О страховой деятельности Қолданыста Заң ·№ 126 ·18.12.2000
03.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 03.07.2026 редакциясы

52-1-бап. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесі

О страховой деятельности · № 126

1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы директорлар кеңесінің, басқармасының, бөлімшелерінің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиісті басқару органының) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттерін, олардың жауапкершілігін;
2) тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі ішкі саясат пен рәсімдерді;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қызметінің түрлері бойынша тәуекелдердің рұқсат етілетін мөлшеріне жеке-жеке лимиттерді;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының органдарына тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі есептілікті ұсынудың ішкі рәсімдерін;
5) тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлерін қамтуға тиіс тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады.
6) алып тасталды - ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. Бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру ерекшеліктері уәкілетті органның осы тармақта көзделген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
1-1. Активтерді инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады.
1-2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің басшысы (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында тәуекелдерді басқару функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тәуекел-менеджері), ішкі аудит қызметінің басшысы (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында ішкі аудит функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аудиторы), комплаенс-бақылау жөніндегі бөлімшенің басшысы (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында комплаенс-бақылау функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының комплаенс-бақылаушысы) лауазымына жұмыскерлерді тағайындау кезінде олардың уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келуін өз бетінше тексереді.
2. Сақтандыру тобында уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесі болуға тиіс. Сақтандыру тобының бас ұйымы тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды шоғырландырылған негізде сақтауды қамтамасыз етеді. Сақтандыру тобының бас ұйымы сақтандыру тобына қатысушылардың тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды сақтауы үшін жауапты болады. 2-1. Сақтандыру холдингі тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуын, оның ішінде еншілес ұйымның немесе сақтандыру холдингі қомақты қатысатын ұйымдардың қызметіне байланысты тәуекелдерге қатысты болуын қамтамасыз етеді. Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары сақтандыру холдингі мәртебесін иеленуге ниет білдірген тұлғаларға қолданылады.
3. Уәкілетті орган тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесінің осы бапта белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалауды жүзеге асырады. Ескерту. 9-тарау 52-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-52-1/