Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
238-бап. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы
1. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi:
1) бухгалтерлiк есепке алуды жүргізуден жалтару;
2) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепке алуда көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, бухгалтерлік құжаттамаға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпаратты енгізу, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою;
3) жария ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер сертификаты жоқ адамды тағайындау түрiнде жасалған орындамауы және (немесе) тиiсiнше орындамауы –
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпелер.
1. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жойған жағдайда, лауазымды адам осы бапта көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
2. Осы баптың мақсаттары үшін қаржылық есептілікті бұрмалау деп жиырма айлық есептік көрсеткіштен астам сомаға бұрмалау танылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-238/