Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

235-бап. Шешiмдегi қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзету

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Iс бойынша шешiм жарияланғаннан кейiн шешiм шығарған сот өзі оның күшін жоюға немесе өзгертуге құқылы емес.
2. Сот өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын адамдардың арызы бойынша шешiмде жiберiлген қате жазуларды және анық арифметикалық қателердi түзете алады. Сот шешімдегі қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Iске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа пікір ұсынуға құқығы бар. Сот шешімдегі қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды өз қалауы бойынша, іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
3. Түзетулер енгізу туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін. Соттың шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
4. Сот қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету кезінде қабылданған шешімнің түйіндерін және (немесе) мазмұнын өзгертуге құқылы емес.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-235/