Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
460-1-бап. Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алу және олардың жұмсалуы туралы мәліметтерді беру тәртібін бұзу
1. Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан,
шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алу туралы мемлекеттік кіріс органдарын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімдерде және жағдайларда хабардар етпеу, сондай-ақ оларды алғаны және жұмсағаны туралы мәліметтерді ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау -
жеке тұлғаларға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтер беру –
қызметке тоқтата тұра отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
қызметке тыйым сала отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – төрт жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-460-1/