Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
358-бап. Су объектілерін және олардағы су ресурстарын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау жөніндегі талаптарды бұзу, сондай-ақ судың зиянды әсерін алдын алу жөніндегі шараларды қабылдамау
1. Су объектілерінің жай-күйіне теріс әсер ететін объектілерді пайдалануға беру талаптарын бұзу –
жеке тұлғаларға –
бір жүз қырық, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –
екі жүз сексен, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне –
төрт жүз тоқсан, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне
тоғыз жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының су заңнамасында айқындалған су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды қамтамасыз ететін іс-шараларды жүргізбеу, жерүсті су объектілеріне санациялауды жүргізбеу, су ысыраптарының көлемін қысқарту, айналымдық және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен (бес жылдан аспайтын) көшу, қолда бар ең озық технологияларды ендіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындамау, сондай-ақ елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын, көліктік инфрақұрылым объектілерін, қауіпті өндірістік объектілерді тасқын және еріген сулардан қорғаудың инженерлік жүйелерін құру және (немесе) оларды су қоймаларын, көл жүйелерін және жерасты сулары кен орындарын толықтыру үшін бұру және (немесе) қайта бөлу жөніндегі шараларды қабылдамау, жерүсті су объектілерінің су жайылған учаскелерінде ормандандыруды жүргізбеу –
жеке тұлғаларға –
бір жүз қырық, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –
екі жүз отыз сегіз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне –
жеті жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне
тоғыз жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға
алып келеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-358/