НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

104-бап. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

тіркеу есебіне қою
1. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қоюға мынадай қызмет түрлерін:
1) бензин (авиациялықтан басқа), дизель отыны, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы, экологиялық отын өндірісін;
2) бензинді (авиациялықтан басқа), дизель отынын, газохолды, бензанолды, мұнай еріткішін, жеңіл көмірсутектер қоспасын, экологиялық отынды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді;
3) этил спиртін және (немесе) алкоголь өнімдерін өндіруді;
4) алкоголь өнімдерін көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді;
5) темекі өнімдерін өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;
6) ойын бизнесін;
7) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес, сондай-ақ өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болған кезде төлем жүргізілген акцизделетін тауарлардың импортын қоспағанда, осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды);
8) тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер жатады.
2. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің тұрған жеріндегі салық органдарында жүргізіледі. Осы баптың 1-тармағының 1) – 5) тармақшаларының мақсаттары үшін салық салуға байланысты объектілер деп мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектісі, мұнай өнімдерінің базасы, резервуар, жанармай құю станциясы, мұнай өнімдерін өндірушімен мұнай және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу шартында (мұнайды жеткізушілер үшін) немесе қосымшада (ерекшеліктер) көрсетілген мұнай және (немесе) газ конденсаты мен мұнай өнімдерінің шығу көлемі, осы баптың 1-тармағының 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын стационарлық және (немесе) қойма үй-жайлары түсініледі.
3. Лицензиялауға жататын қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою тиісті лицензия болған жағдайда лицензияның қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 5) (темекі бұйымдарын өндіруді қоспағанда), 6) – 8) тармақшаларында көрсетілген қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында – қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама) негізінде жүргізіледі.
5. Уәкілетті орган айқындаған салық төлеушілер базасын қалыптастыру тәртібімен белгіленген құжаттармен қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама қызметтің жекелеген түрін жүзеге асыру басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей салық органына ұсынылады.
6. Салық төлеушіде осы баптың 1-тармағының 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын бірнеше салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілер болған кезде әрбір салық салу объектісі мен салық салуға байланысты объектіні тіркеу есебі жеке-жеке жүргізіледі.
7. Салық төлеушіде бірнеше ойын мекемелері болған жағдайда тіркеу есебіне қою әрбір ойын мекемесі бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады. Ойын мекемесінің аумағында салық органдарында тіркелмеген салық салу объектілерін және салық салуға байланысты объектілерді пайдалануға және олардың болуына тыйым салынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-104/