Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
239-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу
1. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын:
1) бухгалтерлiк есепке алуды жүргізуден жалтару;
2) құрылтай құжаттарына сәйкес ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына), тiркелу орны бойынша мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға, мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының құзыреттерiне сәйкес оларға, қаржылық есептілік депозитарийіне көрiнеу анық емес қаржылық есептiлiктi ұсыну, қаржылық есептiлiктi ұсынудан бас тарту, белгiленген мерзiмдi бұза отырып ұсыну не оны дәлелді себепсіз ұсынбау;
3) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою;
4) қаржылық есептілікке жария мүдделі ұйымның кәсіби бухгалтер болып табылмайтын бас бухгалтерінің қол қоюы түрінде жасалған бұзушылық –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының операцияларды бухгалтерлік есепте олардың нәтижелерін тиісті түрде көрсетпей жүргізуі –
есепке алынбаған соманың жиырма пайызы, бірақ бір жүзден кем емес және төрт мыңнан аспайтын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
4. Қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының бухгалтерлiк есепке алуды бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша қаржы ұйымдарының қаржылық есептілігін және Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының есептілігін бұрмалауға алып келген, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген талаптарды және бухгалтерлік есепке алу әдістерін (қағидаттарын) бұза отырып жүргізуі –
тиісті түрде есепке алынбаған соманың бес пайызына дейінгі, бірақ бір жүзден кем емес және төрт мыңнан аспайтын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
5. Бухгалтерлердің аккредиттелген кәсіптік ұйымдарының және (немесе) бухгалтерлерді кәсіптік сертификаттау жөніндегі ұйымдардың уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің қызметі туралы есептілікті ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы –
заңды тұлғаларға бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы баптың бірінші, екінші және төртінші бөліктерінің мақсаттары үшін қаржылық есептілікті, бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша есептілікті бұрмалау деп бір жүз айлық есептік көрсеткіштен астам сомаға бұрмалау танылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-239/