О практике вынесения судами частных определений по гражданским делам
Деректемелер және дереккөз
- Толық атауы
- О практике вынесения судами частных определений по гражданским делам
- Атауы (қаз.)
- Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару тәжірибесі туралы
- Акт түрі
- Қаулы
- Заңдық күші
- Қолданыста
- Тізілімдегі мәртебе коды
- new
- Нөмірі
- 1
- Қабылданған күні
- 25.06.2010
- Көрсетілген редакция
- 28.11.2024 53891_739602.kaz
- Соңғы өзгеріс
- 28.11.2024
- Мәтін тілі
- қазақша
- НҚА мемлекеттік тіркеу нөмірі
- P10000001S_
- ЭКБ идентификаторы
- 53891
- Редакция идентификаторы
- 53891_739602
- Бастапқы дереккөз
- ЭКБ zan.gov.kz (API)
- Деректер жаңартылды
- 03.08.2026 07:54
0 Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару практикасы туралы
Соттардың жеке ұйғарымдар шығару кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларын біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1 1. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабында белгіленген тәртіппен шығарылатын жеке ұйғарымдар соттардың заңдылық бұзылған жағдайларға ден қою актілері болып табылады.
2 2. Сот отырысында анықталған заңдылықты бұзу жағдайлары жеке ұйғарымдар шығару үшін негіздер болып табылады.
Нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін іс-әрекеттерді заңдылықты бұзу деп түсінген жөн.
Іске қатысатын тұлғалардың дәлелдеу жөніндегі процестік міндеттерді тиісінше орындамауы жеке ұйғарымдар шығару үшін жеткілікті негіз бола алмайды.
3 3. Соттар басқару функцияларын атқаратын ұйымдардың, лауазымды адамдардың және өзге де адамдардың атына жеке ұйғарымдар шығарады.
Билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша не арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларды немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
Басқару функцияларын атқаратын өзге де тұлғалар деп коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын түсінген жөн.
4 4. Сот жеке ұйғарымды қаралып отырған іс бойынша сот актісімен бір мезгілде жеке процестік құжат түрінде шығарады.
5 5. Жеке ұйғарымның мазмұны шешілетін істердің және жол берілген заңдылықты бұзу сипаты ескеріле отырып, АПК-нің 269-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Жеке ұйғарымның уәждеу бөлігінде заңдылықты бұзуға жол берілгені туралы соттың түйін жасауына негіз болған дәлелдер жазылуы, жол берілген бұзушылықтардың мәні ашылуы, талаптары бұзылған нақты нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ әрекеттері (әрекетсіздіктері) заңдылықтың бұзылуына әкеп соққан адамдар көрсетілуге тиіс.
Жеке ұйғарымда мүдделеріне қатысы бар адамдардың қызметіне қатысты нақты нұсқамалар немесе ұсыныстар қамтылмауы тиіс, онда сонымен қатар кінәлі адамдардың құқықтық жауаптылық түрі мен шаралары белгіленбейді.
Жеке ұйғарымның қарар бөлігінде ұйымдардың атауы мен орналасқан жері көрсетілуге, сондай-ақ жеке ұйғарымды орындамаудың, жауапсыз қалдырудың немесе жеке ұйғарым бойынша мерзімінде жауап бермеудің салдары, жеке ұйғарымға шағым келтіру құқығы мен тәртібі туралы АПК-нің 270-бабы екінші бөлігінің ережелері түсіндірілуге тиіс.
6 6. Шығарылған жеке ұйғарым қаралатын іс бойынша сот отырысында жария етіледі.
7 7. АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес басқару функцияларын атқаратын ұйымдар, лауазымды немесе өзге де тұлғалар жеке ұйғарымды алған күнінен бастап, бір ай мерзім ішінде ол бойынша қолданған шаралар туралы соттарға хабарлауға міндетті.
8
8. Жеке ұйғарымдар қараусыз қалдырылған не оларда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданбаған, сондай-ақ жеке ұйғарымдарға дәлелсіз себептермен уақтылы жауап берілмеген жағдайда, соттар лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 664-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартуға құқылы.
Әкімшілік жазаны қолдану тиісті лауазымды адамдарды жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлау міндетінен босатпайды.
9 9. Егер сот жеке ұйғарым шығару үшін негіздердің болуы мен жеткіліктілігіне қарамастан, жеке ұйғарым шығармаса, онда келесі сатыдағы сот АПК-нің 270-бабында белгіленген тәртіппен сот актісінің заңдылығын тексере отырып, өзі жеке ұйғарым шығаруға құқылы.
10 10. Жеке ұйғарымдарға заңда белгіленген тәртіппен жеке шағымдар берілуі, прокурордың өтінішхаты немесе наразылықтар келтірілуі мүмкін.
Егер жеке ұйғарымдармен құқықтары мен заңды мүдделері қозғалған адамдар істі қарау кезінде қатыспаса, олардың атына шығарылған жеке ұйғарымдар туралы білмесе және (немесе) заңда белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп алса, олар жеке ұйғарымдарға шағым жасауға құқылы.
11 11. Жеке ұйғарымда көрсетілген заңдылықты бұзу анықталмаған жағдайларды қоспағанда, сот актісінің күшін жою шығарылған жеке ұйғарымның күшін жоюға әкеп соқпайды.
12
12. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына, АПК-нің 4-бабына сәйкес соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың салдарларын жою және кінәлілерді жауаптылыққа тарту арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік функцияларды жүзеге асырады.
Тараптардың, басқа да процеске қатысушылардың, лауазымды немесе басқа да адамдардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда соттар бұл туралы прокурорларға хабарлайды.