Қолданыста
·
03.07.2026 редакциясы
52-4-бап. Сақтандыру шартын жасасу кезінде, сақтандыру арқылы қорғаудың қолданылу және сақтандыру жағдайын реттеу кезеңінде жосықсыз әрекетке тыйым салу
О страховой деятельности · № 126
1. Сақтандыру шартын жасасу кезінде, сақтандыру арқылы қорғаудың қолданылу және сақтандыру жағдайын реттеу кезеңінде сақтандыру шарты тараптарының анық емес мәліметтер ұсынуына және сақтандыру шартының елеулі талаптарының орындалуына әсер ететін ақпаратты жасыруына тыйым салынады.
2. Сақтандыру шартын жасасу кезінде, сақтандыру арқылы қорғаудың қолданылу және сақтандыру жағдайын реттеу кезеңінде:
1) сақтандыру шартын жасасу кезінде оның елеулі талаптарына әсер ететін ақпаратты жасыру немесе бұрмалау;
2) сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырылған мүліктің сақтандыру құнын негізсіз көтеріп жіберу;
3) сақтандыру жағдайының басталу мән-жайлары туралы ақпаратты жасыру және бұрмалау;
4) оқиғаға қандай да бір жолмен сақтандыру жағдайының көрінісін беру;
5) сақтандыру жағдайы басталғаннан кейін сақтандыру шартын жасасу;
6) сақтандыру шартында сақтандыру агенті және оның сыйақысы туралы ақпаратты бұрмалау;
7) сақтандыру төлемдерінің сомасы нақты залал сомасынан асып кеткен жағдайда, сол бір сақтандырылған мүлік бойынша бірнеше сақтандырушыға сақтандыру төлеміне жүгіну жосықсыз әрекет белгілері болып табылады.
3. Сақтандырушы осы баптың 2-тармағында көзделген жосықсыз әрекет белгілерін анықтаған кезде сақтандыру төлемінің Қазақстан Республикасының заңдарында не сақтандыру шартында көзделген мерзімі өткенге дейін сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыруды күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
Сақтандыру төлемін тоқтата тұру туралы хабарлама сақтанушыға (пайда алушыға) тиісті тексеру жүргізілетіндігі көрсетіле отырып, тоқтатыла тұрған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберілуге тиіс.
Сақтандыру төлемін тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін сақтандырушы сақтандыру төлемінен уәжді бас тартуды жіберуге не сақтандыру төлемінің Қазақстан Республикасының заңдарында не сақтандыру шартында көзделген мерзімінен асқан әрбір күн үшін, сақтандыру төлемін жүзеге асыру күніне Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне сүйене отырып есептелетін тұрақсыздық айыбын ескере отырып сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті.
4. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) не уәкілетті орган сақтандырушы тарапынан жосықсыз әрекет фактілерін анықтаған кезде уәкілетті орган сақтандырушыға қатысты осы Заңның 53-1-бабында көзделген шараларды қолданады.
Ескерту. 9-тарау 52-4-баппен толықтырылды - ҚР 12.07.2022 № 138-VII
(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң
қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-52-4/