Күшін жойған
·
01.01.2026 редакциясы
428-1-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу
О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI
Жаңа кодексте:
Статья 508. Уплата налога на добавленную стоимость на импортируемые товары методом зачета
сәйкестік: орташа
· толық сәйкестік кестесі
1. Ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын мынадай тауарлар:
1) жабдық;
2) ауыл шаруашылығы техникасы;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;
4) тікұшақтар мен ұшақтар;
5) теміржол локомотивтері мен вагондар;
6) теңіз кемелері;
7) қосалқы бөлшектер;
8) пестицидтер;
9) асыл тұқымды мал және қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық;
10) тірі ірі қара мал бойынша осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын осы бапта айқындалған тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төлейді.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін салық саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Осы тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін тауарлар енгізіледі.
Осы тізбеге Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын, осы тармақтың бірінші бөлігінің 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:
1) одан әрі өткізуге арналмаған;
2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;
3) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінде пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару белгіленген тәртіппен акцизделетін тауарлар бойынша кедендік төлемдер мен акциздер төленген жағдайда қосылған құн салығын іс жүзінде төлемей жүргізіледі.
4. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есепке жазуда және есепке жатқызуда көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының аумағына ішкі тұтыну үшін тауарлар шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, импортталатын тауарларға қосылған құн салығы импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде төленуге жатады.
Бұл ретте:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген малды мәжбүрліктен сою нәтижесінде алынған ет пен ет өнімін өткізу немесе осындай жануарлардың табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы) осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
Малды мәжбүрліктен сою тәртібі мен табиғи кему нормаларын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді;
2) бұрын әкелінген тауарларды кері экспорттаудың кедендік рәсіміне сәйкес әкету;
3) тауарлар шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару;
4) көрсетілген тауарды қалпына келтіру мүмкін емес екенін растайтын құжат болған кезде авария, апат және (немесе) ақау салдарынан тауардың шығуы (есептен шығарылуы) осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
5. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен бастап бес жыл өткен соң өткізу импортталатын тауарларға қосылған құн салығын салуға жатпайды.
Осы тармақтың ережелері импорттау кезіндегі қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждықтары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған аралықта әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін өткізу кезінде де қолданылады.
6. Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне берілген кезде қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақтың ережелері қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждықтары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған аралықта әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін қаржы лизингіне беру кезінде де қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-428-1/