Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
236-бап. Қосымша шешiм
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Iс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер iске қатысатын адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсiнiктемелер берген қандай да бiр талап бойынша шешiм шығарылмаса;
2) егер сот құқық туралы мәселенi шешіп, алып берiлген соманың, берiлуге тиiстi мүлiктiң мөлшерін немесе жауапкер жасауға міндетті әрекеттердi көрсетпесе;
3) егер сот шығыстары туралы мәселенi сот шешпесе;
4) егер сот шешiмінiң орындалуын бұрып жіберу туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.
2. Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешімді орындау мерзімдері шегінде қойылуы мүмкін.
Сот қосымша шешім шығару туралы мәселені арыз сотқа келіп түскен күннен бастап не осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Талаптарды қанағаттандыру туралы қосымша шешімді бірінші сатыдағы сот мәселені сот отырысында қарағаннан кейін шығарады. Іске қатысатын адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.
Қосымша шешімге апелляциялық шағым берілуі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
3. Қосымша шешім шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-236/