Шиелi ауданы әкiмiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту және жаңа жұмыс орнын құру барысындағы жұмысы туралы
Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясын жүзеге асыру үшiн қабылданған облыс әкiмiнiң 1999 жылғы 18 желтоқсандағы № 97 «Қызылорда облысы әкiмiнiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасы және оны жүзеге асырудың iс-шаралар жоспары туралы» шешiмiнiң «Шағын кәсiпкерлiк» бөлiмінiң орындау мақсатында Шиелi ауданында бiршама жұмыстар атқарылған.
Ауданда 2002 жылдың 1 қаңтарына 898 шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi тiркелген, оның iшiнде 171 - заңды тұлғалар, 267 - шаруа қожалықтары, 460 - жеке кәсiпкерлер. Бұл құрылымдарда 3891 адам жұмыс iстейдi. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне коммуналдық меншiктiң 14 объектiсi жалға берiлдi, тауарлар (жұмыстар, қызметтер) мемлекеттiк сатып алу жөнiнде 147 тендер өткiзiлдi.
Аудан бойынша 1998-2001 жылдары Ең аз қамтамасыз етiлген азаматтарды шағын несиелендiру бағдарламасы бойынша 547 азаматқа 16,8 млн. теңге несие берiлдi.
Бүгiнгi күнi ауданда 1 бизнес-орталығы, 1 бизнес-инкубатор, 2 базар, 3 сауда қатар жұмыс iстеуде. Бизнес-инкубаторда 16 қызмет көрсету орындар және шағын цехтар жұмыс iстеуде, 13 қосымша шағын өндiрiстi ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, аудан әкiмiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi жұмысында бiраз кемшiлiктер орын алып отыр.
Өткен жылдың тиiсiнше кезеңiмен салыстырғанда кәсiпкерлiктiң дамуының көрсеткiштерi бiраз төмендеген. 71 шаруа қожалығы өз жұмысын тоқтатқан. Кәсiпкерлiкпен айналысатын адам саны 50 пайызға азайған. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен бюджетке түсетiн салық 20 пайызға кемiген. Облыс бойынша шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен жергiлiктi бюджетке түскен түсiмдердiң Шиелi ауданының үлесi 2000 жылы 3,4 пайыз құраса, 2001 жылы 1,8 пайыз құрап отыр.
Облыс әкiмiнiң 1999 жылдың 3 тамызындағы № 5 «Облыс әкiмiнiң жанындағы шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi комиссия туралы» шешiмi орындалмаған - аудан әкiмiнiң жанындағы шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi комиссиясы осыған дейiн құрылмаған. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мәселелерiмен айналысатын маман бiр жылдан берi белгiленбей отыр. Осыған дейiн ауданда шағын кәсiпкерлiктiң дамуының негiзгi басым бағыттары анықталмаған.
Аудан әкiмиятының мәжiлiстерiнде ауыл округ әкiмдерiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi жұмысы қаралмаған. Ауылдық округтерде кәсiпкерлiктi дамыту және қолдау бағдарламалары қабылданбаған, кәсiпкерлiк жұмысының ең қарапайым түрлерi мен нысандары жоқ.
Бүгiнгi күнге «Шағын несие» үкiметтiк емес ұйымы тарапынан 1998 жылы берiлген 12,3 млн. теңге шағын несиенiң 7,6 млн. теңгесi қайтарылған. Қайтарылмаған несиенiң үлесi 37,8 пайыз құрайды.
Кәсiпкерлер үшiн бiр де бiр оқу курсы, семинарлары жүргiзiлмеген. Кәсiпкерлердiң қоғамдық бiрлестiктерiн (одақтар) құру шаралары қабылданбаған. Нәтижесiнде кәсiпкерлердiң құқықтарын қорғау жұмысы сылбыр атқарылуда. Кәсiпкерлердiң талап-тiлектерi мен шағымдарын тiркейтiн журнал ашылмаған. Кәсiпкерлердiң өтiнiштерiн қарау бойынша әурешiлiкке салу орын алуда. 2001 жылы аудан әкiмi аппаратында кәсiпкерлердiң 25 шағымы қабылданған, оның 4-i бойынша қаралу мерзiмi сақталмай ұзаққа созылған. Сондықтан кәсiпкерлердiң өтiнiштерiн қарауда 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2340 «Азаматтардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заң күшi бар ҚР Президентiнiң Жарлығына қарсы келетiн деректер бар.
Аудан әкiмiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту жұмысындағы жоғарыда аталған кемшiлiктерi және осы саладағы көрсеткiштерiнiң төмендеуi республикалық деңгейде тоқсан сайын шығарылатын облыстың шағын кәсiпкерлiктi дамытудағы рейтингтiк бағалауына керi әсерiн тигiзiп отыр.
Ауданда шағын кәсiпкерлiктi дамытуды жандандыру және халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкiмияты ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
Шиелi ауданы әкiмiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту және жаңа жұмыс орнын құру барысындағы жұмысы туралы от 19.03.2002 г. № 192 (Шиелi ауданы әкiмiнiң шағын кәсiпкерлiктi дамыту және жаңа жұмыс орнын құру барысындағы жұмысы туралы)
1. Шиелi ауданы әкiмiнiң (С. Жүсiп) шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi жұмысы жеткiлiксiз болып есептелсiн. Шағын кәсiпкерлiктi дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнiндегi жұмыстарда жiберiлген елеулi кемшiлiктерi үшiн облыс әкiмi Шиелi ауданы әкiмiнiң тәртiптiк жауапкершiлiгiн қарасын.
2. Шиелi ауданының әкiмi (С. Жүсiп) шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту жөнiндегi Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарын және облыс әкiмиятының қаулыларын, 2000-2002 жылдарға арналған облыс әкiмiнiң iс-қимыл бағдарламасын орындауды қамтамасыз ету мақсатында келесi шаралар қабылдасын:
1) Шағын кәсiпкерлiктi дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл округтардағы халықтың iссiз бөлiгiн кәсiпкерлiк жұмысқа тарту бойынша ауыл округтерiнiң әкiмдерiн тыңдау кестесiн бекiтсiн;
2) шағын кәсiпкерлiк инфрақұрылымдарының дамуын қамтамасыз етсiн;
3) өнеркәсiп өндiрiсiнiң, ауылшаруашылық өндiрiсiнiң әртараптандыруына ерекше көңiл бөлсiн және несиелiк серiктестiктер құру мүмкiндiктерiн пысықтасын;
4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен бюджетке түсетiн салықтар мен басқа да төлемдердiң түсуiн бақылау жұмысын күшейту.
3. Аймақтық даму және кәсiпкерлiктi қолдау басқармасына (Қ. Арынов):
1) аудандық шағын кәсiпкерлiктi қолдау бөлiмдерi жетекшiлерiнiң жұмысына бақылауды күшейтсiн;
2) кәсiпкерлердi нарықтық экономиканың негiздерiне оқытып-үйрету мақсатында тұрақты жұмыс iстейтiн курстарды жүргiзу жоспарын жасасын;
3) осы қаулының орындалуы туралы 2002 жылдың 1 тамызына облыс әкiмiне хабарлама тапсырсын.
4. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау облыс әкiмiнiң орынбасары Б. Қуандықовқа жүктелсiн.