Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

455-бап. Қайта қарау негіздері

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Заңды күшіне енген шешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар заңды фактілер шешімдерді, ұйғарымдарды және қаулыларды жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіздер болып табылады. Ескертпе! ҚР Конституциялық Сотының 12.06.2026 № 88-НҚ нормативтік қаулысымен осы кодекстің 455-бабының бірінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
2) заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы;
3) осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады. Ескертпе! ҚР Конституциялық Сотының 12.06.2026 № 88-НҚ нормативтік қаулысымен осы кодекстің 455-бабының екінші бөлігі қайта қарауға жататын сот актісінің нақты негіздерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталған заңды күшіне енген басқа сот актісі, осы мән-жайлар бұрын қаралған істі дұрыс шешуге айтарлықтай маңызды болған кезде және шешім шығарғанда сотқа белгілі болмаған кезде, сот актісін қайта қарау үшін негіз ретінде көзделмейтін бөлікте Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін сот актілерін осы бөлікте қайта қараған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы және осы Кодекстің 455-бабының бірінші бөлігі басшылыққа алынсын.
3. Жаңа мән-жайларға:
1) істі қарау және шешу кезінде преюдициалдық маңызы болған сот актісінің күшін жою;
2) сот актісі шығарылғанда негізге алынған мәмілені жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының сот актiсi шығарылған кезде қолданылған заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, олардың жекелеген ережелерін Конституцияға сәйкес келмейді деп тануы;
4) орындалуы туралы сот актісі шығарылған төрелік шешімнің күшін жою жатады. Ескертпе! ҚР Конституциялық Сотының 12.06.2026 № 88-НҚ нормативтік қаулысымен осы кодекстің 455-бабының үшінші бөлігі қайта қарауға жататын сот актісінің нақты негіздерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталған заңды күшіне енген басқа сот актісі, осы мән-жайлар бұрын қаралған істі дұрыс шешуге айтарлықтай маңызды болған кезде және шешім шығарғанда сотқа белгілі болмаған кезде, сот актісін қайта қарау үшін негіз ретінде көзделмейтін бөлікте Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін сот актілерін осы бөлікте қайта қараған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы және осы Кодекстің 455-бабының бірінші бөлігі басшылыққа алынсын.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-455/