Қолданыста
·
03.07.2026 редакциясы
53-бап. Ерте ден қою шаралары
О страховой деятельности · № 126
1. Сақтанушылардың
(сақтандырылушылардың, пайда алушылардың)
заңды мүдделерін қорғау, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, олардың қаржылық жағдайының нашарлауына және сақтандыру қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау үшін талдауды жүзеге асырады.
2. Сақтандыру тобының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, оның қаржылық жағдайының нашарлауына және сақтандыру тобының қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган сақтандыру тобының қызметін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау үшін талдауды жүзеге асырады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайын талдау нәтижесінде және (немесе) оны тексеру қорытындысы бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген факторлар анықталған жағдайда, уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына және (немесе) оның акционерлеріне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық орнықтылығын арттыру, оның қаржылық жағдайының нашарлауына және сақтандыру қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу жөнінде ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын ұсыну бойынша жазбаша нысанда талап жібереді.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері көрсетілген талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әрбір тармағы бойынша орындау мерзімдері мен жауапты басшы қызметкерлерді көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері жоспарда белгіленген мерзімдерде оны орындау нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі.
Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған кезде уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына және (немесе) оның ірі қатысушыларына (сақтандыру холдингтеріне) осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады.
4. Сақтандыру тобының қаржылық жағдайын талдау нәтижесінде және (немесе) сақтандыру холдингін не сақтандыру тобының қатысушыларын тексеру қорытындысы бойынша осы баптың 2-тармағында көрсетілген факторлар анықталған жағдайда, уәкілетті орган сақтандыру холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушысына сақтандыру тобының қаржылық орнықтылығын арттыру, оның қаржылық жағдайының нашарлауына және сақтандыру тобының қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу жөнінде ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын ұсыну бойынша жазбаша түрде талап жібереді.
Сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары көрсетілген талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әрбір тармағы бойынша орындалу мерзімдері мен жауапты басшы қызметкерлерді көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде уәкілетті орган сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары жоспарда белгіленген мерзімдерде оны орындау нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспары мақұлданбаған кезде сақтандыру холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық орнықтылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген мерзімдерде ұсынылмаған, осы жоспардың іс-шаралары орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына (сақтандыру холдингіне) және (немесе) оның ірі қатысушыларына осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шаралары қолданылады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін фактор (факторлар) тиісті жоспардың (жоспарлардың) мерзімдері және іс-шаралары аяқталғаннан кейін жойылмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына (сақтандыру холдингіне) және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) басшы қызметкерлеріне осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шаралары қолданылады.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің және (немесе) ірі қатысушының іс-шараларды өздеріне байланысты емес себептермен іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын орындау мерзімін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің және (немесе) ірі қатысушының өтінішхаты бойынша ұзартуы мүмкін.
7. Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау тәртібі және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-53/