Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
413-бап. Апелляциялық қараудың шектерi
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
2. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.
Егер апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелердің бірінші сатыдағы сотқа ұсынылуы дәлелді себептермен мүмкін болмағанын таныса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, сот жаңа дәлелдемелерді қабылдайды.
Апелляциялық сатыдағы сотқа дәлелдемелерді ұсынатын тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттілігі қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге міндетті.
3. Осы баптың төртінші бөлігінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық сатыдағы сотта бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және бөлу, талап қою талаптарының мөлшерін өзгерту, талап қою нысанасы мен негізін өзгерту, тиісті емес жауапкерді ауыстыру, қарсы талап қою туралы қағидалар қолданылмайды.
4. Осы Кодекстің 427-бабының төртінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот шешімінің күші жойылған және іс мәні бойынша қарау үшін қабылданған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайды және шешеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-413/