Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

754-бап. Куә

Об административных правонарушениях · № 235

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша, егер заңда өзгеше көзделмесе, осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлар өзіне мәлім болуы мүмкiн кез келген адам куә ретiнде шақырылуы мүмкiн.
2. Куә: өзiне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартуға; өз айғақтарының тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығы жөнiнде мәлiмдемелер және ескертулер жасауға; iстi қарау кезiнде ана тiлiнде сөз сөйлеуге; аудармашының көмегiн тегiн пайдалануға құқылы.
3. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге, өзiне iс бойынша мәлім мән-жайдың бәрiн шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге, өзi берген айғақтардың тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
4. Куәға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) айғақтар беруден жалтарғаны немесе одан бас тартқаны, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттердi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi.
5. Куә жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органы (полиция) оны күштеп әкелуі мүмкiн.
6. Он төрт жасқа толмаған, кәмелетке толмаған куәға сауал қою кезiнде педагогтiң немесе психологтің қатысуы мiндеттi. Қажет болған жағдайда сауал қою осындай куәның заңды өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-754/