Қолданыста
·
03.07.2026 редакциясы
10-3-бап. Актуарийлер бірлестігі
О страховой деятельности · № 126
1. Актуарийлер бірлестігі коммерциялық емес ұйым нысанында құрылады, оның қызметі осы Заңмен, «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, актуарийлер бірлестігінің құрылтай құжаттарымен реттеледі.
2. Актуарийлер бірлестігіне мүшелікке қабылдау және мүшелікті тоқтату шарттары мен тәртібі актуарийлер бірлестігінің жарғысында белгіленеді.
Актуарийлер бірлестігі өз мүшелерінің тізбесін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
3. Актуарийлер бірлестігі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) сақтандыру және сақтандыру қызметі саласында актуарлық зерттеулер, оның ішінде актуарлық бағалауды және мазмұны мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалатын сақтандыру сыныптары бойынша сақтандыру тарифтеріне сараптама жүргізу;
2) «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы» Қазақстан Республикасының заңдары шеңберінде жасалған аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша талдау жүргізу және өмір сүру көрсеткіштерін жаңартып отыру;
3) актуарийлерді оқытудың міндетті ең төмен бағдарламасы бойынша оқытуды және емтихандарды өткізу;
4) ішкі құжаттарды әзірлеу;
5) өз қызметін жүзеге асыру кезінде өз мүшелерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету;
6) мүшелерінің арасында туындайтын дауларды қарау;
7) өз мүшелерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асыру.
4. Актуарийлер бірлестігінің жұмыскерлері мен мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру барысында алған қызметтік, коммерциялық құпияны, сақтандыру құпиясын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін жауапты болады.
5. Ықпал ету шараларын, оларды қолдану тәртібі мен негіздерін, актуарийлер бірлестігі мүшелерінің кәсіби әдеп кодексі мен кәсіби практика стандарттарын, мүшелікке қойылатын біліктілік талаптары мен өзге де талаптарды бұзуы туралы істерді қарау тәртібін әзірлеу және бекіту актуарийлер бірлестігі басқармасының жоғары органының құзыретіне жатады.
Ескерту. 3-тарау 10-3-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-10-3/