Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
503-бап. Шетелдік соттардың шешімдерін, шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін мәжбүрлеп орындату
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Егер осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілер оларда белгiленген мерзiмдерде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, осы актілер өз пайдасына шығарылған сот, төрелік талқылау тарапы дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі тұрған жердегі сотқа оларды мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арыздарға осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тиiстi түрде расталған төлнұсқа актілер немесе тиiстi түрде расталған олардың көшiрмелерi, сондай-ақ бар болған кезде төрелiк келісімнің төлнұсқасы немесе тиiстi түрде расталған оның көшiрмесi қоса берiледi. Егер көрсетілген актілер немесе төрелік келiсiмдер шетел тiлiнде жазылса, тарап олардың тиiстi түрде расталған қазақ немесе орыс тiлдеріне аудармасын табыс етуге тиiс.
3. Атқару парағын беру туралы арыздар осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiм өтіп кеткен соң берілген не қажеттi құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қараусыз қайтарады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
5. Сот көрсетілген мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді мәжбүрлеп орындату туралы келіп түскен арыздары туралы, сондай-ақ олардың сот отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкерге хабардар етедi. Өндiрiп алушы да өз арызының қаралу орны мен уақыты туралы хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арыздың қаралуына кедергi болмайды.
8. Сот осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыздарды қараған кезде оларды мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Соттың атқару парағын беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-503/