Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

226-бап. Шешiмнiң мазмұны

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешiм кiрiспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөлiктерiнен тұрады.
3. Шешiмнiң кiрiспе бөлiгiнде шешiмнiң шығарылған күнi мен орны; шешiм шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер; даудың нысанасы немесе мәлiмделген талап көрсетiледi.
4. Шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны, олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, баяндалуға тиіс.
5. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде iстiң сот анықтаған мән-жайлары; соттың құқықтар мен міндеттер туралы түйіндері негізделген дәлелдемелер; соттың ол немесе өзге дәлелдемелерді қабылдамау дәлелдері және сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың мойындалғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
5-1. Сот біртекті істерді осы Кодекстің 27-1 және 27-2-баптарында көзделген соттылыққа сәйкес қарау кезінде жоғары тұрған сатыдағы соттың шешімде жазылған құқықтық ұстанымдарына сілтеме жасауға құқылы.
5-2. Сот апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы соттың қаулысында жазылған ережелерді орындау мүмкін болмаған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде олардың орындалмау себептерін келтіруге тиіс.
6. Шешiмнiң қарар бөлiгiнде соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы түйіні, сот шығыстарын бөлуді, шешімге шағым беру мерзімін көрсету және оның тәртібі, сондай-ақ өзге де түйіндер қамтылуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде шығарады және оған қол қояды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-226/