Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
12-бап. Сыйақы
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Сыйақы деп мыналар танылады:
1) кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша сыйақы;
2) қаржы лизингі шарты бойынша сыйақы;
3) салым (депозит) бойынша сыйақы;
4) жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы;
5) вексель бойынша сыйақы;
6) репо операциялары бойынша сыйақы;
7) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
8) исламдық жалдау сертификаттары бойынша сыйақы;
9) банктік шот шарты бойынша сыйақы.
2. Кредитке (қарызға, микрокредитке) байланысты барлық төлемдер:
1) қарыз берушіге;
2) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша талап ету құқығы берілген, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаға;
3) қарыз алушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша мыналар сыйақы болып табылмайды:
1) кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) төленуге жататын (алынған) сомасы;
2) валюта бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын (алынған) кредит (қарыз, микрокредит) сомасын түзету (индекстеу);
3) екінші деңгейдегі банктердің ақша аударғаны үшін комиссия.
3. Қаржы лизингі шарты бойынша мүлікті беруге байланысты барлық төлемдер:
1) лизинг берушіге;
2) лизинг алушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер қаржы лизингі шарты бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте қаржы лизингі шарты бойынша мыналар сыйақы болып табылмайды:
1) осындай мүлік қаржы лизингіне алынған (берілген) құн;
2) қаржы лизингі шартының талаптарына сәйкес коэффициентті (индексті) қолдану кезінде лизингтік төлемдер мөлшерінің өзгеруіне байланысты төлемдер.
4. Салым (депозит) бойынша барлық төлемдер:
1) салымшыға (депозиторға);
2) салымды (депозитті) қабылдаған тұлға үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер салым (депозит) бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте салым (депозит) сомасы салым (депозит) бойынша сыйақы болып табылмайды.
5. Жинақтаушы сақтандыру шартына байланысты барлық төлемдер:
1) сақтандырушыға;
2) сақтанушы үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте сақтандыру сомасының мөлшері жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақы болып табылмайды.
6. Борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не борыштық бағалы қағаздар бойынша купон түріндегі төлемдер (борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан сыйлықақыны ескере отырып):
1) борыштық бағалы қағаздарды ұстаушыға;
2) сыйақы төлейтін тұлға үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы болып табылады.
7. Вексель бойынша барлық төлемдер:
1) вексельдерді ұстаушыға;
2) вексель беруші үшін өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға жүзеге асырылған жағдайларда, мұндай төлемдер вексель бойынша сыйақы болып табылады.
Бұл ретте вексельде көрсетілген сома вексель бойынша сыйақы болып табылмайды.
8. Репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі төлемдер репо операциялары бойынша сыйақы болып табылады.
9. Исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер исламдық жалдау сертификаттары бойынша сыйақы болып табылады.
10. Банктің банктік шот шартында көзделген кірісті төлеу жөніндегі шығыстары банктік шот шарты бойынша төленетін сыйақы болып табылады.
11. Сыйақының осы бапта белгіленген анықтамасы қай мемлекеттің заңнамасына сәйкес туындайтынына қарамастан қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-12/