Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
435-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне кассациялық шағым беруге, наразылық келтіруге, олардан бас тартуға және кері қайтарып алуға құқығы бар тұлғалар
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Осы Кодекстiң 434-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген сот актiлерiне дау айту туралы кассациялық шағымды тараптар, iске қатысатын тұлғалар, сот актілерінде мүдделері қозғалатын басқа да тұлғалар және олардың өкілдері беруi мүмкiн.
1-1. Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілеріне дау айту туралы
кассациялық шағым беру құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары, прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау ведомствосының бірінші басшысы, Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры заңды күшіне енген сот актілеріне өз бастамасы бойынша да, осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша оларға берген, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да наразылық келтіруге құқылы.
Прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау ведомствосының бірінші басшысы инвестициялық жобаны іске асырумен байланысты қатынастардан туындайтын істер бойынша инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың мүдделерін қозғайтын, заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіруге құқылы.
Өтінішхат наразылыққа қоса беріледі.
3. Кассациялық шағым берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде шағым берген прокурор кассациялық шағымнан бас тартуға немесе оны кері қайтарып алуға құқылы, наразылық келтірген прокурор оны кассациялық шағым, наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.
Кассациялық шағымнан бас тарту кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізудің тоқтатылуына алып келеді. Кассациялық шағымды қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда шағым қайтарылады.
Кері қайтарып алынған жағдайда кассациялық шағым, наразылық осы Кодекстің 436-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайтадан берілуі мүмкін.
4. Алып тасталды - ҚР 21.11.2024 № 136-VIII (01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5.
Алып тасталды - ҚР 21.11.2024 № 136-VIII (01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-435/