О персональных данных и их защите Қолданыста Заң ·№ 94-V ·21.05.2013
02.03.2026 редакциясы
Қолданыста · 02.03.2026 редакциясы

25-бап. Меншік иесінің және (немесе) оператордың, дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаның құқықтары мен міндеттері

О персональных данных и их защите · № 94-V

1. Меншік иесінің және (немесе) оператордың осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен дербес деректерді жинауды, өңдеуді жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Меншік иесі және (немесе) оператор:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындауы үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін бекітуге;
1-1) оператордың дербес деректерді жинауға, өңдеуге және қорғауға қатысты саясатын айқындайтын құжаттарды бекітуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес деректерді қорғау үшін қажетті шараларды, оның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қолдануға және сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын сақтауға;
3-1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау шеңберінде уәкілетті органның сұрау салуы бойынша меншік иесінің және (немесе) оператордың осы Заңның талаптарын сақтауын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын тәсілдер мен рәсімдер туралы ақпарат беруге;
4) дербес деректерді жинау және өңдеу мақсаттарына қол жеткізген жағдайда, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда оларды жою жөнінде шаралар қолдануға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, субъектінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге оның келісімін алғаны туралы дәлелдемені ұсынуға;
6) субъектінің өтініші бойынша өзіне қатысты ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімдерде хабарлауға;
7) субъектіге немесе оның заңды өкіліне ақпарат беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімдерде дәлелді жауап ұсынуға;
8) бір жұмыс күні ішінде: дербес деректердің анықтығын растайтын тиісті құжаттардың негiзiнде оларды өзгертуге және (немесе) толықтыруға немесе дербес деректерді өзгерту және (немесе) толықтыру мүмкін болмаған кезде оларды жоюға; дербес деректерді жинау, өңдеу шарттарының бұзылғаны туралы ақпарат болған жағдайда, субъектіге қатысы бар дербес деректерді бұғаттауға; дербес деректердi Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жинау, өңдеу фактісі анықталған жағдайда, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда оларды жоюға; дербес деректерді жинау, өңдеу шарттарын бұзу фактісі расталмаған жағдайда, дербес деректерді бұғаттауды алып тастауға; дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы анықталған кезден бастап, дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты адамның байланыс деректерін (болған кезде) көрсете отырып, осындай бұзушылық туралы уәкілетті органды хабардар етуге;
9) субъектіге немесе оның заңды өкіліне осы субъектіге қатысты дербес деректермен танысу мүмкіндігін өтеусіз беруге;
10) егер меншік иесі және (немесе) оператор заңды тұлғалар болып табылған жағдайда, дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаны тағайындауға міндетті. Осы тармақтың бірінші бөлігі 10) тармақшасының күші соттар қызметінде дербес деректерді өңдеуге қолданылмайды.
3. Дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлға:
1) меншік иесінің және (немесе) оператордың және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын, оның ішінде дербес деректерді қорғауға қойылатын талаптарды сақтауына ішкі бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының дербес деректерді өңдеу мәселелері жөніндегі ережелерін, дербес деректерді қорғауға қойылатын талапты меншік иесі және (немесе) оператор жұмыскерлерінің назарына жеткізуге;
3) субъектілердің немесе олардың заңды өкілдерінің өтініштерін қабылдау мен өңдеуге бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-72730/st-25/