О персональных данных и их защите Қолданыста Заң ·№ 94-V ·21.05.2013
02.03.2026 редакциясы
Қолданыста · 02.03.2026 редакциясы

24-бап. Субъектiнiң құқықтары мен міндеттері

О персональных данных и их защите · № 94-V

1. Субъектінің:
1) меншік иесінде және (немесе) операторда, сондай-ақ үшінші тұлғада өз дербес деректерінің болуы туралы бiлуге, сондай-ақ: дербес деректердi жинау және өңдеу фактісін, мақсаттарын, көздерін, тәсілдерін растауды; дербес деректердің тiзбесiн; дербес деректердi өңдеу мерзiмдерiн, оның iшiнде оларды сақтау мерзiмдерiн қамтитын ақпаратты алуға;
2) тиiстi құжаттармен расталған негiздер болған кезде, меншік иесінен және (немесе) оператордан өз дербес деректерін өзгертуді және толықтыруды талап етуге;
3) дербес деректердi жинау, өңдеу шарттарының бұзылғаны туралы ақпарат болған жағдайда, меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан өз дербес деректерін бұғаттауды талап етуге;
4) меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жиналған және өңделген өз дербес деректерін, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда жоюды талап етуге;
5) осы Заңның 8-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, дербес деректерді жинауға, өңдеуге, жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратуға, үшінші тұлғаларға беруге және трансшекаралық беруге келісімін кері қайтарып алуға;
6) меншік иесіне және (немесе) операторға дербес деректердің жалпыға бірдей қолжетімді көздерінде өз дербес деректерінің таратылуына келісім беруге (бас тартуға);
7) өз құқықтарының және заңды мүдделерінің қорғалуына, оның ішінде моральдық және материалдық зиянның өтелуіне;
8) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда субъект өз дербес деректерін ұсынуға міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-72730/st-24/