Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

401-бап. Сот шешімдеріне апелляциялық шағым жасау, прокурорлардың өтінішхаттар келтіру құқығы

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі. Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
3. Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры және олардың орынбасарлары, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорлары, өңірлік көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары өз құзыреті шегінде істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.
4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-401/