О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) Күшін жойған Кодекс ·№ 120-VI ·25.12.2017
Акт күшін жойған. Мәтін анықтама үшін берілген және қолданыстағы құқық болып табылмайды. Әр баптың орнына не келгенін қараңыз
Күшін жойған · 01.01.2026 редакциясы

584-бап. Жалпы ережелер

О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI

Жаңа кодексте: Статья 643. Общие положения орналасуы бойынша · толық сәйкестік кестесі
1. Өсімдік және орман ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мәтіні бойынша – төлемақы): мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерін қоспағанда, фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық қажеттіліктер үшін жабайы өсетін өсімдіктердің түрлерін дайындау (жинау) кезінде арнайы пайдалану тәртібімен жерлердің барлық санаттарындағы учаскелерде өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін алынады; мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланудың мынадай түрлері үшін алынады:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр мен ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы ағаш ресурстарын дайындау (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, томарларын, тамырларын, жапырақтарын, бүршiктерiн);
4) орманды жанама пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, омарталар мен ара ұяларын орналастыру, бау шаруашылығы, бақша шаруашылығы, бақ шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнімдер, мүктер, орман жамылғы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерін: мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждығы;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерін ағаш және бұта тұқымдас екпе материалдарын және арнаулы мақсаттағы плантациялық көшеттер өсіру үшін пайдалану.
2. Осы тараудың мақсаттары үшін орман пайдалануға Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою да жатқызылады. Табиғи ортадан өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою туралы шешім қабылданған кезде мұндай алып қоюдың көлемдерін, төлемақы мөлшерін және оны төлеу мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі әрбір жекелеген жағдайда белгілейді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде берілетін ағаш кесу билеті мен орман билеті (бұдан әрі – рұқсат құжаты) негізінде беріледі.
3-1. Өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдіктер ресурстарын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төленген және фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық қажеттіліктер үшін жабайы өсетін өсімдіктерді дайындау (жинау) туралы хабарлама жіберілген жағдайда беріледі.
4. Мемлекеттік орман иеленушілер (жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері; орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері және орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның табиғат қорғау мекемелері; көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның және автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары ведомстволық бағыныстылығына сәйкес) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
4-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын есепті тоқсаннан (жылдан) кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің орналасқан жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
5. Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органдар жыл сайын есепті жылдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің орналасқан жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мөлшері осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалатын төлемақыны төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-584/