаларын қоспағанда, үш оқылымда жүзеге асырылады.

Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобаларының екінші оқылымы түпкілікті болып саналады және өзге заң жобаларының үшінші оқылымы қағидалары бойынша өткізіледі.

82. Құрылтай бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттарын, міндеттерін, негізгі ережелерін және жоба реттейтін салаларда жүргізілетін мемлекеттік саясатқа сәйкестігін, заң қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық және өзге де салдарларды талқылайды.

Заң жобасын бірінші оқылымда қарау кезінде Құрылтай отырысында заң шығару бастамасы құқығы субъектісі немесе оның өкілі баяндама (баяндамалар) жасайды. Сөз сөйлеу мінберден жүргізіледі.
Республикалық бюджет туралы, республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын қарау кезінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған уәкілетті адамдар баяндама жасайды.
Баяндама (баяндамалар) аяқталғаннан кейін депутаттардың баяндамашыға (баяндамашыларға) және өзге де шақырылған адамдарға сұрақ қоюға құқығы бар.
Сұрақтар қойылып, оларға жауап берілгеннен кейін жұмыс тобының жетекшісі заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасап, сөз сөйлейді, бас комитеттің қорытындысын жариялайды. Сөз сөйлеу отырған орнынан жүргізіледі.
Қосымша баяндама аяқталғаннан кейін жарыссөз болады.
Талқылау қорытындысы бойынша Құрылтай заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау, бас комитетке пысықтауға қайтару туралы не оны қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
Бас комитет заң жобасының негізгі ережелері бойынша оның мазмұнын тұжырымдамалық түрде өзгертетін ескертулер (ұсыныстар) енгізген кезде Құрылтай көрсетілген ескертулерді (ұсыныстарды) ескере отырып, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдайды.
Сол бір мәселе бойынша балама заң жобалары енгізілген кезде Құрылтай оларды бір мезгілде талқылайды және қаралып отырған заң жобаларының қайсысын бірінші оқылымда мақұлдау және қайсысын (қайсыларын) қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

83. Бірінші оқылымнан кейін заң жобасының нормаларын талқылау жалғасады, тұрақты комитеттердің, депутаттардың, саяси партиялар фракцияларының және Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің түзетулері (олар болған кезде) салыстырма кестеге жинақталады.

84. Заң жобасына мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін түзетулерді жұмыс тобының ұсынуы бойынша бас комитет қорытынды беру үшін Үкіметке жібереді. Мұндай түзетулер Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана салыстырма кестеге енгізілуі мүмкін.

Егер Үкіметтің қорытындысы бойынша қосымша түсініктемелер талап етілген жағдайда, бас комитет оларды Үкіметтен талап етуге құқылы.

85. Құрылтай екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке жазбаша түрде енгізілген және бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілген заң жобасына түзетулерді талқылайды.

Заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде Құрылтай отырысында жұмыс тобының жетекшісі баяндама жасап, бас комитеттің қорытындысын жариялайды. Сөз сөйлеу отырған орнынан жүргізіледі.
Баяндама аяқталғаннан кейін депутаттардың баяндамашыға, заң шығару бастамасы құқығы субъектісіне немесе оның өкіліне және өзге де шақырылған адамдарға сұрақ қоюға құқығы бар.
Осы тармақтың жетінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, заң жобасы бойынша жарыссөз болмайды.
Талқылау қорытындысы бойынша Құрылтай заң жобасын екiншi оқылымда мақұлдау және оны Құрылтайдың үшiншi оқылымда қарауына шығару мерзiмi, бас комитетке пысықтауға қайтару туралы не оны қабылдамау туралы шешiм қабылдайды. Заң жобасы бойынша үшiншi оқылым Құрылтай сессиялары аралығындағы уақытты ескермегенде, әдетте он бес жұмыс күніне дейiнгi мерзiмде өткiзiледi.
Заң жобасы бойынша дауыс беру салыстырма кестеге енгiзiлген, бас комитет қабылдаған түзетулер ескерiле отырып, егер депутаттардың ешқайсысы мұндай тәртiпке қарсылық бiлдiрмесе, тұтастай өткiзiлуi мүмкiн.
Депутат өзі ұсынған түзетуді қабылдамау туралы Бас комитеттің шешімімен келіспеген жағдайда, түзетуді қабылдау қажеттігін негіздеп сөз сөйлеуге құқылы. Бұл жағдайда дауыс беру баптар бойынша немесе салыстырма кестенің позициялары бойынша хронологиялық тәртіппен жүргізіледі және көрсетілген түзету бірінші болып дауысқа қойылады.

86. Екінші оқылымнан кейін жұмыс тобы заң жобасының түпкілікті редакциясын дайындайды.

Жұмыс тобы заң жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заңнамасына, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге, құқықтық олқылықтарды, ішкі қайшылықтар мен редакциялық сипаттағы ескертулерді жоюға, құқықтық нормалардың ішкі үйлесімділігі мен қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етуге бағытталған түзетулерді ғана талқылайды. Құрылтай екінші оқылымда мақұлдаған заң жобасының құқықтық мазмұнын өзгертетін өзге түзетулер қаралмайды және салыстырма кестеге енгізілмейді.
Заң жобасының мәтінін заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер, сондай-ақ редакциялық сипаттағы түзетулер бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілмейді және заңның мәтінін ресімдеу кезінде ескеріледі.

87. Үшінші оқылымда Құрылтай жазбаша түрде енгізілген және бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілген түзетулерді ғана қарайды.

Заң жобасын үшінші оқылымда қарау кезінде Құрылтай отырысында жұмыс тобының жетекшісі баяндама жасап, бас комитеттің қорытындысын жариялайды. Сөз сөйлеу отырған орнынан жүргізіледі.
Баяндамашыға сұрақтар қойылмайды және заң жобасы бойынша жарыссөз болмайды.
Қарау қорытындысы бойынша Құрылтай заңды қабылдау, бас комитетке пысықтауға қайтару не заң жобасын қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

88. Құрылтай қабылдаған заңға Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді, оларға заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі және заң он күн iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне қол қоюға ұсынылады.
Заңды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министрдiң қолдарымен бекемдеуге дайындауды Үкiмет Аппаратының және Қазақстан Республикасы Президенті Әкiмшiлiгiнiң тиiстi құрылымдық бөлiмшелерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, Құрылтай Аппараты жүзеге асырады.

89. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылау және дауыс беру үшін қайтарады.

90. Құрылтайға келіп түскен Қазақстан Республикасы Президентінің тұтастай заң бойынша немесе оның жекелеген баптары бойынша қарсылықтарын Құрылтай Аппараты дереу тіркейді және Құрылтай Төрағасына береді.

91. Құрылтай Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылықтарын Құрылтай Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына және бұрын осы заң бойынша бас комитет болған комитетке Құрылтай Бюросының қарсылықтарды одан әрі қарау тәртібі туралы шешімінің жобасын дайындау үшін жібереді.

92. Құрылтай Бюросы өз қаулысымен тұтастай заң бойынша немесе оның жекелеген баптары бойынша Президенттің қарсылықтары келіп түскен заң бойынша бұрын бас комитет болған комитетке оларды Құрылтайдың қарауына шығару үшін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде қорытынды әзірлеуді тапсырады.

93. Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заң немесе заңның жекелеген баптары бойынша қайта талқылау және дауыс беру қарсылықтар жіберілген күннен басталатын және келесі айдың тиісті күні аяқталатын бір ай мерзімде өткізіледі. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келсе, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 4-тармағында және 60-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер бір ай мерзім уақыт жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 3-тармағында белгіленген Құрылтай жұмысының сессиялық кезеңімен сәйкес келмесе, бұл мерзім үзіледі. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi.

94. Құрылтайда қарсылықты қарау барысында Қазақстан Республикасының Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, заңның тұтастай не оның жекелеген баптарының өз қарсылығында ұсынған редакциясын өзгертуге құқылы.

95. Заңды немесе оның жекелеген баптарын Құрылтай отырысында қайтадан талқылау және дауыс беру кезiнде, егер Қазақстан Республикасының Президентi тұтастай заңға қарсылық білдірсе, тұтастай заң бойынша не оның Президент қарсылық білдірген жекелеген баптары бойынша дауыс беру өткiзiледi.

96. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның жекелеген баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заң немесе заңның жекелеген баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды.

97. Егер Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады.

98. Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамай тастауға құқылы. Заң жобасы оны қараудың кез келген сатысында қабылданбай тасталуы мүмкін. Қабылданбай тасталған заң жобасы қабылданбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.

Құрылтайдың заң жобасын қабылдамай тастау туралы шешімі қаулымен ресімделеді.

99. Қазақстан Республикасының Президенті, Құрылтай депутаттары, Үкімет және Қазақстан Халық Кеңесі өздері заң шығару бастамасымен енгізген заң жобасын Құрылтайдан оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.

Заң жобасын кері қайтарып алу туралы шешiм заң жобасы енгiзiлген тәртiппен ресiмделедi және Құрылтай Төрағасының атына жазбаша түрде енгiзiледi.
Заң жобасын кері қайтарып алу туралы ақпаратты Құрылтай Аппараты кері қайтарып алу туралы шешім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде депутаттардың назарына жеткізеді.

100. Заң жобасының бастамашысы (бастамашылары) болған депутаттың (депутаттардың) өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, осы заң жобасын жұмысқа қабылдау не оны қарау тәртібі туралы бұрын қабылданған шешімнің күші Құрылтай Бюросының шешімімен жойылды деп танылуы мүмкін. Егер заң жобасын жұмысқа қабылдау туралы не оны қарау тәртібі туралы шешім күшін жоймаса, бас комитеттің осы Регламентке сәйкес жұмысты жалғастыруға құқығы бар.

101. Үкiмет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн талқылау және бекiту Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

8-тарау. ЗАҢНАМАЛЫҚ СИПАТЫ ЖОҚ АКТІЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ

102. Құрылтай өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамалық сипаты жоқ өтініштер, декларациялар мен мәлімдемелер қабылдауға құқылы.

Көрсетілген актiлердi қабылдау туралы бастама Құрылтай депутаттарына, сондай-ақ депутаттық бiрлестiктерге тиесiлi, Құрылтай Төрағасының атына жазбаша өтiнiш түрiнде ресiмделедi және оған бастамашы депутаттар тегiн, атын және әкесiнiң атын (егер олар жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетiлсе) көрсете отырып, қол қояды. Өтініш, декларация немесе мәлімдеме мәтінінің жобасы өтінішке қоса беріледі.

103. Өтініште Қазақстан Республикасының азаматтарына, азаматтық қоғам институттарына, халықаралық не парламентаралық ұйымдарға жолданған шақыру немесе ұсыныс қамтылады.

Өтініш елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуы мәселелері бойынша депутаттардың ынтымақтастығын білдіреді.

104. Декларация топтастырушы функция атқарады, қоғамдық диалог пен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға ықпал етеді, іргелі қоғамдық құндылықтарға, тарихи мұраға, жалпыұлттық еңбекқорлық, прогресс пен жасампаздық идеяларына адалдықты білдіреді.

Декларация неғұрлым маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар, тарихи даталар мен маңызды мемлекеттік шешімдер бойынша қабылданады.

105. Мәлімдеме қоғамдық өмірдегі өзекті және кеңінен талқыланатын ағымдағы оқиғалар немесе құбылыстар бойынша депутаттардың ұстанымын білдіреді.

106. Өтініштер, декларациялар мен мәлімдемелер ұсынымдық сипатта болады және мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, жеке және заңды тұлғаларға тапсырмаларды немесе орындалуы міндетті талаптарды қамтымайды.

107. Құрылтай Бюросы өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бастамашылардың арасынан жұмыс тобын құрады, оның жетекшісін сайлайды және Құрылтай отырысында қарау күнін айқындайды.

108. Құрылтай отырысында жұмыс тобының жетекшісі баяндама жасайды. Баяндама жасауға ұзақтығы он минутқа дейін уақыт беріледі.

Депутаттар баяндамашыға сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – отыз минутқа дейін, ал жарыссөзге бір сағатқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.

109. Өтініштер, декларациялар мен мәлімдемелер Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және Құрылтайдың тиісті қаулысымен ресімделеді.

3-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ КАДР МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАРАУ ТӘРТІБІ

9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫН ТАҒАЙЫНДАУҒА КЕЛІСІМ БЕРУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІКТІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

110. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен тағайындайтын Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының тізбесі Конституцияда айқындалады.

111. Қазақстан Республикасы Президенті Қазақстан Республикасының Вице-Президентін, Премьер-Министрін, Конституциялық Сотының судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатасының мүшелерін тағайындауға Құрылтайдың келісімін алу үшін Құрылтайға жазбаша ұсынулар енгізеді.

112. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынулары негізінде Вице-Президентті және Премьер-Министрді тағайындауға келісім алу үшін Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша Құрылтай тиісті мәселені жақын уақыттағы отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Премьер-Министрдің кандидатурасын Құрылтайда ұсынылған саяси партиялардың фракцияларымен консультациялардан кейін Қазақстан Республикасының Президенті енгізеді.

113. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынулары негізінде Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім алу үшін Құрылтай Бюросының ұсынысы бойынша тиісті мәселені жақын уақыттағы отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы шешімді Құрылтай қабылдайды.
Көрсетілген кандидатуралар Құрылтай отырысында қаралғанға дейін Құрылтай Бюросының шешімімен айқындалатын Құрылтайдың тиісті тұрақты комитетінің отырысында талқылануға тиіс.
Тиісті тұрақты комитеттің отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстыратын адамға сұрақтар қойылады;

2) комитет мүшелері ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікірлер айта алады.

Талқылау қорытындысы бойынша комитет өз мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қорытынды шығарады, оны комитет өкілі Құрылтай отырысында жария етеді.

114. Осы Регламенттің 111-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын тағайындауға Құрылтайдың келісімі Құрылтай отырысында оның депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен беріледі.

Құрылтай отырысында лауазымға тағайындауға келісім беру туралы мәселені қарау кезінде кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.
Құрылтай отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстыратын адамға сұрақтар қойылады;

2) депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікірлер айта алады.

Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөзді талап етпесе, жарыссөз болмауы мүмкін.

115. Құрылтай Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған кандидатураларды тағайындауға келісім беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда Президент Құрылтайға сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар бойынша жазбаша ұсынулар енгізеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатасының мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

116. Құрылтайдың келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының кандидатуралары жөніндегі Құрылтайдың шешімі, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы жеке қабылданады және қаулымен ресімделеді.
Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған кандидатураларды тағайындауға келісім беруден бас тарту туралы Құрылтайдың шешімі қабылдамай тастау себептерінің толық уәждемесін қамтуға тиіс.

10-тарау. ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН САЙЛАУ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІКТІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

117. Құрылтай Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің жазбаша ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен сайлайды және лауазымынан босатады.

118. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынулары негізінде Құрылтай Бюроның ұсынысы бойынша тиісті мәселені жақын уақыттағы отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Көрсетілген кандидатуралар Құрылтай отырысында қаралғанға дейін Құрылтай Бюросының шешімімен айқындалатын Құрылтайдың тиісті тұрақты комитетінің отырысында талқылануға тиіс.
Тиісті тұрақты комитеттің отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстыратын адамға сұрақтар қойылады;

2) комитет мүшелері ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікірлер айта алады.

Талқылау қорытындысы бойынша комитет өз мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қорытынды шығарады, оны комитет өкілі Құрылтай отырысында жария етеді.

119. Құрылтай отырысында мәселені қарау кезінде кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

Құрылтай отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстыратын адамға сұрақтар қойылады;

2) депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікірлер айта алады.

Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөзді талап етпесе, жарыссөз болмауы мүмкін.

120. Құрылтай Жоғарғы Сот судьяларын сайлау туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар бойынша жазбаша ұсынулар енгізеді.

Құрылтай Жоғарғы Сот судьяларын лауазымынан босату туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті осы мәселе бойынша Құрылтайға қайта ұсыну енгізуге құқылы.

121. Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және лауазымынан босату жөніндегі Құрылтайдың шешімі, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, әр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы жеке қабылданады және қаулымен ресімделеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кандидатураларды балама негізде енгізген кезде бас комитет сайлау жөнінде ұсыным берген кандидатура дауыс беруге бірінші қойылады.
Сайлауға немесе лауазымнан босатуға ұсынылған кандидатураларды қабылдамай тастау туралы шешім қабылдамай тастау себептерінің толық уәждемесін қамтуға тиіс.

122. Құрылтай Жоғарғы Сот судьяларының антын Құрылтай отырысында қабылдайды.

Анттың мәтіні «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленеді.
Антты Жоғарғы Сот судьясы болып бірінші рет сайланған судьялар береді.
Мемлекеттік немесе орыс тілдерінде тиісті түрде ресімделіп, басылған ант мәтіні ант беретін судьяның таңдауы бойынша осы тілдердің бірінде айтылады.
Ант беру күні көрсетілген ант мәтіні бар бланк судьяға табыс етіледі.

11-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫ МЕН ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН ҚОЛ СҰҒЫЛМАУ КЕПІЛДІГІНЕН АЙЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІКТІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

123. Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

124. Конституциялық Сот судьясын, Жоғарғы Сот судьясын ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін Бас Прокурор Құрылтайға ұсыну енгізеді. Ұсыну Конституциялық Сот судьясын, Жоғарғы Сот судьясын күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулымен таныстырудың, ұстаудың алдында, оны күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішпен сотқа жүгінудің, үйқамаққа алудың, күштеп әкелудің, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберудің алдында енгізіледі.
Бас Прокурордың ұсынуы келіп түскен күнінен бастап екі апта мерзімнен кешіктірілмей қаралады және Құрылтай тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы. Құрылтай уәжді шешім қабылдайды және оны Бас Прокурорға және анықтау мен алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның басшысына үш жұмыс күні ішінде жібереді. Конституциялық Сот судьясы, Жоғарғы Сот судьясы өзіне ешкімнің тиіспеуі туралы мәселені Құрылтай қараған кезде қатысуға құқылы.

125. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Конституциялық Сот судьясы, Жоғарғы Сот судьясы қылмыс орнында ұсталған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып жалғастырылуы мүмкін.
Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.

4-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТПЕН, ҮКІМЕТПЕН, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУЫ

12-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТПЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ТӘРТІБІ

126. Құрылтай өз отырысында Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Конституциялық Соттың жолдауы талқыланбайды және ол бойынша сұрақтар қойылмайды. Тыңдау нәтижелері бойынша Құрылтай жолдауды назарға алу туралы қаулы қабылдайды.

127. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Құрылтай Төрағасы, Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірін құрайтын депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен Конституциялық Сотқа жүгінуге құқылы.

128. Конституциялық Сотқа өтініш жазбаша түрде және (немесе) электрондық нысанда беріледі.

Өтінішке тиісінше Құрылтай Төрағасы не тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсетіле отырып, өтініш субъектілері болатын Құрылтай депутаттары қол қояды. Электрондық құжат нысанында ресімделген өтініш электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылады.
Конституциялық Сотқа өтінішті Құрылтай Аппараты жібереді.

13-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҮКІМЕТПЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ТӘРТІБІ

129. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін, Құрылтай депутаттары бастамашы болған заң жобаларына және Құрылтайдың қарауындағы заң жобаларына түзетулерге Үкіметтің қорытынды беру мерзімі үш айдан аспауға тиіс.

130. Депутаттар осы Регламенттің 129-тармағында көзделгеннен өзге, өздері бастамашы болған заң жобаларын, сондай-ақ Құрылтайдың қарауындағы заң жобаларына түзетулерді іске асырудың келісілген тетіктерін әзірлеу үшін оларды Үкімет қорытындысын алуға жіберуге құқылы.

Депутаттар бастамашы болған заң жобалары бойынша, сондай-ақ Құрылтайдың қарауындағы заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Үкімет қорытындысы шеңберінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген негіздер бойынша реттеушілік әсерді талдау жүргізілуі мүмкін.

131. Құрылтай Премьер-Министрдің Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндамасын Құрылтай отырысында тыңдайды.

Премьер-Министрдің баяндамасы талқыланбайды және ол бойынша сұрақтар қойылмайды. Тыңдау нәтижелері бойынша Құрылтай баяндаманы назарға алу туралы қаулы қабылдайды.

132. Үкімет мүшелерін тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне Премьер-Министр ұсынатын кандидатуралар бойынша Құрылтаймен оның тиісті тұрақты комитеттерінде консультациялар өткізіледі.

133. Тұрақты комитеттің отырысында консультациялар өткізу кезінде лауазымға тағайындау үшін кандидатураларды Премьер-Министр немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

Комитет отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстыратын адамға сұрақтар қойылады;

2) комитет мүшелері ұсынылған кандидатура бойынша өз пікірлерін айта алады.

134. Консультациялардың қорытындысы бойынша тұрақты комитет өз мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен талқыланатын әр кандидатура бойынша ұсынымдық сипаттағы қорытынды шығарады.

135. Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Құрылтай Үкімет мүшелері қызметінің мәселелері бойынша олардың есептерін тыңдауға құқылы.

136. Депутаттардың Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы бастамасы Құрылтай Төрағасының атына жазбаша өтініш түрінде ресімделеді және оған тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсетіле отырып, бастамашы депутаттар қол қояды.

137. Құрылтай өз отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай Бюросының ұсынысы бойынша Үкімет мүшесінің есебін тыңдау туралы мәселені дайындау үшін уақытша комиссия құрады, оның төрағасын сайлайды, сондай-ақ Құрылтай отырысында есеп тыңдалатын күнді айқындайды.

Уақытша комиссия бастамашы депутаттардың, тұрақты комитеттер мен саяси партиялар фракциялары өкілдерінің арасынан құрылады.
Уақытша комиссияның қызметі Үкімет мүшесінің есебін алдын ала қарау мен оны тыңдауға дайындау мәселесімен шектеледі.

138. Уақытша комиссия есебі тыңдалуға тиіс Үкімет мүшесін отырыс өткізілерден күнтізбелік жеті күн бұрын отырыстың өткізілетін күні туралы хабардар етеді.

Үкімет мүшесі оның есебін тыңдауға бастамашылық жасауға негіз болған материалдармен танысуға құқылы.

139. Құрылтай отырысында Үкімет мүшесінің есебін тыңдау уақытша комиссия төрағасының баяндамасынан басталады. Уақытша комиссия төрағасының баяндамасы комиссия қызметі туралы есепті қамтиды. Баяндаманың ұзақтығы – жиырма минутқа дейін.

Баяндама аяқталғаннан кейін есеп беру үшін тыңдалатын Үкімет мүшесіне сөз беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – отыз минутқа дейін.
Есеп беру аяқталғаннан кейін депутаттар Үкімет мүшесіне сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірлерін айтуға құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – бір сағатқа дейін, ал жарыссөзге бір жарым сағатқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.

140. Жарыссөз аяқталғаннан кейін Құрылтай отырысында төрағалық етуші Үкімет мүшесінің есебін назарға алу не Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасының Президентіне жүгіну туралы мәселені дауысқа салады.

Мәселелер олардың келіп түсу ретімен дауысқа салынады.

141. Үкімет мүшесінің есебін назарға алу туралы Құрылтайдың шешімі Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және қаулымен ресімделеді.

Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасының заңдарын орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Құрылтайдың Қазақстан Республикасы Президентіне оны лауазымынан босату туралы өтініші Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданып, қаулымен ресімделеді және Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне жіберіледі.

142. Құрылтай депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы.

143. Депутаттардың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру туралы бастамасы Құрылтай Төрағасының атына жазбаша өтініш түрінде ресімделеді және оған тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсетіле отырып, бастамашы депутаттар қол қояды.

Құрылтай Бюросы өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бастамашы депутаттардың, тұрақты комитеттер мен саяси партиялар фракциялары өкілдерінің арасынан мәселені алдын ала қарау және дайындау үшін жұмыс тобын құрады, оның жетекшісін сайлайды және мәселенің Құрылтай отырысына шығарылатын күнін айқындайды.
Жұмыс тобы Үкіметті отырыстың өткізілетін күні туралы белгіленген тәртіппен хабардар етеді және мәселеге бастамашылық жасауға негіз болған материалдардың көшірмелерін отырыс өткізілерден күнтізбелік жеті күн бұрын Премьер-Министрге жібереді.
Үкімет мүшелері жұмыс тобының отырыстарына қатысуға, материалдармен танысуға және ауызша немесе жазбаша түсінік беруге құқылы.

144. Мәселені Құрылтай отырысында қарау жұмыс тобы жетекшісінің баяндамасынан басталады. Баяндаманың ұзақтығы – жиырма минутқа дейін.

Депутаттар баяндамашыға сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірлерін айтуға құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы отыз минутқа дейін, ал жарыссөзге бір сағатқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Жарыссөз аяқталғаннан кейін Премьер-Министрге не ол уәкілеттік берген лауазымды адамға Құрылтайдың алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – жиырма минутқа дейін.

145. Егер Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаса, ол қабылданбады деп есептеледі.

Егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, Құрылтай шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қаулымен ресімделеді.
Үкіметке сенімсіздік вотумы туралы мәселеге сол бір негіздер бойынша қайта бастама жасауға алдыңғы вотум қабылданбай тасталған күннен бастап алты айдан кейін жол беріледі.

146. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады.

147. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы.

Бұл мәселе сенім білдіру туралы мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
«Жыл» деген уақыт кезеңін ағымдағы жыл (1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығы) деп түсіну қажет.

14-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ТӘРТІБІ

148. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына және осы Регламентке сәйкес заң шығаруға бастама жасау құқығын іске асырады.
Заң жобаларын әзірлеу және Құрылтайға енгізу туралы шешімдер қабылдау тәртібі «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және Қазақстан Халық Кеңесінің Регламентінде реттеледі.

149. Мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде қоғамдық мүдделерді білдіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері өз өкілеттігіне жатқызылған мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының, консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысады.

150. Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық талқылау нәтижесінде дайындалған қорытындылары мен ұсынымдары тұрақты комитеттер мен депутаттық бірлестіктерге жіберіледі.

151. Құрылтай Аппараты Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығымен бірлесіп өз құзыреті шегінде Құрылтайдың Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның мақсаты мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдеседі.

5-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ НЫСАНДАРЫ

15-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ

152. Құрылтай Төрағасы мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтайдың отырысында жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

153. Құрылтай Төрағасы лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады, ол Құрылтайға жазбаша ұсыну енгізеді.

154. Құрылтай Төрағасы лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам таныстырады.

Кандидатқа Құрылтай алдында сөз сөйлеу құқығы берiледi. Сөз сөйлеу ұзақтығы – жиырма минутқа дейiн.
Құрылтай отырысында:

1) кандидатқа және кандидатты таныстырушы адамға сұрақтар қойылуы;

2) депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікір білдіруі мүмкін.

Егер депутаттар ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

155. Құрылтай Төрағасын сайлау бойынша жасырын дауыс беру осы Регламентте белгіленген тәртіппен бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүргізіледі.

156. Егер Құрылтай Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған Құрылтай Төрағасы лауазымына кандидатураны сайлаудан бас тартса, Қазақстан Республикасының Президенті сол адамды не жаңа кандидатураны қайта ұсынады.

Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

157. Құрылтай Төрағасын сайлау туралы қаулы қабылданады, оған отырысқа төрағалық етушi қол қояды.

158. Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.

Құрылтай Төрағасын атқаратын лауазымынан босату туралы мәселені Қазақстан Республикасы Президентінің Құрылтай Төрағасына ұсынуы негізінде не Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша не Құрылтай Төрағасының жеке өтініші негізінде Құрылтай қарайды.
Мәселені Құрылтай отырысында қарау кезінде Құрылтай Төрағасының орынбасарлары арасында міндеттердің бөлінуіне сәйкес олардың бірі төрағалық етеді.

159. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алу туралы жазбаша ұсыну енгізеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы негізінде Құрылтай тиісті мәселені таяудағы отырыстың күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдайды.
Ұсынуды Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам немесе отырысқа төрағалық етуші Құрылтай отырысында жария етеді.
Депутаттар баяндамашыға сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Жарыссөз аяқталғаннан кейін Құрылтай Төрағасына Құрылтай алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он бес минутқа дейін.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

160. Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алу туралы депутаттардың бастамасы жазбаша өтініш түрінде ресімделеді және оған тегі, аты және әкесінің аты (егер жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсетіле отырып, бастамашы депутаттар қол қояды

Құрылтай Бюросы өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бастамашы депутаттардың, тұрақты комитеттер мен саяси партиялардың фракциялары өкілдерінің арасынан мәселені алдын ала қарау және дайындау үшін жұмыс тобын құрады, оның жетекшісін сайлайды және өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кейін мәселенің Құрылтай отырысына шығарылатын күнін айқындайды.
Құрылтай Төрағасының жұмыс тобы отырыстарына қатысуға, материалдармен танысуға және ауызша немесе жазбаша түсініктеме беруге құқығы бар.
Құрылтай отырысында мәселені қарау жұмыс тобы жетекшісінің баяндамасынан басталады. Баяндаманың ұзақтығы – он бес минутқа дейін.
Депутаттар баяндамашыға сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Жарыссөз аяқталғаннан кейін Құрылтай Төрағасына Құрылтай алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он бес минутқа дейін.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

161. Құрылтай Төрағасы орнынан түсуге құқылы.

Құрылтай Төрағасының орнынан түсуі туралы мәселе Құрылтайдың таяудағы отырысының күн тәртібіне оның жеке өтініші негізінде енгізіледі.
Мәселені қарау Құрылтай Төрағасының сөз сөйлеуінен басталады.
Депутаттар Құрылтай Төрағасына сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

162. Құрылтай Төрағасын атқаратын лауазымынан босату туралы қаулы қабылданады, оған Құрылтай Төрағасының отырысқа төрағалық етуші орынбасары қол қояды.

163. Құрылтай Төрағасы:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай сессиясын ашады;

2) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;

3) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;

4) Құрылтай Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;

5) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;

6) Құрылтай Бюросының қызметіне басшылық етеді;

7) Құрылтай шығаратын актілерге қол қояды;

8) «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен және осы Регламентпен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.

164. Құрылтайда дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда Құрылтай Төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

165. Құрылтай Төрағасы өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiм шығарады.

166. Құрылтай Төрағасының үш орынбасары болады, олар Құрылтай депутаттарының арасынан Құрылтай отырысында Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады.

167. Орынбасарлар лауазымына сайлауға кандидатураларды Құрылтай Төрағасы ұсынады.

Егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, шешім ашық дауыс беру арқылы әрбір кандидатура бойынша жеке қабылданады және қаулымен ресімделеді.

168. Кандидатқа Құрылтай алдында сөз сөйлеу құқығы берiледi. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он минутқа дейiн.

Құрылтай отырысында:

1) кандидатқа және Құрылтайдың Төрағасына сұрақтар қойылуы;

2) депутаттар ұсынылған кандидатураны «жақтап» немесе «қарсы» пікір білдіруі мүмкін.

Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, ұсынылған кандидатура бойынша жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

169. Егер Құрылтай Төрағасының орынбасарлары лауазымына кандидаттар белгіленген дауыс санын ала алмаса, Құрылтай Төрағасы жаңа кандидатураларды ұсынады.

170. Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша Құрылтай Төрағасының орынбасары, егер бұл үшін Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, лауазымынан кері шақырып алынуы мүмкін.

Құрылтай Төрағасы Құрылтайға Құрылтай Төрағасының орынбасары лауазымынан кері шақырып алу туралы жазбаша ұсыну енгізеді.
Құрылтай Төрағасының орынбасары лауазымынан босату туралы мәселе Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша Құрылтайдың таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
Мәселені қарау Құрылтай Төрағасының сөз сөйлеуімен басталады.
Депутаттар лауазымынан кері шақырылып алынатын Құрылтай Төрағасының орынбасарына сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Жарыссөз аяқталғаннан кейін лауазымынан кері шақырылып алынатын Құрылтай Төрағасының орынбасарына Құрылтай алдында сөз сөйлеу құқығы беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он бес минутқа дейін.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

171. Құрылтай Төрағасының орынбасары, егер бұл үшін Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, Құрылтай Төрағасының атына лауазымынан босату туралы өтініш беруге құқылы.

Құрылтай Төрағасының орынбасарын лауазымынан босату туралы мәселе Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша Құрылтайдың таяудағы отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
Мәселені қарау Құрылтай Төрағасының сөз сөйлеуімен басталады.
Депутаттар Құрылтай Төрағасына және өтініш берген оның орынбасарына сұрақтар қоюға, сондай-ақ жарыссөз барысында өз пікірін білдіруге құқылы.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге жалпы ұзақтығы – жиырма минутқа дейін, ал жарыссөзге отыз минутқа дейін уақыт беріледі.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Егер депутаттар жарыссөз ашуды талап етпесе, жарыссөз ашылмауы мүмкiн.

172. Құрылтай Төрағасының орынбасарын атқаратын лауазымынан босату туралы қаулы қабылданады.

173. Құрылтай Төрағасының орынбасарлары Құрылтай Төрағасының уәкілеттік беруімен оның жекелеген функцияларын орындайды, сондай-ақ Құрылтай Төрағасы орнында болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін болмаған жағдайда оның міндеттерін атқарады.

174. Құрылтай Төрағасының орынбасарлары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.

16-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ БЮРОСЫ

175. Құрылтай Бюросы – Құрылтай Төрағасы жанынан құрылатын, Құрылтайдың үйлестiру органы.

Бюроның құрамына Құрылтай Төрағасының орынбасарлары, тұрақты комитеттердiң төрағалары, Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кiредi.

176. Құрылтай Бюросы:

1) Құрылтайдың тұрақты комитеттерi мен комиссияларының жұмысын үйлестiредi;

2) Құрылтайға Құрылтай отырыстарының күн тәртібі және оларда мәселелерді қарау тәртібі жөнінде ұсыныстар дайындайды;

3) бірнеше комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша тұрақты комитеттердің бірлескен жұмысын ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді;

4) осы Регламентте белгіленген не «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және осы Регламентте Құрылтайдың басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған Құрылтай жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

177. Құрылтай Төрағасы Құрылтай Бюросының отырыстарын қажеттілігіне қарай шақырады және олар Бюро мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады.

Бюроның құрамына кірмейтін Құрылтай депутаттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi Құрылтай Бюросының отырыстарына кеңесшi дауыс құқығымен қатысуға құқылы.
Құрылтай Төрағасы Құрылтай Бюросының отырыстарына мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкiлдерiн, ғалымдарды, сарапшылар мен мамандарды шақыруға құқылы.

178. Құрылтай Бюросының отырыстары стенограммаға түсiрiледi және олардың бейнежазбасы жүргізіледі.

179. Құрылтай Бюросының отырысы Құрылтай Төрағасының шешімімен сырттай өткізілуі мүмкін.

Құрылтай Бюросының мүшелері жеке өздері сырттай дауыс береді.
Сырттай дауыс берудің қорытындылары хаттамамен ресімделеді, оған Құрылтай Төрағасы қол қояды және Құрылтай Аппаратының Басшысы бұрыштама қояды.

180. Құрылтай Бюросы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады, оларға Құрылтай Төрағасы қол қояды.

Құрылтай Бюросының қаулылары оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең бөлiнген жағдайда Құрылтай Төрағасының дауысы шешушi болып саналады.

17-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИТЕТТЕРІ МЕН КОМИССИЯЛАРЫ

181. Тұрақты комитеттер мен комиссиялар – Құрылтайдың жұмыс органдары.

182. Комитеттер заң жобалау жұмыстарын жүргiзу, Құрылтайдың құзыретіне кіретін мәселелердi алдын ала қарау және дайындау үшiн құрылады.

183. Комитеттер депутаттар арасынан Құрылтай отырысында құрылады.

Комитеттердің саны мен атауы депутаттардың ұсынысы бойынша айқындалады. Комитеттер саны сегізден аспауға тиіс.

184. Құрылтай депутаты бір ғана комитеттің мүшесі бола алады.

Құрылтай төрағасы мен оның орынбасарлары Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің құрамына кіре алмайды.
Комитеттер саяси партиялар фракцияларының өкілдігі ескеріліп құрылады.

185. Тұрақты комитеттің жұмысына оның төрағасы басшылық етеді.

Тұрақты комитеттердің төрағалары, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады. Шешім әр кандидатура бойынша жеке қабылданады және қаулымен ресімделеді.
Комитеттер төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды депутаттар ұсынады.
Құрылтайдағы оппозиция өз депутаттарының арасынан комитеттер төрағаларының лауазымдарына кандидатуралар ұсынуға құқылы.
Құрылтай комитеттерінің бірінің төрағасы Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.

186. Комитет төрағасы комитет мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен лауазымынан керi шақырып алынуы мүмкiн.

Комитет төрағасы Құрылтай Төрағасының атына лауазымынан босату туралы өтініш беруге құқылы, егер Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілігі қолдап дауыс берсе, өтініш қабылданды деп саналады.

187. Комитет төрағасының бір орынбасары болады, ол комитет мүшелерінің арасынан комитет мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен комитет отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Комитет төрағасының орынбасары лауазымына кандидатураны комитет мүшелері ұсынады.
Құрылтайдағы оппозиция өз депутаттарының арасынан комитет төрағаларының орынбасарлары лауазымдарына кандидатуралар ұсынуға құқылы.
Құрылтайдың екі комитетінің төрағасының орынбасары Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.
Комитет төрағасының орынбасары комитет жұмысын ішкі ұйымдастыру мәселелерін шешеді, комитет төрағасының уәкілеттік беруімен комитет отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ комитет төрағасы орнында болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін болмаған жағдайда оның міндеттерін атқарады.

188. Комитет төрағасының орынбасары комитет төрағасының немесе комитет мүшелерiнiң ұсынысы бойынша комитет мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен лауазымынан кері шақырып алынуы мүмкiн.

Комитет төрағасының орынбасары комитет төрағасының атына лауазымынан босату туралы өтініш беруге құқылы, егер комитет мүшелерінің көпшілігі қолдап дауыс берсе, өтініш қабылданды деп саналады.

189. Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланған комитеттердің төрағасы мен төраға орынбасарлары Құрылтайдың әртүрлі комитеттеріне сайланады.

190. Заң жобалау жұмысын жүргізу жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру үшін Құрылтайдың тұрақты комитеті:

1) заң жобаларына қорытынды береді;

2) Құрылтай Бюросының тапсырмасымен заң жобасы бойынша бас комитет болады, тұрақты комитеттердің, депутаттардың, саяси партиялар фракцияларының және Құрылтай Аппаратының тиісті құрылымдық бөлімшелерінің түзетулерін (бар болса) жинақтайды;

3) өзі бас комитет болатын заң жобасын қарау үшін жұмыс тобын құруға және оның құрамына заң жобасының бастамашыларын, депутаттарды, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерін, ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды, Құрылтай Аппаратының жұмыскерлерін тартуға құқылы;

4) заң жобасын Құрылтай отырысында қарау туралы Құрылтай Бюросына ұсыныс енгізеді;

5) «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және осы Регламентке сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

191. Құрылтай Бюросының шешімі бойынша комитет тыңдау дайындайды және өткізеді, сондай-ақ үкімет сағатын өткізеді.

192. Құрылтай немесе оның Бюросы Құрылтайдың құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді алдын ала қарау және дайындау үшін комитетті бас комитет ретінде айқындай алады.

193. Құрылтай Бюросы тұрақты комитеттер қызметінің бағыттарын айқындайды.

Комитеттердің заң шығару қызметіндегі құзыреті және өздері жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңнамасы салаларының ресми сыныптауышы ескеріліп белгіленеді.
Комитеттер Құрылтайдың немесе оның Бюросының шешімімен, сондай-ақ Құрылтай Төрағасының тапсырмасымен осы тармақтың екінші бөлігінде көзделмеген өзге де бағыттар бойынша мәселелер мен заң жобаларын қарай алады.

194. Тұрақты комитеттер өз құзыретiндегі мәселелер бойынша қызмет нысаны мен әдiсін еркiн таңдай алады.

195. Комитеттiң отырыстары қажеттілігіне қарай, бiрақ айына кемiнде екi рет өткiзiледi.

Комитет отырыстарында комитет төрағасы немесе комитет төрағасының орынбасары төрағалық етеді.
Комитеттердiң отырыстары мүшелерiнің жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде заңды болады.
Комитеттер отырыстарын комитет төрағасы өз бастамасы бойынша немесе комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша шақырады.

196. Тұрақты комитеттердің отырыстары ашық түрде өтеді. Осы Регламентте көзделген жағдайларда жабық отырыстар өткізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Жоғары аудиторлық палата Төрағасы мен мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты басшыларының, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Құрылтайдағы өкілдерінің комитеттердің кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Құрылтайда аккредиттелген жағдайда комитеттердің ашық отырыстарына қатыса алады.

197. Тұрақты комитеттер өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарып, осы Регламентте көзделген өзге де шешімдер қабылдайды.

Комитеттердің шешімдері олардың мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
Дауыс беру кезінде депутат бір дауысқа ие болады, ол «жақтап» немесе «қарсы» дауыс береді не «қалыс қалады».
Дауыс беру кезінде болмаған депутаттың кейіннен дауыс беруге құқығы жоқ.
Дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, Комитет төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

198. Комиссиялар Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда құрылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген Құрылтай өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Құрылтай арнаулы комиссиялар құрады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 17) және 18) тармақшаларында көзделген Құрылтай өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Құрылтай уақытша комиссиялар құрады.

199. Құрылтай комиссиялары Құрылтай отырысында құрылады.

Комиссиялардың қызметі уақытша сипатта болады және олардың қарауына шығарылған мәселелермен шектеледі.
Құрылтайдың комиссия құру туралы қаулысында оның міндеттері, құрамы және қызмет ету мерзімі айқындалады.

200. Комиссияның жұмысына, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, ашық дауыс беру арқылы Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысында сайланатын оның төрағасы басшылық етеді.

201. Комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

Комиссиялардың қаулылары өз мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

18-тарау. КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАНДАР

202. Құрылтайдың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау үшін оның жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.

Консультативтік-кеңесші органдар Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.

203. Құрылтай бюросы:

1) консультативтік-кеңесші органдар туралы ережелерді бекітеді;

2) консультативтік-кеңесші органдардың құрамын айқындайды;

3) консультативтік-кеңесші органдардың басшы лауазымды адамдарын тағайындайды;

4) басшы лауазымды адамдардың консультативтік-кеңесші органдардың қызметі туралы ақпаратын тыңдайды.

Құрылтай Аппараты консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс органы болып саналады.

204. Консультативтік-кеңесші органдардың құрамы саяси партиялар, азаматтық қоғам, бизнес, сараптама қоғамдастығы өкілдері, Құрылтай депутаттары, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері арасынан қалыптастырылады.

205. Консультативтік-кеңесші органдардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады, олар Құрылтай Төрағасына мәлімет үшін жіберіледі, сондай-ақ комитеттер оларды заң жобаларымен жұмыс істеу, тыңдаулар мен үкімет сағаттарын дайындау кезінде ескереді.

19-тарау. ТЫҢДАУ

206. Құрылтай өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді.

Тыңдау – Құрылтай қызметін ұйымдастыру нысаны, оның мақсаты – өз құзыретіне жататын аса маңызды мәселелерді алдын ала талқылау.

207. Тыңдау Құрылтай Бюросының шешімі бойынша өткізіледі, ол тыңдау өткізуді дайындауға жауапты бас комитетті (комитеттерді) айқындайды.

208. Тыңдау ашық және жабық түрде өткізілуі мүмкін.

Ашық тыңдау Құрылтайдың интернет-ресурсында онлайн режимде трансляциялануы мүмкін.
Егер мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер қозғалатын болса, Құрылтай Бюросының шешімі бойынша жабық тыңдау өткізіледі.
Жабық тыңдау құпиялылық режимі қамтамасыз етіліп және (немесе) тыңдауға кіргізу шектеле отырып өткізіледі.

209. Тыңдау Құрылтай отырыстары кезінде өткізілмейді.

Тыңдауда талқыланатын мәселенің тақырыбы, оның өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы ақпарат тыңдау басталғанға дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарына беріледі.
Тыңдау өткізу үшін қарауға енгізілетін мәселелерге қатысты материалдарды жауапты мемлекеттік орган Құрылтай Аппаратына оның отырысы өткізілетін күнге дейін бес күннен кешіктірмей жібереді.

210. Құрылтайдағы оппозиция бір сессия ішінде кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы.

Бұл жағдайда тыңдауда талқыланатын мәселенің тақырыбын депутаттар ұсынады және ол Құрылтайдағы оппозиция болып саналатын саяси партиялар фракцияларының әрқайсысында алдын ала бөлек талқыланады.
Талқылау қорытындысы бойынша тыңдаудың тақырыбы Құрылтайдағы оппозиция болып саналатын саяси партиялар фракцияларының бірлескен отырысының қарауына шығарылады, содан кейін тыңдаудың келісілген тақырыбы Құрылтай Бюросының қарауына жіберіледі.
Құрылтайдағы оппозиция өкілдері тыңдау өткізу жөніндегі уақытша комиссияның жұмысына қатысады.

211. Құрылтай өз отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай Бюросының ұсынысы бойынша тыңдау өткізу жөніндегі уақытша комиссияны құрып, оның төрағасын сайлайды.

Уақытша комиссия тұрақты комитеттер мен саяси партиялар фракциялары өкілдерінің арасынан қалыптастырылады.
Уақытша комиссияның қызметі тыңдау өткізумен шектеледі.

212. Тыңдауға шақырылған адамдардың құрамын уақытша комиссия айқындайды.

Шақырылған адамдардың тыңдау өткізу барысына араласуға және залда белгіленген тәртіпті бұзуға құқығы жоқ. Төрағалық етуші мұндай адамды залдан шығаруға құқылы.

213. Тыңдауды Құрылтай Төрағасы немесе Құрылтай Төрағасының орынбасары не тыңдау өткізуді дайындауға жауапты бас комитеттің төрағасы жүргізеді.

Тыңдау төрағалық етушінің қысқаша кіріспе сөзімен басталады, ол тыңдауда талқыланатын мәселенің тақырыбы, оның маңыздылығы, тыңдау өткізу тәртібі, шақырылған адамдардың құрамы туралы хабардар етеді.
Кіріспе сөзден кейін тыңдау өткізу жөніндегі уақытша комиссияның төрағасы баяндама жасайды. Баяндаманың ұзақтығы – жиырма минутқа дейін.
Уақытша комиссия төрағасының баяндамасынан кейін тыңдауға қатысушы депутаттар мен шақырылған адамдар сөз сөйлейді.
Депутаттар, сондай-ақ шақырылған адамдар төрағалық етушінің рұқсатымен сөз сөйлейді. Әр сөз сөйлеу ұзақтығы – жеті минутқа дейін.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Сөз сөйлеу аяқталғаннан кейін депутаттар мен шақырылған адамдар баяндамашыға және тыңдауға қатысушы өзге де адамдарға ауызша немесе жазбаша сұрақтар қоюға құқылы.
Депутаттар мен шақырылған адамдардың сөз сөйлеуі үшін берілетін уақыттың жалпы ұзақтығы – бір жарым сағаттан, ал сұрақтар қою және оларға жауап беру үшін бір сағаттан аспауға тиіс.

214. Тыңдау қорытындысы бойынша ұсынымдар тыңдауға қатысқан депутаттар санының көпшілік дауысының мақұлдауы арқылы қабылданады.

Ұсынымдар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің, тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де шақырылған адамдардың назарына жеткізіледі.

215. Тыңдау стенограммаға түсіріледі және оның бейнежазбасы жүргізіледі.

216. Тыңдау өткізуді дайындауға жауапты бас комитет (комитеттер) ашық тыңдау материалдарын автоматтандырылған жүйеде және Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырады.

20-тарау. ҮКІМЕТ САҒАТЫ

217. Құрылтайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша үкімет сағаттары өткізілуі мүмкін.

218. Үкімет сағатын Құрылтай Бюросының шешімі бойынша тұрақты комитеттер өткізеді әрі ол ашық және жабық түрде өткізілуі мүмкін. Үкімет сағатын Құрылтай Төрағасының орынбасары не Үкімет сағатын өткізуге жауапты бас комитеттің төрағасы жүргізеді.

Ашық үкімет сағаты Құрылтайдың интернет-ресурсында онлайн режимде трансляциялануы мүмкін.
Егер мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер қозғалатын болса, Құрылтай Бюросының шешімі бойынша жабық үкімет сағаты өткізіледі.
Жабық үкімет сағаты құпиялылық режимі қамтамасыз етіліп және (немесе) үкімет сағатына кіргізу шектеле отырып өткізіледі.

219. Үкімет сағаты Құрылтай отырыстары мен тыңдауы кезінде өткізілмейді.

Үкімет сағатының күн тәртібіндегі мәселелер, оның өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы ақпарат үкімет сағаты басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын бұқаралық ақпарат құралдарына беріледі.
Үкімет сағатын өткізу үшін қарауға енгізілетін мәселелерге қатысты материалдарды жауапты мемлекеттік орган Құрылтай Аппаратына оның отырысы өткізілетін күнге дейін бес күннен кешіктірмей жібереді.

220. Үкімет сағатының күн тәртібіндегі мәселелерді Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің ұсынысы бойынша Құрылтай Бюросы айқындайды.

221. Құрылтайдағы оппозиция бір сессия ішінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы.

Бұл жағдайда үкімет сағатының күн тәртібіндегі мәселелерді депутаттар ұсынады және ол Құрылтайдағы оппозиция болып саналатын саяси партиялар фракцияларының әрқайсысында алдын ала бөлек талқыланады.
Талқылау қорытындысы бойынша үкімет сағатының күн тәртібіндегі мәселелер Құрылтайдағы оппозиция болып саналатын саяси партиялар фракцияларының бірлескен отырысының қарауына шығарылады, содан кейін үкімет сағатының күн тәртібіндегі келісілген мәселелер Құрылтай Бюросының қарауына жіберіледі.

222. Үкімет сағатына шақырылған адамдардың құрамын бас комитет айқындайды.

Шақырылған адамдардың үкімет сағатын өткізу барысына араласуға және залда белгіленген тәртіпті бұзуға құқығы жоқ. Төрағалық етуші мұндай адамды залдан шығаруға құқылы.

223. Үкімет сағаты барысында депутаттар Үкімет өкілінің баяндамасын тыңдайды. Баяндаманың ұзақтығы – жиырма минутқа дейін.

Баяндамадан кейін бас комитеттің өкілі қосымша баяндамамен сөз сөйлейді. Қосымша баяндаманың ұзақтығы – он минутқа дейін.
Қосымша баяндама аяқталғаннан кейін депутаттар Үкімет өкіліне және өзге де шақырылған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
Сұрақтар қойылып, оларға жауаптар берілгеннен кейін депутаттар сөз сөйлейді.
Депутаттар, сондай-ақ шақырылған адамдар төрағалық етушінің рұқсатымен сөз сөйлейді. Әр сөз сөйлеу ұзақтығы – жеті минутқа дейін.
Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін олардың талап етуі бойынша міндетті түрде сөз беріледі.
Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге арналған уақыттың жалпы ұзақтығы – бір сағаттан, ал сөз сөйлеу үшін бір жарым сағаттан аспауға тиіс.

224. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша үкімет сағатына қатысқан депутаттар санының көпшілік дауысының мақұлдауы арқылы алынған ұсынымдар қабылданады.

Ұсынымдар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің, тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де шақырылған адамдардың назарына жеткізіледі.

225. Үкімет сағаты стенограммаға түсіріледі және оның бейнежазбасы жүргізіледі.

226. Ашық үкімет сағатының материалдарын бас комитет автоматтандырылған жүйеде және Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырады.

21-тарау. ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР МЕН СҰРАҚТАР

227. Депутаттық сауал – Құрылтай отырысында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына осы органның немесе лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Құрылтай сессиясында негізделген түсіндірме беруін немесе өз ұстанымын баяндауын ресми сұраған талабы.

228. Құрылтай депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы мен мүшелеріне, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне сауал жолдауға құқығы бар.
Бас Прокурорға не құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданған сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыру мәселелеріне қатысты бола алмайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына жолданған сауалдарды қарау Құрылтайдың жабық отырыстарында жүргізіледі.

229. Сауал Құрылтай отырысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралғаннан кейін жария етіледі. Құрылтай қатысып отырған депутаттар санының көпшілік дауысымен депутаттық сауалдарды жария етудің өзге тәртібін белгілей алады.

Бір сауалды жария етуге төрт минутқа дейін уақыт беріледі. Белгіленген уақыттан асып кеткен кезде сөйлеушінің микрофоны автоматты түрде өшіріледі.

230. Депутат сауалда өзі жүгінетін лауазымды адамды және күтілетін жауаптың нысанын көрсетеді.

Сауал жолданған лауазымды адамдар ол бойынша бір айдан аспайтын мерзімде жауап беруге міндетті.

231. Құрылтай Аппараты депутаттық сауал жария етілген күннен бастап үш күн мерзімде оны тиісті лауазымды адамға жібереді, бұл туралы сауалға қол қойған депутатқа (депутаттарға) хабарлайды.

232. Сауалға берілетін жауапты депутаттың талап етуі бойынша лауазымды адам Құрылтай отырысында жария етеді.

Бұл жағдайда Құрылтай Бюросының ұсынысы бойынша депутаттық сауалға берілетін жауапты жария ету туралы мәселе Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
Отырыста сауалдың қысқаша мазмұны жөнінде сөз сөйлеу үшін алдымен депутатқа сөз беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – үш минутқа дейін.
Содан кейін сауалға берілетін жауапты жария ету үшін лауазымды адамға сөз беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он минутқа дейін.
Депутаттар лауазымды адамға депутаттық сауалдың тақырыбы бойынша сұрақтар қоюға құқылы. Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге арналған уақыттың жалпы ұзақтығы – отыз минутқа дейін.
Сауалға берілген жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін.
Қажет болған кезде сауалға берілген жауап және оны талқылау нәтижелері бойынша Құрылтай қаулысы қабылданады.
Депутаттық сауал мен оған берілген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.

233. Депутаттар Құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық Банкі Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасына, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақтармен жүгінуге құқылы.
Сұраққа жауап – сол отырыста, ал жауап беруге қосымша әзірлік қажет болған жағдайда үш күн мерзімде беріледі.

6-БӨЛІМ. ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

22-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ДЕПУТАТТЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР

234. Құрылтай депутаттары саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.

Депутаттық бірлестіктердің ішкі қызметін, оларды ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді олар өздерінің ережелеріне сәйкес дербес ұйымдастырады.

235. Саяси партияның фракциясы – тиісті саяси партияның мүдделерін білдіру мақсатында Құрылтайда құрылатын, саяси партиядан өкілдік ететін Құрылтай депутаттарының ұйымдасқан тобы.

Құрылтайда әр саяси партиядан бір ғана фракция құрылуы мүмкін.
Саяси партия фракциясының ең аз саны «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген кедергіні еңсерген саяси партиялар үшін бөлініп берілген депутаттық мандаттардың ең аз санына сәйкес келуге тиіс.
Депутаттың өзі Құрылтайға сайланған бір ғана саяси партияның фракциясында болуға құқығы бар.
Фракцияны саяси партияның фракциясы туралы ережеге сәйкес сайланатын жетекші басқарады.

236. Депутаттық топ – депутаттардың өз өкілеттігін бірлесіп жүзеге асыруға арналған бірлестігі.

Депутаттық топтың құрамында Құрылтайдың кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
Депутаттық топты депутаттық топ туралы ережеге сәйкес сайланатын жетекші басқарады.

237. Саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар Құрылтай Бюросында тіркеледі.

Тіркеу тиісті саяси партияның фракциясы немесе депутаттық топ құрылған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі.
Тіркеу саяси партияның фракциясы немесе депутаттық топ туралы ереже, фракцияға не депутаттық топқа енген депутаттардың қолы қойылып куәландырылған оның тізімдік құрамы қоса берілетін депутаттық бірлестік құру туралы жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
Саяси партиялардың фракциялары өздерінің жазбаша хабарламаларында оппозицияға қатыстылығын көрсетеді.

238. Депутаттық бірлестіктердің тізімдік құрамы Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастырылады.

239. Депутаттар депутаттық топқа кез келген уақытта кіруге не одан шығуға құқылы.

Депутат депутаттық топтан шығып, оның сан құрамы он бес депутаттан аз болған жағдайда депутаттық топ өз қызметін тоқтатады.

240. Депутаттық бірлестіктердің сан құрамын уақтылы есепке алу мақсатында саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар өздеріндегі адам саны өзгерген кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде Құрылтай Бюросына өз мүшелерінің өзгертілген тізімін ұсынады.

241. Саяси партия фракциясының, депутаттық топтың:

1) Құрылтай отырысының күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі мен олардың мәні жөнінде ұсыныстар мен ескертпелер енгізуге;

2) Құрылтай сайлайтын және лауазымынан босататын не тағайындалуына Құрылтай келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікір білдіруге;

3) заңдардың, қаулылардың және заңнамалық сипаты жоқ өзге де актілердің жобаларына түзетулер ұсынуға;

4) депутаттарды азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерімен, саяси партия фракциясының, депутаттық топтың шешімдерімен таныстыруға;

5) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан депутаттық бірлестіктің қызметіне қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуға;

6) жарыссөз тоқтатылған кезде сөз сөйлеуді талап етуге құқығы бар. Бұл жағдайда сөз міндетті түрде беріледі.

242. Саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне, ал олар болмаған жағдайда не олардың уәкілеттік беруімен саяси партиялар фракцияларының өкілдеріне талқыланатын мәселе бойынша фракцияның ұстанымын баяндау үшін Құрылтайдың, оның Бюросының, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі.
Бұл кепілдік жарыссөз тоқтатылған жағдайда сөз сөйлеуге де қолданылады.

243. Саяси партиялар фракцияларының негізгі өкілеттіктері:

1) Құрылтайдың заңнамалық және өзге де қызметінде саяси партияның мүддеcін білдіру;

2) Премьер-Министрдің кандидатурасы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жүргізетін консультацияларға қатысу;

3) «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және осы Регламентте көзделген жағдайда және тәртіппен тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;

4) «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және осы Регламентте көзделген жағдайда және тәртіппен үкімет сағатының күн тәртібін айқындау;

5) саяси партия фракциясы қызметінің Құрылтай депутаттарының өкілеттіктерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын өзге де бағыттары.

244. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен саяси партияның жоғары немесе басшы органдарының шешімі бойынша саяси партиялар фракцияларының қызметі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Саяси партия фракциясының қызметін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім жазбаша түрде Құрылтай Бюросының назарына жеткізіледі.

245. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ саяси партияның жұмысына қатысады.

246. Саяси партия фракциясының мүшесі саяси партияның жарғысына және саяси партия фракциясы туралы ережеге сәйкес саяси партияның басшы органының шешімі бойынша саяси партия фракциясынан шығарылуы мүмкін.

Депутатты саяси партия фракциясынан шығару туралы ақпарат осы Регламентте белгіленген мерзімде Құрылтай Бюросының назарына жеткізіледі.

247. Саяси партияның фракциясы өз қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз ету үшін өз аппаратын құра алады.

23-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ КӨПШІЛІК ЖӘНЕ ОППОЗИЦИЯ

248. Құрылтайдағы көпшілік – Құрылтайда депутаттық мандаттардың ең көп санын алған саяси партия.

249. Құрылтайдағы оппозиция – Құрылтайда өкілдігі бар және Құрылтайдағы көпшілікке кірмейтін, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын саяси партия немесе саяси партиялар.

Құрылтайдағы оппозиция жекелеген мәселелер бойынша Құрылтайдағы көпшілік партиясын қолдауы мүмкін.
Саяси партияның фракциясы Құрылтайдағы қай оппозицияға жататынын тіркеу кезінде көрсетеді.

7-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

24-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

250. Құрылтай депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаты ретінде тіркеген кезден басталады.

251. Құрылтайдың жаңа шақырылымының бірінші отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін».
Антты Қазақстан Республикасының Президенті өзі айқындайтын тәртіппен қабылдайды.
Депутаттар бір рет ант береді.
Тиісінше ресімделген және мемлекеттік немесе орыс тілінде басылған депутат антының мәтіні ант беруші депутаттың таңдауы бойынша осы тілдердің бірінде айтылады.
Анттың мәтіні жазылған бланк ант беру күні көрсетіле отырып, депутаттың жеке іс материалдарында сақталады.
Құрылтайдың жаңа шақырылымының бірінші отырысы өткізілгеннен кейін сайланған депутат Құрылтайдың таяу арадағы өзі қатысатын отырысында ант береді.

252. Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.

Осы талаптарды бұзу Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.

253. Құрылтай депутатының өкілеттігі:

1) орнынан түскен;

2) қайтыс болған;

3) заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған;

4) саяси партияның басшы органының шешімімен кері қайтарып алынған жағдайда;

5) Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.

254. Құрылтай депутаты:

1) Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;

4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;

5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.

255. Құрылтай депутатының өкілеттігі ол орнынан түскен жағдайда тоқтатылған кезде, сондай-ақ осы Регламенттің 254-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мандатынан айырылған кезде Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатуға алып келетін негіздердің басталу фактісін көрсетіп қаулы қабылдайды және Құрылтай депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынуды Құрылтайға енгізу туралы шешім қабылдайды.
Орталық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде Құрылтай тиісті Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады.

256. Құрылтай депутатының өкілеттігі ол қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған, депутат саяси партияның басшы органының шешімімен кері шақырып алынған жағдайларда тоқтатылған кезде, сондай-ақ осы Регламенттің 254-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша ол мандатынан айырылған кезде Орталық сайлау комиссиясы осы адамның Құрылтай депутатының өкілеттігінен айырылу фактісін көрсетіп қаулы қабылдайды.

257. Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.

258. Құрылтай депутатының белгіленген үлгідегі депутаттық куәлiгi мен төсбелгiсi болады, бұларды сайланған депутат ретiнде тiркелгеннен кейiн оған Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы бередi.

Депутат депутаттық куәлiк пен төсбелгiнi өз өкiлеттiгі мерзiмi iшiнде пайдаланады.

259. Депутат Құрылтай сессияларында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселе бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

260. Құрылтай депутаты:

1) Құрылтайдың үйлестiру және жұмыс органдарын сайлауға және оларға сайлануға;

2) Құрылтай отырысының күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi мен олардың мәнi жөнiнде ұсыныстар мен ескертпелер енгiзуге;

3) Құрылтай сайлайтын және лауазымынан босататын не Құрылтай тағайындауға келісім беретін лауазымды адамдардың кандидатуралары жөнiнде өз пiкiрiн айтуға;

4) Құрылтай отырыстарында қарау үшiн ұсынылатын мәселелер бойынша Құрылтай Бюросына ұсыныстар енгiзуге, ал оның ұсыныстары қабылданбаған жағдайда оларды Құрылтай отырыстарының қарауына енгiзуге;

5) Құрылтайдың үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстарында қарау үшiн мәселелер ұсынуға;

6) Құрылтайға есеп беретін лауазымды адамдардың есебiн немесе ақпаратын Құрылтай сессиясында тыңдау туралы ұсыныстар енгiзуге;

7) депутаттық сауал жолдауға;

8) жарыссөздерге қатысуға, баяндамашыларға, сондай-ақ отырысқа төрағалық етушiге сұрақ қоюға;

9) дауысқа салынған мәселе бойынша өз ұсыныстарын негiздеп сөйлеуге, анықтама беруге;

10) заң жобаларына түзетулер енгiзуге;

11) қаулылардың және заңнамалық сипаты жоқ өзге де актілердің жобаларына ұсыныстар енгізуге;

12) Құрылтай депутаттарын азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерімен таныстыруға;

13) депутаттардың Құрылтай отырыстарының стенограммаларында жазылған сөйлеген сөздерiнiң мәтiнiмен танысуға;

14) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және осы Регламентке сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.

261. Құрылтай депутаты Құрылтайдың және өзi құрамына кіретін оның үйлестiру және жұмыс органдарының жұмысына қатысуға мiндеттi.

Құрылтайда депутаттың жеке өзi дауыс беруге тиіс.

262. Депутатқа осы Регламентте белгiленген мерзiмде Құрылтай отырыстарының, Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдары отырыстарының өткiзiлетiн күні, уақыты мен орны туралы, сондай-ақ олардың қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы хабарланады, осы мәселелер бойынша қажеттi материалдар ұсынылады.

Депутат отырысқа келу мүмкiндiгi болмаған жағдайда бұл туралы Құрылтай Төрағасына не тиiсiнше Құрылтайдың жұмыс органының жетекшісіне күнi бұрын хабарлайды.

263. Депутат Құрылтай мен оның үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, депутатқа «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.

264. Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдарының құрамына кiретiн депутат кез келген мәселелер мен ұсыныстарды олардың қарауына енгiзуге, мәселелердi қарауға дайындауға, талқылауға және олар бойынша шешiм қабылдауға, сондай-ақ қабылданған шешiмнiң жүзеге асырылуын ұйымдастыруға, олардың орындалуын бақылауға қатысуға құқылы.
Өзi құрамына кiретiн Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдарының шешiмiмен келiспеген депутат Құрылтай отырысында өз көзқарасын баяндауға не ол туралы төрағалық етушiге жазбаша түрде хабарлауға құқылы.

265. Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдарының құрамына кiрмейтiн депутат көрсетілген органдардың отырыстарына қатысып, ұсыныстар енгiзе алады, қаралатын мәселелердi талқылауға және кеңесшi дауыс құқығымен шешiм қабылдауға қатыса алады.

Депутат Құрылтайдың үйлестіру және жұмыс органдарының шешiмiмен келiспеген жағдайда осы Регламентте белгіленген тәртіппен өз ұсыныстарын заң жобасына, қаулы жобасына түзетулер ретiнде енгiзе алады.
Депутат енгiзген түзетулер Құрылтай отырысында қаралады және осы Регламентте белгіленген тәртіппен олар дауысқа салынады.

25-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

266. Депутаттық қызмет мәселелерi бойынша Құрылтай депутатының мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекеттiк ұйымдарға кедергісiз кiруіне құқығы, сондай-ақ олардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының тарапынан оның кiдiртпей қабылдануға құқығы бар.

Қызметi мемлекеттiк құпиялармен байланысты ұйымдарға депутаттың кіру тәртiбi заңда белгiленедi.

267. Құрылтай Аппараты депутатты Құрылтай, оның үйлестіру және жұмыс органдары қабылдаған актілермен, сондай-ақ ресми таратылатын ақпараттық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi.

Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, олардың лауазымды адамдары депутатқа оның депутаттық қызметiнде туындаған мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсетедi.

268. Құрылтай депутаттарына жалақы Қазақстан Республикасы Конституциясының 65-бабының 8) тармақшасында көзделген тәртiппен белгiленедi.

269. Құрылтайдың кезектi сессиялары аралығында депутаттарға екi лауазымдық айлықақы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күн болатын, ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.

270. Қазақстан Республикасының астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкiлеттiк мерзiмiне тегiн пайдалану шартымен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар бойынша тұрмысқа жайлы және жиhазбен жабдықталған тұрғын үй берiледi.

271. Құрылтай депутаттарының өз сайлаушыларымен өзара қарым-қатынас жасауы, оларды Құрылтай қызметi туралы үнемі хабардар етiп отыруы, Құрылтайдың, оның үйлестіру және жұмыс органдарының тапсырмаларын орындауы үшiн әрбiр депутатқа:

1) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алу;

2) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша iссапарға шығып тұру құқығы берiледi.

Бұл ретте iссапар шығыстары Қазақстан Республикасы Конституциясының 65-бабының 8) тармақшасында көзделген тәртiппен бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
Құрылтайдың, оның үйлестіру және жұмыс органдарының тапсырмаларын орындау үшін депутат іссапарға жіберілген жағдайда оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар бойынша іссапар шығыстары төленеді.

272. Құрылтай депутаттарына Қазақстан Республикасының астанасы шегiнде автомобиль көлiгiмен қызмет көрсету, оларға емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсету Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

273. Құрылтай депутатының өкілеттік мерзімі аяқталған соң, сондай-ақ ол орнынан түскен немесе Құрылтай таратылған жағдайда және жұмысқа орналасқан немесе зейнеткерлік жасқа жеткен кезге дейiн оған ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерiнде, бiрақ өкілеттігі тоқтатылған немесе орнынан түсу туралы өтініш қанағаттандырылған күннен бастап үш айдан аспайтын уақытқа жәрдемақы төленедi.

26-тарау. ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕП ЖӘНЕ ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС

274. Құрылтай депутаттарының Депутаттық әдеп қағидаларында олар депутаттық өкілеттігін атқарған кезде, сондай-ақ оны атқармаған кезде басшылыққа алуға тиіс мінез-құлық нормалары айқындалады. Бұл нормалар мынадай:

1) жоғары деңгейде мінез-құлық мәдениетін ұстану, әдеп нормаларын сақтау, әдептілік таныту, бір-біріне және Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің жұмысына қатысатын барлық басқа да адамдарға сыйластықпен қарау;

2) сөйлеген сөздерінде депутаттардың және басқа да адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауды, дөрекі, қорлайтын сөздерді қолданбау;

3) заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмау;

4) Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу;

5) Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының отырысында сөз сөйлеуді жеке өтініші мен депутаттық өкілеттікті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де өтініш үшін пайдаланбау;

6) сөйлеушінің сөзін бөлмеу;

7) басқа адамдардың сөзіне түсініктеме бермеу;

8) өз әрекеттерімен намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеу.

275. Депутат мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпиялары бар ақпаратты осындай құпияларды сақтаудың белгіленген тәртібін қатаң сақтай отырып пайдалануға міндетті.

Депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру кезінде өзіне белгілі болған мәліметтер Құрылтайдың, оның үйлестіру және жұмыс органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, депутат бұл мәліметтерді жария ете алмайды.

276. Депутат депутаттық бланкілерді ресми сауалдар, хаттар, құжаттар үшін ғана пайдаланып, оларға өзі қол қоюға міндетті.

Депутаттың электрондық нысандағы ресми сауалдары, хаттары, құжаттары электрондық құжат нысанында жасалады, депутаттың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады және цифрлық объектілер арқылы жіберілуі мүмкін.

277. Құрылтайдың атынан өкілдік етуге арнаулы өкілеттігі жоқ депутат басқа мемлекеттердің лауазымды адамдарымен және мемлекеттік органдарымен тек өз атынан ғана қарым-қатынас жасай алады.

Бұл ретте депутат Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға, өз әрекеттерімен Қазақстан Республикасының мүдделеріне нұқсан келтірмеуге, сол сияқты басқа мемлекеттердің заңдарын бұзбауға, оларда тұратын халықтың ұлттық дәстүрлері мен салттарын құрметтеуге міндетті.

278. Депутат масс-медиада, баспасөз конференцияларында, митингілерде, өзге де көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде немесе мәлімдемелерінде анық және тексерілген фактілерді ғана пайдалануға, қоғамдық пікірді бұрмалайтын пайымдауға жол бермеуге, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерді қолданбауға міндетті.
Сынап сөйлеген сөздерінде шындыққа үйлеспейтін не тексерілмеген фактілерді қасақана немесе абайсызда қолданып қалған  жағдайда, мүдделері мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдар мен адамдардан көпшілік алдында кешірім сұрау – депутаттың парызы.

279. Депутаттық әдеп қағидаларын бұзған депутатқа «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жазалау шаралары қолданылады.

280. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес Құрылтай төрағасы жанындағы кеңесші орган болып табылады.

Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және осы Регламентті басшылыққа алады.

281. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес Құрылтай депутаттарының қатарынан Құрылтайдың өкілеттік мерзіміне оның Бюросының қаулысымен құрылады.

282. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңесті Құрылтай Бюросы сайлайтын Кеңес төрағасы басқарады.

Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Кеңестің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын шақырады және өткізеді.

283. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті:

– депутаттың депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясына жүгіну қажеттілігі;
– Орталық сайлау комиссиясы депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін анықтаған жағдайда жазалау шараларын қолдану мәселелері бойынша Құрылтай Төрағасына ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

284. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін:

1) депутаттардың масс-медиадағы және онлайн-платформалардағы сұхбаттарына, мақалаларына және басқа да жария сөздеріне депутаттық әдеп қағидаларын бұзу белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан мониторинг жүргізеді;

2) депутаттардың мінез-құлқына қатысты жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;

3) депутаттардың депутаттық әдеп қағидаларын сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

4) депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактілеріне жол бермеу мақсатында депутаттармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

5) депутаттық әдеп қағидаларын бұзуға болмайтынын депутат назарына салады;

6) материалдарды Орталық сайлау комиссиясына беру туралы Құрылтай Төрағасына ұсыным енгізеді;

7) депутаттар депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда оларға жазалау шараларын қолдану жөнінде Құрылтай Төрағасына ұсыныс енгізеді;

8) өз қызметі барысында алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды.

285. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

Кеңестің отырыстары Құрылтай Төрағасының ұсынысы бойынша да өткізілуі мүмкін.

286. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің отырысы Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады.

287. Масс-медиадағы, онлайн-платформалардағы жарияланымдар мен сөйлеген сөздер, Құрылтай отырыстарының, оның үйлестіру және жұмыс органдарының стенограммалары, өзге де материалдар депутаттың депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясына жүгіну қажеттігі туралы мәселені Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің қарауына негіз болады.

288. Орталық сайлау комиссиясының депутаттың депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін растайтын ұсынуы депутатқа қатысты жазалау шараларын қолдануға негіз болады.

289. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қаралып отырған мәселе бойынша депутатты тыңдауға құқылы.

290. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің шешімі Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады.

291. Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары хаттамаланады.

27-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫНА КЕПІЛДІКТЕР

292. Депутаттық міндеттерін атқаруына бөгет жасау мақсатында депутатқа немесе оның жақын туыстарына қандай түрде болмасын ықпал жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамайтын, оған көрiнеу жалған ақпарат беретін, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзатын лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

293. Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
Депутатты ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм алу үшiн Бас Прокурор Құрылтайға ұсыну енгiзедi, мұны Құрылтай отырысында қарауға дайындау үшiн Құрылтай Орталық сайлау комиссиясына жiбередi. Ұсыну депутатты күдіктінің іс-әрекеттерін саралау туралы қаулымен таныстырудың, ұстаудың, оны күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің, үйқамаққа алудың, күштеп әкелудің, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi сотқа жiберудің алдында енгiзiледi.
Бас Прокурордың ұсынуы және Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы келiп түскен күнінен бастап екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады және Құрылтай тиiстi лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы. Құрылтай уәждi шешiм қабылдайды және оны Бас Прокурорға және анықтау мен алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органының басшысына үш жұмыс күні iшiнде жiбередi. Депутат өзiне ешкiмнiң тиiспеуі туралы мәселенi Құрылтай қараған кезде қатысуға құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Құрылтай депутаты қылмыс орнында ұсталған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып жалғастырылуы мүмкін.
Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.
Орталық сайлау комиссиясы iс бойынша шешiм қабылдаған тиiстi соттан Құрылтай депутатын айыптау бойынша iстi қарау нәтижелерi туралы ақпаратты сұратып алады және оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, Құрылтайға депутаттық мандаттан айыру туралы ұсыну енгiзедi.

28-тарау. ДЕПУТАТҚА ҚОЛДАНЫЛУЫ МҮМКІН ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫ

294. Депутат Құрылтайдың, оның үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстарына дәлелдi себепсiз үш реттен артық қатыспаған жағдайда, оған қатыспаған күндерi үшiн жалақы төлеуден бас тартылады.

Депутат Құрылтай, оның үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстарына дәлелдi себепсiз бiр айдан артық қатыспаған жағдайда, депутатқа қатыспаған мерзім үшін:

1) жалақы төлеуден;

2) көлiкпен жол жүру құжаттарын кезектен тыс алудан;

3) іссапарларға шығып тұрудан;

4) іссапар шығыстарын өтеуден;

5) автомобиль көлігімен қызмет көрсетуден;

6) емдеу-сауықтыру және санаторий-курорт қызметін көрсетуден бас тартылады.

Бұл туралы шешiмдi депутат Құрылтай отырысына қатыспаған кезде –Құрылтай Төрағасы, ал Құрылтай органдарының отырыстарына қатыспаған кезде Құрылтай Бюросы қабылдайды.
Құрылтай Төрағасының шешімі – оның өкімімен, Бюроның шешімі қаулымен ресімделеді.

295. Депутат өзiнiң дауыс беру құқығын басқаға берген кезде Құрылтай Бюросының шешiмiмен оған дауыс беру құқығын басқаға берген күн үшiн жалақы төлеуден, ал дауыс беру құқығын басқаға қайта берген жағдайда бір айлық жалақысын төлеуден бас тартылады.

296. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда депутатқа мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:

1) мiнеу;

2) көпшiлiк алдында кешiрiм сұрауға мәжбүр ету;

3) Құрылтайдың бір отырысында сөз бермеу;

4) Құрылтайдың үш отырысында сөз бермеу;

5) Құрылтайдың бір отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;

6) Құрылтайдың үш отырысы уақытына отырыс залынан шығарып жiберу;

7) бiр күндiк жалақысынан айыру.

Бұл туралы шешімді Құрылтай Төрағасы қабылдайды және ол оның өкімімен ресімделеді.
Депутаттың депутаттық әдеп қағидаларын бұзу фактісін анықтау және жазалау шараларын қолдану үшін Орталық сайлау комиссиясына жүгіну қажеттігі мәселелері бойынша Құрылтай Төрағасы Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдарын ескеруге құқылы.

297. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы дайындайды.

298. Құрылтайдың, оның үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстарына депутаттардың келуiн, сондай-ақ депутаттың өз дауысын басқаға бермеуiн Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелерi бақылайды.

299. Құрылтай депутаттарына жазалау шараларын қолдану туралы мәселеге Құрылтайда өкілдігі бар, құрамына депутаттар кіретін саяси партиялардың фракциялары:

Құрылтай Төрағасына – осы Регламенттің 294 және 295-тармақтарына сәйкес жазалау шараларын қолдану туралы;
Депутаттық әдеп жөніндегі кеңеске – депутаттық әдеп қағидаларын бұзғаны үшін жазалау шараларын қолдану туралы жазбаша өтініш енгізу арқылы бастамашы болуы мүмкін.

8-БӨЛІМ. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ҚЫЗМЕТІ

29-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

300. Құрылтай шет мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен), халықаралық және парламентаралық ұйымдармен, сондай-ақ бірлестіктермен халықаралық ынтымақтастықты осы Регламентте және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен жүзеге асырады.

301. Құрылтай шет мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен), халықаралық және парламентаралық ұйымдармен, сондай-ақ бірлестіктермен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасуға құқылы.

Құрылтай атынан келiсiмдерге Құрылтай Төрағасы не ол уәкiлеттiк берген Құрылтайдың лауазымды адамы қол қояды.

302. Шет мемлекеттер парламенттерінің (парламенттер палаталарының), халықаралық және парламентаралық ұйымдардың, сондай-ақ бірлестіктердің делегацияларын Қазақстан Республикасына шақыру Құрылтай Төрағасының тапсырмасымен жүзеге асырылады.

303. Құрылтай депутаттарын парламентаралық комиссиялар мен кеңестердің, шет мемлекеттердің парламенттерімен (парламенттер палаталарымен), халықаралық және парламентаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі топтардың, сондай-ақ бірлестіктердің құрамына жіберуді, олардың құрамына өзгерістер енгізуді Құрылтай Төрағасы жүзеге асырады және олар оның өкімімен ресімделеді.

304. Қазақстан Республикасы Құрылтайының парламентаралық ұйымдардағы өкілетті өкілдерінің кандидатурасын ұсынуды, оларды лауазымға тағайындауды және лауазымынан босатуды Құрылтай Төрағасы жүзеге асырады және оның өкімімен ресімделеді.

Парламентаралық ұйымдардың актілерінде өзгеше көзделмесе, өкілетті өкілдердің өкілеттік мерзімі, әдетте, кезекті шақырылған Құрылтайдың өкілеттік мерзімінен аспауға тиіс.

305. Құрылтайдың халықаралық ынтымақтастығы шеңберінде жүзеге асырылатын депутаттардың ресми және жұмыс сапарлары, делегациялардың құрамы мен басшылары, сондай-ақ депутаттардың шетелге іссапарға шығуы туралы шешімді Құрылтай Төрағасы қабылдайды.

Шешім Құрылтай Төрағасының не оның уәкілеттік беруімен Құрылтай Төрағасы орынбасарларының бірінің өкімімен олардың арасындағы міндеттерді бөлуге сәйкес ресімделеді.

30-тарау. ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

306. Құрылтай қызметі республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.

307. Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы ретінде Құрылтайдың қызметiн ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан оның Аппараты қамтамасыз етедi.

Мүгедектігі бар депутат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлармен, оның ішінде ғимаратқа, жұмыс орнына, ақпаратқа, цифрлық жүйелерге, дауыс беру жүйелеріне, коммуникация құралдарына және Құрылтай мен оның жұмыс органдарының іс-шараларына қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі.
Құрылтай Аппаратының штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Құрылтай Аппаратының құрылымын Құрылтай Бюросы айқындайды.
Құрылтай Аппаратының қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Құрылтай Аппаратының Басшысы Құрылтай Төрағасының өкімімен тағайындалады және лауазымынан босатылады.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Аппараты туралы ережені Құрылтай Бюросы бекітеді.

31-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

308. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай осы Регламентке сәйкес қарайды.

309. Құрылтай Регламенті, Құрылтай Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар, егер оларды бекіту туралы қаулыда өзге мерзімдер көрсетілмесе, қабылданған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

310. Құрылтай Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды депутаттар, тұрақты комитеттер және депутаттық бірлестіктер Құрылтай Бюросына енгізе алады, Құрылтай Бюросы бұл ұсыныстарды одан әрі

қарау тәртібі туралы ұсыныс енгізу үшін бас комитетті айқындайды.