Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
405-бап. Бiрiншi сатыдағы сот судьясының апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейiнгi әрекеттерi
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Бірінші сатыдағы соттың судьясы мерзімінде берілген және осы Кодекстің 401-бабы екінші бөлігінің екінші абзацының, 403, 404-баптарының талаптарына сәйкес келетін апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейін мынадай әрекеттерді жасайды:
1) шағым, прокурордың өтінішхаты келіп түскеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей іске қатысатын адамдарға шағымның, прокурор өтінішхатының көшірмелерін және оларға қоса берілген жазбаша дәлелдемелерді не соттың интернет-ресурсы арқылы бұлардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлауды жібереді.
Тараптарға ұсыну мерзімі көрсетіле отырып, олардың шағымға, прокурордың өтінішхатына жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қарсылық білдіру құқығы түсіндіріледі;
2) шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіруі үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін істі апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.
2. Апелляциялық шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіруі үшін белгіленген мерзім өткенге дейін азаматтық істі соттан ешкім талап етіп алдыра алмайды. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ іске қатысуға тартылмаған, бірақ құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот шешім қабылдаған тұлғалар сотта іс материалдарымен, сондай-ақ келіп түскен шағымдармен және оларға берілген қарсылықтармен танысуға құқылы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-405/