Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
133-3-бап. Техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы сот отырысына қатысу
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар сот отырысына өздері мәлімдеген өтінішхат бойынша немесе соттың бастамасы бойынша техникалық байланыс құралдарын пайдалау арқылы қатыса алады.
2. Сот отырысына қатысу үшін пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары төрағалық етушінің іске қатысатын адамның жеке басын анықтау, сондай-ақ өкілдің өкілеттіктерін тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
Мұндай техникалық мүмкiндiк болмаған кезде сот отырысына қатысу құқығын іске асыруды iске қатысатын адамның тұрғылықты жерi бойынша сот қамтамасыз етедi.
3. Егер әскери қызметшілердің, емдеу мекемелеріндегі, халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі, сондай-ақ күзетпен ұстау немесе бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың іске қатысуын қамтамасыз ету үшін осы мекемелердің техникалық байланыс құралдары пайдаланылатын жағдайда, онда жеке басты анықтау, істі қарайтын соттың оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіргені және оларды бұзғаны үшін жауаптылық туралы ескертілгені жөнінде қолхат алу осы мекемелер әкімшілігінің жәрдемімен жүзеге асырылады.
Сот отырысына қатысатын адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ оның қолхатының куәландырылған көшірмелері алынған күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей, іс материалдарына қосып тігу үшін істі қарайтын сотқа жіберіледі.
4. Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану тәртібін, оларға қойылатын талаптарды
сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-133-3/