Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

811-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібі

Об административных правонарушениях · № 235

1. Әкімшілік құқық бұзушылық анықталған және оны жасаған тұлға белгілі болған кезде осы Кодекстің 804 немесе 805-баптарында аталған уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізуді қозғайды, тұлғаға айыппұлды осы Кодекстің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді және қажет болған жағдайда белгіленген үлгідегі түбіртекті табыс етеді. Егер әкімшілік құқық бұзушылық осы Кодекстің 31-бабына сәйкес автоматты режимде анықталса немесе тіркелсе, адамның ескерту немесе белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама тиісінше жеткізілген кезден бастап жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге құқығы бар.
2. Айыппұлды көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда іс мәні бойынша қаралды, шешім заңды күшіне енді, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептеледі. Осы Кодекстің 47-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тараудың қағидалары бойынша қаралған іс қайта қаралуға жатпайды. ҚР Конституциялық Сотының 28.04.2023 № 12 нормативтік қаулысымен 811-бабының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1 және 2-тармақтарына және 14-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп танылды: «іс жүргізілуі қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешім уәкілетті органның лауазымды адамының конклюденттік әрекеттерді жүзеге асыруы: құқық бұзушылық және өндіріп алу туралы хабарлау, деректерді ақпараттық жүйелерге енгізу, қысқартылған іс жүргізу негіздері мен тәртібін түсіндіру, белгіленген үлгідегі түбіртекті беру (қажет болған жағдайда) арқылы ресімделеді. Мұндай әрекеттер жалпы тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз болатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қорытынды акт шығаруға теңестіріледі. Әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптармен тіркелген жағдайда, шешім нұсқама нысанында да болуы мүмкін.»
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқық пайдаланылмаған немесе тиісінше пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібі тиісінше қолданылмаған жағдайда, осы тараудың қағидалары бойынша қаралған істер қысқартылған іс жүргізуді қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде прокурордың наразылығы бойынша жалпы тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-811/